KZ
Өскемен
+22°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, З
447.4 477.55 4.76

Абай мен Шәкәрім шығармаларын орыс тіліне аударған ғалым

24.01.2018, 04:00 204

Мұрат Сұлтанбеков қазақ халқының маңдайына біткен талантты ұлдарының бірі, абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты.  Қазақстан Республикасына ғана емес, кешегі Кеңес Одағының көптеген республикаларына шығармаларымен жақсы таныс ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, филология ғылымының кандидаты, бүгінде алдынан талай шәкірт түлетіп ұшырған ұстаз Мұрат Рахымжанұлы Сұлтанбеков бүгінде 80 жасқа толып отыр.


Қазақ әдебиетінде том-том шығармалар жазылып, тағы соншасы орысшаға аударылып жатыр, бірақ Абай мен Шәкәрімді орыс тіліне өз деңгейінде аударған аудармашы-ақындар некен саяқ. Солардың ішінде Мұрат Рақымжанұлының алар орны айрықша.


-Әдебиетке бала кезімнен құштар болдым,-дейді Мұрат аға,-әкем Рахымжан мен анам Күлзия Абай елінің тумалары. Менің бала кезімде ауылымыз Шыңғыстау болысы деп аталатын, отбасымызда Абай, Шәкәрім әндері насихатталып, өлеңдері оқылып жататын. Тіпті кейінірек тоғызыншы сыныптан кейін, сыныптастарымммен бірге, 16 жасымда Тәжікстандағы  Ленинабад, қазіргі Ходжакент қаласына әскери-әуе күштерінің жасөсіпірмдерге арналған мектебіне оқуға түскен кезімде де туған жерімнің, Абай ауданының самал желін аңсаған кезім көп болды. Сол кезден бастап, ауылымды сағынып, орысша өлеңдер жазуды қолға алдым. Сабақ та, жұмыс та барлығы орысша болды. Сонымен бір жарым жыл шет жерде шынығып, өмір көрдім, бірақ «анаң науқас» деген хабар алысымен ауылға қарай құстай ұшуыма тура келді.

Мұрат Сұлтанбеков 1938 жылдың 28 қаңтарында Семей қаласында дүниеге келген. Мектепті бітірген бойда Мұрат Рақымжанұлы өзі айтқандай Тәжікстанның Ленинабад қаласындағы ұшқыштар мектебіне оқуға түседі.



-Мұрат аға қарапайым адам, біз түрлі жиындарға, шараларға шақырсақ, бас тарптпай, бірден келіп қатысады,-дейді Абай атындағы әмбебап кітапхана ұжымының қызметкерлері,-ағаның өмірі де керемет. Алғаш рет жас кезінде алыстағы анасына, туған үйге деген сағынышы өлең болып өріліп, қағаз бетіне түседі. Өзі дүниеге келген Семейіне, ерке Ертіске, балалық шақты тай-құлындай тебісіп бірге өскен достарына деген сағынышы күннен-күнге ұлғайып, жыр жолдарына айнала берді. Осылайша,  жыр әлемі оны ерекше сыйқырлы күшке баурап ала жөнеледі. Ең алғашқы өлеңдері орыс тілінде жазылып, жарық көре бастаған.  Мұрат Рақымжанұлы Абай атындағы кітапхананың құрметті оқырманы, кітапхана қорында ақынның «Хан Абылай и его батыры»,  «Дагестан»,  «Иртышский остров» «Абай и Шакарим в ХХІ веке» және т.б кітаптары мен мақалалары жинақталған. Кітапхана ұжымы ақын ағамызды 80 жасқа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық және шығармашылық табыстар тілейді.



Туған елге оралысымен Мұрат Сұлтанбеков орта білімін жоғары оқу орнына жалғастырып, Семей мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Кітап дегенде ұйқыны да, күлкіні де ұмытып, ғылым жолына біржола беріледі. Өзіндік әдеби қабілеті, ғылыми көзқарастары қалыптасты.


Болашақ ғалым, журналист, аудармашы Мұрат Сұлтанбековтің биіктерден көрінуіне тәжірибелі ұстазы, Абайдың ақындық мектебін зерттеуші, Мұхтар Әуезовтің шәкірті, абайтанушы және шәкәрімтанушы Қайым Мұхамедханұлының ықпалы зор болғанын айта кеткен жөн. 1-курсты тәмәмдаған бойда Қайым Мұхамедхановтың ықпалымен, сол кезде эксперименталды жоба ретінде ашылған кең профильді оқыту бөліміне оқуға ауысады.  Курстық жұмыс ретінде Ақылбай Абайұлының  «Дағыстан» поэмасын шеберлікпен аударып шығады. Кейіннен осы аудармаға орыс ақыны Я.Смеляков «жоғары деңгейдегі аударма» деп әділ бағасын береді.


-Шіркін-ай, қандай жылдар  еді десеңші,-деп сағына еске алады сол күндерді Мұрат аға,-ең алғаш рет ұстазым Қайым Мұхамедхановпен таныстым. Не деген білімді, тәрбиелі, зиялы адам еді?!  Ол маған орыс тілінде көбірек жаза беруімді сұрады. Себебі Абайды орыс тілінде сөйлетіп, шығармаларын орыс тілді аудиторияға таныстыруымыз керек болды. «Мына орыс халқы Абайды білмейді, оқи алмай отыр. Ал біз Пушкинді, Дюманы, Бальзакты өз тілімізде оқи аламыз. Егер Абайды орысша аударсақ, қазақ халқының тарихы, әдебиеті, ұлттық құндылықтары тұтасымен жан-жаққа дәріптелер еді, бұл сенің ұлтқа жасаған жақсылығың, сіңірген еңбегің болар еді» деп Қайым аға жиі айтып жүрді. Сөйтіп менің орыс тілінде жазатын шеберлігімді шыңдап, қолдай түсті.

Қайымның кеңесімен Мұрат Сұлтанбеков сол жылдары аудармамен көп айналысты. «Русло  жизни» деп аталатын тұңғыш пьесасын өмірге әкелді.  Бейімбет Майлиннің «Жалбыр» спектаклін орысшалаған соң, оны театр ұжымы Мәскеуге апарып қойған еді. Семейдегі пединституттан кейін  Мұрат Сұлтанбеков Мәскеу пединститутына жолдама алады. Мәскеуде оқып жүрген кезінде әскери борышын өтеуге шақырып, 1962-1964 жылдары Тынық мұхиты флотында жүрген Мұрат ағаның қолынан қаламы бір сәтте түспеді. Осыған орай кейінірек «Синий меридиан» деп аталатын матрос өмірінің повесін де жазады. Эдуард Колмановскидің әніне жауап жазу арқылы туындаған  «Ждите, ждите родные девчата» әні бүкіл Одаққа танымал болады. Мәскеу, Алматы орталық радиолары үнемі оның әнін беріп жататын. Армиядан келген соң Мұрат аға абайтану саласындағы ғылыми ізденістерін жалғастыра бастайды. Өзінің үнемі барып жүретін Н. Гоголь атындағы кітапханасында бір күні  жары Күлзада Мағауия қызын кездестіріп қалады. Жастайынан тынбай ізденісте болғандығынан Мұрат аға «Абай поэмалары» тақырыбында кандидаттық диссертациясын да қорғайды. Студеттік шағында әндерге сөз жазып, сонымен қатар өзін драматургия саласында да шыңдай бастайды. «Түлектер жыры» әні және «Өмір арнасы» атты тұңғыш пьесасы дәл осы тұста жарық көрген.


-Қайыммен 50 жыл бойы дос болдым,-деп есіне алады Мұрат аға,-сол кісінің айтуымен Аттила тақырыбында көңіл аудардым. Кейінірек  Тәуелсіздік алғаннан кейін Шәкәрімнің ұлы Ахат та ортамызға оралып, Шәкәрімнің шығармаларын да орыс тіліне аударуды қолға алдым. Әзілхан Нұршайықов пен де жақын араластым.

Бүгін де талантты аудармашы, ғалым Мұрат Сұлтанбеков алаштану тақырыбына ден қойыпты. Және қазақ тілінде де өлеңдерін шығарып, шығармашылықпен айналысуда, «Синий меридиан. Алашорда. Аттила» сияқты және тағы басқа да кітаптардың авторы. Осы еңбегі үшін Халықаралық Аттила медалімен марапатталған. Және Ресей жазушылар Одағының дипломы сияқты марапаттарға да ие болыпты.



Алғаш бүкілодақтық танымалдыққа 1962 жылы тынық мұхит флотында әскери борышын өтеп жүрген уақытта К.Ваншенкиннің «Мы вас подождем» (Біз сендерді күтеміз) атты әніне жауап жазу арқылы ие болдым, дейді Мұрат аға. Ән бүкілодақтық және республикалық радиолардан таратыла бастайды.


Бүгінде жазушы Күлзада жеңгей екеуі  ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, бала-шағаларының, немерелерінің қызығын көруде. Айта кету керек, Күлзада апай пединститутты бітіріп, №35 мектепте ұзақ жылдар қазақ тілі мұғалімі болды. Қазір зейнет демалысында, Мұрат аға екеуі бес баланың, оншақты немеренің ата-анасы.


- Мұрат аудармашылықпен қоса, драматургия саласында да жемісті еңбек етті,-деді жұбайы Күлзада Сұлтанбекова,-көп актілі «Аттила» тарихи пьесасын жазып, аталған пьесасы үшін «Аттила» атындағы халықаралық медальмен марапатталды. Семейдің Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалы драма театры жазушының «Жұлдызды аспан» пьесасын екі тілде сахналады. Үйде 80 жасқа келдім-ау деп бос отырмайды, шығармашылықпен айналысып, содан бір сәт қол үзбегенді жөн көреді.


 


Қазақстан Республикасына ғана емес, кешегі Кеңес Одағының көптеген республикаларына шығармаларымен жақсы таныс ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, филология ғылымының кандидаты, бүгінде алдынан талай шәкірт түлетіп ұшырған ұстаз Мұрат Рахымжанұлының қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар тұлға.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив