Өскемен
-19°
туман ветер 1 м/с, С
459.92 501.31 6.62

Трамвайлар мемлекет меншігіне алынуы мүмкін

23.01.2018, 03:39 21 0

Осыған дейін жазылғандай электр энергиясымен қамтушы «Шығысэнерготрейд» ЖШС өзіне 70 млн теңге қарыз болып отырған  «Өскемен қаласының трамвай паркі» ЖШС не 23 қаңтардан бастап электр энергиясын беруге шектеу қоятындығын хабарлаған болатын. Кеше Өскемен қаласы әкімінің орынбасары БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, трамвайлардың жүру уақыты шектелген күнде қала тұрғындарының қоғамдық көліксіз қалмайтынын, трамвайлардың орнына жаңадан автобус бағыттары шығарылатынын айтты.


-Бұл мәселе бүкіл 2017 жыл көлемінде көтеріліп, шешімін таппай  келе жатқанын білесіздер. Трамвай паркінің құрылтайшылары: Анатолий Успенский ( 51 пайыз үлесімен) мен «Шахаман» ЖШС (49 пайыз) болып отыр, трамвай паркінің иелері осы тұлғалар. Осыған дейінгі трамвай паркіне электр энергиясын беруге қойылған бірнеше шектеулерді екі жақты келісімдер негізінде шешіп, ұзартып келдік. Қазір қала бойынша үш бағытта жүретін трамвай маршруттарында барлығы 11 трамвай вагоны жүріп жатыр. Осы трамвайларға иелік етіп отырған шаруашылықта қалыптасқан ішкі күрделі  қаржылық мәселелер «Шығысэнерготрейд» ЖШС алдындағы қарыздардың қордалануына әкеліп соғып отыр. Трамвай паркі тек «Шығысэнерготрейд» ЖШС на ғана емес, бірнеше жыл бұрын несие алған ЦентрКредит банкіне 406 млн. теңге, салық қызметіне 102 млн. теңге көлемінде қарыз. Қазір трамвай паркінің осы қарыздарына  байланысты сот істері жүріп жатыр. Бірақ,  қазір  қаладағы қоғамдық көлік мәселесі ушығатындай дүрбелең туып отырған жоқ,- деген Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ержан Қоңырбаев трамвайларға шектеу қойылған жағдайда олардың орнын автобустар алмастыратынын, облыс орталығындағы автобус парктерімен қосымша автобус маршруттарын жасап отырғандарын айтты. Қала әкімінің орынбасары сонымен бірге  энергиясын шектеу шарасы 16 ақпанға дейін ұзартылатынын жеткізді.

Өскемен қаласы әкімінің орынбасары қала тұрғындарының алаңдауына негіз жоқтығын, шектеу енгізілген жағдайда қосымша бағыттарға шығарылатын автобустар дайын тұрғанын, тасымалға  кез келген уақытта шыға алатынын жеткізді.      Өскемен вокзалы-Защита бағытына қатынап жатқан  №3 трамвайдың жолы бағытына №15 –ші жаңа автобус шығады, бұл автобус түнгі сағат 23.00 ге дейін жүрмек. №27 автобус Мызы көшесінен бастап, «Өнеркәсіптік алаңға» дейінгі трамвайлар жолдары бағытында  жүріп, өзінің бағытын біршама  өзгертеді. Автобустар таңғы сағат 5.30 дан бастап жүреді.


Қазіргі күні трамвай паркінде 212 адам жұмыс істеп жатыр. Парк директорының жергілікті билікке берген ақпараты бойынша жұмысшылардың еңбекақысы бір ай шамасында ғана кешіктіріліп беріліп жатқан көрінеді.


1997 жылы жекешелендіріліп, жеке меншіктің қолына көшкен трамвай паркін қиын жағдайдан құтқару үшін оны мемлекет меншігіне сатып алу шаралары да жасалып жатыр.


-Трамвай паркі «Шығысэнерготрейд» ЖШС алдындағы қарызын ақырындап, 2-3 млн. теңгеден қайтарып жатыр. Бірақ қатталып қалған басты қарызы қайтарылмай отыр. Біз қазір «Шығысэнерготрейд» ЖШС мен жұмыс істеп жатырмыз. Жуықта трамвай жолдарын тексеріп, олардың да қатты тозып, нашар жағдайда тұрғанын анықтадық. Қорыта айтқанда трамвай паркінің жағдайы аса ауыр. Сол себепті қазір біз трамвай паркі активтерін  кезең -кезеңмен мемлекет меншігіне алу шараларын жүргізіп жатырмыз. «Ертіс» ӘКК алдағы уақытта трамвай паркінің барлық активтерін сатып алуы тиіс,-деді баспасөз мәслихатында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әсет Сұлтанов.


 


 


 

Біздің Instagram-ға жазылыңыз

Жаңалықтарды жылдамырақ көріңіз

Жазылу

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив