KZ
Өскемен
+9°
переменная облачность жел 7 м/с, Ю
448.15 483.46 4.86

Аяз бір жақтан, көмір екінші жақтан қысты

29.01.2018, 04:21 156

Облыс орталығындағы  көмір бөлу қоймаларында тағы да көмір тапшылығы туып отыр.  Өскемендегі «ВЭУС» ЖШС  нің Сол жағалау ықшам ауданындағы көмір қоймасына келгендерге қазір көмір үш тоннадан ғана босатылып жатыр. Тапшы болған тас көмірдің тасымал бағасы мен сапасы да тұрғындар наразылығын тудыруда.


КӨМІР ҮШ ТОННАДАН ҒАНА БОСАТЫЛЫП ЖАТЫР


Көмір сатумен айналысатын «ВЭУС» ЖШС нің Өскемендегі Сол жағалауда, Зырянда және қала маңындағы Предгорный кентінде үш көмір қоймасы  бар. Қазіргң күні Өскемендегі қоймадан тиеліп, жөнелтіліп жатқан көмір көлемі  былтырғы жылғы сатылған көмір мөлшерінен әлдеқайда асып кеткен. Бұл қоймадан көмірдің тоннасы  8 мың 50 теңгеден босатылып жатыр. Серіктестік директорының айтуынша көмір бағасы бір жылдан бері өзгермеген.


Иван Тимофеев, «ВЭУС» ЖШС нің  директоры:


-Көмір неге тапшы, неге аз деген сауалдарға біз емес, «Қаражыра» кеніші жауап беруі керек. Сіздер көмір неге жоқ екенін «Қаражырадан» барып сұраңыздар. Біз алдын ала төлем жасағанбыз, тапсырыс бергенбіз. Темір жол тасымалы үшін де, көмір тасымалы үшін де алдын ала төлем жасап отырмыз. Бірақ біз сұраған тапсырыс толық орындалмай отыр, себебі неде екенін мен білмеймін. Келісім бойынша кеніш көмірді толық жөнелтіп отырған жоқ. Бізге әзірге ешқандай себебін де айтқан жоқ. Кеше осында келген барлық машианалар тиелді. Көмір күніне 2-3 вагон ғана әкелініп жатыр, келісім бойынша 3-4 вагон жіберілуі керек. Бұған дейін де әрқалай жеткізіліп келді.  Бұл аязбен байланысты ма, жоқ әлде кеніштен қазылған көмір жоқ па, ол жағын айта алмаймын. Кеніш келісім бойынша біздің 14 тұйыққа    18  вагон беруі керек, кеше 11 вагон ғана берді. Біз көмірді тек «Қаражырадан» ғана аламыз. Қазір басқа екі қоймадағы жағдай да осындай, көмір аз. Сондықтан халықты неғұрлым көбірек қамтуға тырысып  күніне бір тұлғаға үш тоннадан ғана босатуға, бөлуге мәжбүр болып отырмыз.


Қойма алдына көмір сатып алу үшін кезекке тұрған ел көмірдің жетпей жатқанын ғана емес, сапасы нашар, тасымалы қымбат екенін де айтты.


САПАСЫЗ ОТЫН ӘУРЕГЕ САЛДЫ


- Күзде де осы жерден Қаражыраның көмірін сатып алғанбыз, сапасы өте нашар болып кетті, тас, құм араласқан. Осыған дейін сегіз тонна көмір алғанбыз, сізге өтірік, маған шын үш тоннасын лақтыруға тура келді. Біз Қасым Қайсенов кентінен келіп тұрмыз, өзім кәсіпкермін, «СТО» қызметін көрсетеміз, қызметімізде  қыста көмірді көп пайдаланамыз. Мына тұрған 10 шақырым жердегі  кентке дейін үш тонна көмір тиеп апару үшін бір машинаға 15-20 мың теңге сұрап тұр  машиналар. Көлікке көмірден екі есе артық ақша төлеуге тура келеді, үш тоннадан артық бермейді, сонда бір ауылға үш тонна көмір апару үшін бір машина жалдап шығынданып жатыр ел, бұл жерге жергілікті билік, салық органдары тарапынан тексеру, қадағалау жүргізілсе деймін.   Үйге үш тонна көмір апару үшін тағы да үш тонна көмірдің ақшасын осы тұрған машиналарға төлейміз. Үскірік аяз қысқан сайын  көмір тасушылар тасымал бағасын үсті үстіне көтеріп, көмір жеткізуді қып қызыл ақшаға айналдырып алғандай. Бұл жерде 30-40 машина күн сайын кезекке тұрады, қыркүйектен бері  жағдай осындай,- дейді Қасым Қайсенов кентінен көмірге келген  Сайран Байұзақова.


Қасым Қайсенов кентінен келген кәсіпкердің сөзін Сол жағалау тұрғыны Марат Өмірәлинов жалғап, үш күннен бері кезекке тұрып, көмір ала алмай жүргенін айтты. Айтуынша қоймаға күніне 10-20 машина ғана кіре алады. Осы маңдағы үйге үш тонна көмір апару үшін  көлікке 12 мың теңге төлеймін дейді.


Редкацияға Красин кентінен аты, жөнін, мекенжайын айтып телефон соққан тұрғынның бірі  тасымалы қымбат болса да сол отынға (әлеуметтік)  бір айдан бері қолы жете алмай  отырғанын хабарлады. (Қазір редакция қала тұрғынының әлеуметтік көмірді не себепті  сатып ала алмай отыруын анықтауда.)  Ал, таяуда трамвай мәселесіне байланысты өткен жиында қала әкімінің орынбасары Ержан Қоңырбаев өскемендіктердің  көмірге қатысты мәселесі өткен жылда қалғанын,   қала кенттеріндегі, ықшам аудандарындағы жеке меншік үйлер көмірмен толық қамтамасыз етілгендігін, Защита және Базовая көшесіндегі екі темір жол тұйығындағы көмір қоймаларына қалалықтардың 232 мың тоннаға берген тапсырысы түгел жеткізіліп, сатылғанын, оған қоса «Қаражыра» кенішімен жасалған меморандум бойынша  35 мың тонна көмір жеткізіліп берілгенін, соның ішінде көмірмен қамтамасыз етілмей қалған тұрғындардың өзіне де жекелей көмек көрсетіліп, көмірмен қамтылғанын баяндаған болатын.


Қаладағы №4 жергілікті өзін -өзі басқару комитетіндегілердің айтуынша Өскемендегі әлеуметтік көмір алатын отбасыларға    көмір жоғарыдағыдан біршама төмен бағамен жеткізіліп беріліп жатыр.   Қала тұрғындарына: зейнеткерлер мен мүгедектерге, көп балалалы отбасыларға қазір әлеуметтік көмір  6 тоннаға дейін беріліп келеді.


Күннің жылынатын түрі жоқ. Жұртты  аяз бір жақтан, көмір екінші жақтан қысып тұр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив