KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 2,6 м/с, ОШ
447.4 477.55 4.76

Алтайды аяз буып тұр

22.01.2018, 11:58 170

Облыстың 12 ауданы мен Өскемен, Семей, Курчатов қалаларында қатты аязға байланысты оқушылар сабақтан босатылды. Қазір өңірде жедел штаб құрылып, облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.


Кеше Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Глубокое, Аягөз аудандарының мектептерінде бірінші ауысымда оқитын 1-9 сыныптардың оқушылары оқыған жоқ. Ал ауа температурасы -35 градустан төмендеген Зырян, Шемонайха, Бородулиха, Жарма, Бесқарағай аудандары мен Курчатов қаласындағы білім ошақтарында бірінші ауысымдағы 1-11-сыныптардың оқушылары және колледждің 1-2 курс студенттері, сондай-ақ Көкпекті, Абай, Катонқарағай аудандарында 1-4-сыныптардың оқушылары мектепке барған жоқ.


Қақаған аяздың кесірінен Өскемен, Курчатов, Риддер қалалары мен Көкпекті, Катонқарағай, Глубокое, Аягөз,  Бородулиха, Жарма аудандарында екінші ауысымда оқитын кейбір сыныптардың оқушылары да сабақтан босатылды.


Облыстық білім басқармасының «bilimvko.gov.kz» сайтында көрсетілген мәліметтеріне сүйенсек, қыс мезгілінде желдің күші секундына екі метр жылдамдықта соғып, сынап бағанасы -28 градустан төмен болған жағдайда 1-4-сыныптардың оқушылары сабақтан босатылады. Егер желдің күші секундына екі метр болып, сынап бағанасы -32 градусты көрсетсе, 1-9-сыныптардың оқушылары мектепке бармайды. Сондай-ақ желдің күші секундына екі метр болып, сынап бағанасы -34 градусқа дейін төмендесе, 1-11-сыныптардың оқушылары мен колледждің 1-2 курс студенттері сабақ оқымайды.


«Қазгидромет» мамандарының болжамына сүйенсек, қаңтар айының 22-сі мен 26-сы аралығында облыста аяз күшейіп, түнде ауа температурасы -40 градусқа дейін төмендейді. Құтқарушылар тұрғындарға алыс жолға шықпауды және далада абай болуды ескертеді. Халықты құлақтандыру үшін қазір ұялы телефондарға 112-ден хабарлама жіберіліп, облыстық төтенше жағдайлар департаменті сақтық шараларын күшейтті.


-Осындай кезде облыс тұрғындарының бір-біріне қол ұшын бергені абзал. Көлігі бар адамдар жаяу жүргіншілерге жақсылық жасап, оларды баратын жеріне дейін жеткізіп тастауға көмек берсе дейміз. Өйткені жақсылық жасауды әр адам өзінен бастау керек, - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті маманы Анастасия Скляр.

Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, облыс тұрғындарын сарышұнақ аяздың беті қайтқанша лажы болса алыс жолға шықпауға кеңес беріп отыр. Әсіресе, дизельмен жүретін көлігі бар адамдарға абай болған жөн.


-Таңертең аялдамада автобус күтіп көп тұрып қалдым. Үскірік аяз әп-сәтте аяқ-қолымды мұздатып жіберді. Осындай кезде автобустар да сирек жүреді. Кешке жұмыстан жайырақ шықсаңыз сақылдаған аязда жарты сағатқа дейін қоғамдық көлікті күтуге тура келеді. Сондықтан босқа үсіп тұрғанша өз басым такси шақыра саламын, – дейді Өскемен қаласының Ахат Күленов ауданында тұратын Ләйлә есімді тұрғын.

Автобус демекші, ақшұнақ аяз жолаушылар тасымалдаушы компанияларға да оңайға соғып тұрған жоқ. Қалааралық немесе ауданаралық бағыттарға жүретін тасымалдаушыларды айтпағанда, қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктердің де бұл кезде қатары сиреп кететіні сондықтан екен.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив