KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 7 м/с, С
444.22 476.38 4.82

Еліміздегі ең ірі көлдер

29.01.2018, 12:13 3 549

Жуырда туристерге арналған отандық «visitkazakhstan.kz» сайты еліміздегі көлдер туралы танымдық материал жариялады. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат тарататын аталмыш портал Қазақстанда 48 262 көл бар дей келе, солардың ең ірілері туралы қызықты мәліметтер ұсыныпты. Атап өтерлік жайт, ондықтағы төрт көл біздің өңір аумағында толық немесе жартылай орналасқан.


Каспий теңізіЕуропа мен Азия аралығында орналасқан жер шарындағы ең үлкен тұйық көл. Үлкендігіне қарап қана оны «теңіз» деп атайды. Каспийдің жалпы ауданы – 371 мың км2. Суы бес мемлекеттің жағалауын шайып жатыр. Жағалау сызығының Қазақстан үлесіне 29%, Ресейге 9%, Әзірбайжанға 20%, Түрікменстанға 21%, Иранға 14% тиеді. Каспий теңізіне 130-ға жуық өзен құяды, ірілері – Еділ мен Жайық.


БалқашҚазақстанның оңтүстік-шығысындағы тұйық көл. Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарының шегінде жатыр. Ауданы – 16 мың км². Ең терең жері – 26 метр. Іле, Қаратал, Лепсі, Ақсу өзендері құяды. Басарал мен Тасарал сынды ірі аралдары бар. Сол маңдағы тұрғындардың айтуынша, көл өте балықты, ал аралдарында неше түрлі аңдар көп. «Балқаш» атауының пайда болуы туралы халық арасында әртүрлі аңыздар тараған.



Арал теңізіҚазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан ірі көл. Теңіз өткен ғасырда ауданы жағынан (68 мың км2) әлемде төртінші орында болатұғын, бірақ 1960 жылдардан бастап суы азайып барады. Қазіргі аумағы – 14 мың км2. Арал теңізі бұрын Каспий теңізіне қосылып жатқан. Бұған теңіздің терістік бетінен бағзы замандарда өмір сүрген балық, ұлу сүйектерінің табылуы дәлел.



Солтүстік Арал теңізі (Кіші Арал) – Арал теңізінің шағын солтүстік бөлігі. Аумағы – 3300 км2. 2006 жылы Аралдың солтүстік бөлігіне салынған Көкарал су бөгеті аяқталды. Сол бөгет ұстап тұрған теңіздің солтүстік бөлігі Кіші Арал деп аталады. Қазір Кіші Аралда 25 миллиард текше метр су бар. Белгілі межеден асқан су әрі қарай Үлкен Аралға кетеді. Жағалауы құмдауыт.



АлакөлАлматы және Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан тұйық көл, ең ғажайып көлдердің бірі. Сонымен қатар, бұл өлкеге денсаулығын түзеткісі келетіндерден басқа, теңдесі жоқ көлде шомылуды және балық аулағанды ұнататындар келеді. Аумағы – 2200 км2. Ең ірі шығанағы көлдің оңтүстік-шығысында орналасқан.



ЗайсанОңтүстік Алтай және Сауыр, Тарбағатай жоталары арасындағы ойыста жатқан тұщы көл. Аумағы – 1810 шаршы метр. Жағалауы жайпақ. Жоғарғы деңгейі мамыр-маусым айында, төменгісі қыста байқалады. Қараша-сәуір айларында мұз құрсанып жатады. Зайсанға Қара Ертіс, Көкпекті, Жарма, Кендірлік өзендері құяды да, Ертіс ағып шығады.



ТеңізАқмола облысы Қорғалжын ауданында орналасқан көл. Солтүстік-Орталық Қазақстандағы ірі тұзды су қоймаларының бірі. Аумағы – 1590 шаршы метр. Көл үлкен батыс бөліктен және солтүстік-шығыстағы шығанақты бөлігінен тұрады. Түбі жайпақ, тегіс, негізінен емдік қасиеті бар тұнбадан тұрады. Желтоқсанда қатады, мұзының қалыңдығы 1 метрге жетеді, сәуірде ериді.



СілетітеңізСолтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында орналасқан тұзды көл. Ауданы – 750 км2. Жағалауында көптеген шығанақтар, түбектер бар. Көлге Сілеті мен Жолақсай өзендері құяды. Жағалауы негізінен жусанды-бетегелі, сортаң шөптесінді. Жайлым үшін пайдаланылады.



СасықкөлАлматы облысы Алакөл ауданы мен Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы жерінде орналасқан көл. Ауданы – 730 км2. Қарашаның аяғында қатып (ақпандағы қалыңдығы – 60 см), сәуірдің бас кезінде мұзы ери бастайды. Көктемде су деңгейі көтерілген кезде Ұялы көлімен (Алакөл мен Сасықкөл аралығында) жалғасып кетеді.



МарқакөлШығыс Қазақстан облысында орналасқан әдемі көлдердің бірі. Көл Азутау және Күршім жоталарының аралығында, теңіз деңгейінен 1500 метр биіктікте орналасқан. Суының мөлдірлігі мен көлді айнала қоршаған биік шыршалы таулар керемет көрініс береді. Аумағы – 455 шаршы шақырым. Көлге жүзге жуық шағын өзен-бұлақтар келіп құяды, бірақ одан бір ғана Қалжыр өзені бастау алады. Көлге құятын өзендердің ірілері – Қарабұлақ, Матабай, Жиренбайтал.



 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив