KZ
Өскемен
+23°
переменная облачность жел 6 м/с, ОШ
440.9 475.95 4.82

Үржардың жетістіктері жетерлік

19.01.2018, 10:27 154

Міне, ескі тауық жылын шығарып салып, жаңа ит жылын қарсы алдық. Тауық жылы не берді? Өткен жылға көз жүгіртіп қарасақ, ауданымызда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер аз болмапты. Жыл жетістіктері мен жылдың ауданымызға жасаған жаңалықтарына шолуымды ұсынамын.


Қабанбайға ескерткіш ашылды


Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесі аясында ауданымыздың орталық алаңында біртуар қазақтың ұлы, ірі қолбасшы, қоғам және мемлекет қайраткері, тұңғыш елші, хан батыр – Қаракерей Қабанбай батырымызға арналған еңселі ескерткіш бой көтерді. Батыр ескерткішінің биіктігі 10 метр, гранит тастан қашалып жасалған. Осы орайда, хан батырға арналған ескерткіштің Үржардағы рухани жаңғырудың бастамасы болды деуге толық негіз бар. Олай дейтініміз, ескерткіштің тұрғызылуына мұрындық болған, өз қаржысына орнатып берген Құсман Кәрімұлы Шалабаевқа аудан халқының алғысы шексіз.


Жоба авторлары батырдың бейнесіне ерекше назар аударған. Өйткені шайырдың бейнесі әдеттегідей аттың үстінде емес, қасқайып тік тұр. «Жер-жерде атпен тұрған батырлардың барлығы бір-біріне ұқсас, ажырата алмаймыз. Тек батыр деген аты ғана. Тіпті ат пен батырдың бейнесі бір-біріне сәйкес келмейді. Сондықтан біздің ескерткішке берген образымыз, соңғы түйіндеген ойымыз – білектің күші, найзаның ұшы. Осындай әсермен жасалған образдық дүние болып шықты» - деді жоба авторы Құсман Шалабаев.


Еліміздің інжу- маржаны Алакөл


Биыл Алакөл «Үздік туристік нысан-2017» аталымын иеленді. Жыл өткен сайын Алакөл аймағы­ның туристік әлеуеті артып, алыс-жақын шетелден қысқа, ұзақ мерзімге демалып қайтуға келетін қонақтардың қатары одан да көп болды.


Естеріңізде болса, былтыр облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ Алакөлді аймақ мақтанышына айналдыру мақсатында алғаш рет бюджеттен 500 млн. теңге қаражат бөлінген.


Нәтижесінде облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа жолдар жөнделіп, жарықтандыру жүргізілді. Сондай-ақ, жағажай, арбат, автобекет абаттандырылып, автотұрақ жасалды. Бір гектар жерге демалыс саябағы салынды. Одан бөлек полиция және медициналық пункттер салу, көшелерге бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары да қолға алынған болатын.


Қысқасы, Алакөлдің туристік әлеуеті артып келеді. Мұнда дема­лу­шыларға барлық жағдай жасал­уда. Биылғы жылға облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Алакөл жағалауын абаттандыру жұмыстарына жалпы құны 817,6 млн.теңгеге жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Соынмен бірге, туризмді дамыту мақсатында облыстық бюджет есебінен Қабанбай ауылындағы ұшақтарға арналған ұшып қону алаңын ағымды жөндеуден өткізуге 30,0 млн.теңге көлемінде қаржы қарастырылмақ. Іргемізде Алакөліміз тұрғанда, анау алыстағы Дубайды қайтеміз...


 


[masterslider id="8"]


 


Ралли қатысушылары - Үржарда


Ресей, Қазақстан, Қытай арқылы «Жібек жолы – 2017» Мәскеу-Астана-Сиань трансқұрлықтық ралли-рейд қатысушылары Үржар арқылы өтті. Жібек жолы раллиі әлемдегі ең үлкен ралли жарыстарының бірі. Алғаш рет жарыс 2009 жылы Ресе        й, Қазақстан, Түркіменстан елдерін біріктіріп өткен болатын. Жарыс Мәскеу қаласынан бастау алып, Башқұртстанның астанасы Уфа қаласынан Қостанайға, сосын Елордамыз Астанаға, одан кейін Семейге, сосын біздің ауданымызға келіп, әуежай жанында арнайы дайындалған орындарға тоқталды. Раллиге 35 елдің 90 экипажы қатысты. Үржарлықтар құрама командалармен және түрлі жол талғамайтын көліктер жанында естелікке суретке түсті. Бұл жарыс талайға дейін үржарлықтардың естерінде қалмақ.


Тасбұлақ ауылына - 90 жыл


Биыл 90 жыл толған Тасбұлақ ауылының мерейтойы дүркіреп өтті. 1927 жылы негізі қаланған бұл округ ауыл шаруашылық саласы мен онымен байланысты барлық жұмыстардың алдын бермеген беделі басым мекен болған. Мұрағат деректеріндегі мәліметтерге сәйкес, 1 млн.гектардан артық жер көлемін қамтыған кеңшардан 8 ауыл бөлініп шыққан. Бұл жер «қыржы- тума» руларының жайлауы болған деседі.1912 жылы екі рудың болыс сайлауы өткен. 1929 жылы қоян өсірген алғашқы бөлімше осы Тасбұлақта пайда болыпты. Кеңшар құрылған кезде «Горный» бөлімшесінде ең алғашқылардың бірі болып асыл тұқымды ақ қой өсірілген екен...


Тасбұлақ ауылы талай танымал ақын-жазушылар, даңқты ғалымдар, профессорлар дүниеге келген киелі мекен.


Мерейлі тойда қазақы салт-дәстүр бойынша ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ас дайындалды. Ауыл жастары алтыбақан теуіп, ән-жырдан шашу шашты. Ат жарысы, палуандар күресі тойдың сәнін келтірді.


Әсеттің 150 жылдық мерейтойы


Ауданымызда Алаштың асыл перзенті, адамның бұлбұлы атанған асқақ үнді әншісі, ақберен айтыскері, бірегей сазгері, қазақтың думанды сал серілер легінің соңғы тұяғы, жалпы ұлттық өнеріміздегі алып шыңдардың арасындағы қайталанбас асқақ сеңгірі - Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойы республика көлемінде жоғары деңгейде аталып өтті. Мереке барысында ақынға арналған республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті. Дүбірлі тойға 54 ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қазақша күрестен, ұлттық ат спорты ойындарынан жарыстар ұйымдастырылып, бас жүлдеге темір тұлпарлар тігілді.


Ауданда ақынға арналған шара мұнымен шектелген жоқ. Мақаншының ашық аспанында республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Сөз додасына Ринат Зайытов, Мейірбек Сұлтанхан, Иран-Ғайып Күзембаев, Әсем Ережеқызы, Аспанбек Шұғатаев, т.б. қатысты. Айтысты белгілі ақын, айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман жүргізді. Сонымен қатар, өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік Гала концерт болды. Сәйкесінше аудан жұрты мен қонақтарына әнші сазгердің рухына арналған ас берілді.


Батырлар аллеясы


Ұлық мереке Тәуелсіздік күніне орай аудан орталығында Кеңес Одағының батырларына арналған «Батырлар аллеясы» ашылды. Сондай-ақ, ашылған аллеяның ішінен бейбіт күнде Отанға, халыққа қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетіп, қызмет кезінде қаза тапқан ауылдық округ әкімдері Ербол Сағымбеков пен Болат Ибраев және әскери ұшқыш Олег Голубев сынды аудан азаматтарының рухына құрмет көрсету мақсатында арнайы ескерткіш тақта орнатылды.


Жобаның жалпы құны — 70 миллион теңге. Бас мердігер «Еңбек Семей» серіктестігі аллеяның көркемдігіне ерекше мән берген. Батырларға арнап қойылған гранит стеллаларға 9 мыңға жуық ардагердің есімі жазылған.  Аумағы көркейтіліп, 490 шаршы метр жерге екпешөп төселген. Сондай-ақ, 2400 шаршы метр тротуар тақталары төселіпті. Бұған қоса 25 саябақтық шамдары орнатылған.


Кемеліне келген елдер өз тарихының әрбір бетін қастерлейді. Ел тарихының шешуші кезеңдерінде аса маңызды рөл атқарған тұлғаларын айрықша құрмет тұтады. Бүгінде аудан орталығының көркін ашып, ажарын нұрландырып тұрған «Батырлар аллеясы» Мәңгілік ел болуға бағыт ұстанған мемлекет ұландарының ұлттық рухын асқақтатып, әрқайсымыздың жігерімізді жандырды.

«Бір өлең, бір әуен» форумы өтті


Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде   аудандар арасында тұңғыш рет «Бір өлең, бір әуен» форумы өтті. Бұл жоба аудан басшысы Серік Зинабекұлы ЗАЙНУЛДИННІҢ бастамасымен қолға алынған болатын. Шараға белгілі ақын, журналист, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулет, қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков, ақын, әнші, композитор Құсмілия Нұрқасым, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші-композитор Гүлнәр Дәукенова, ҚР еңбегі сіңген қайраткер, әнші, композитор Донеділ Қажымов, әнші, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бақыт Үдербаева, «Серпер» жастар сыйлығының иегері Ержан Жұмабек және ақын жерлестеріміз қатысты.


Кеште барлық қонақтарға Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойлық медальдары табыс етілді.


Р.S. Қарап отырсаңыздар аудан үшін өткен жыл айтулы оқиғаларға толы болды. Жалпы, «Әр адамға бақыт, бедел ақылмен, көп ізденіспен, адал еңбекпен келеді». Бұл – даңқты жауынгер Бауыржан Момыш­ұлының нақыл сөзі. Орындықтағы беделін ел алдында жинап-терген абыройы арқылы көкке көтеріп жүргендердің дені - әкімдер. Көптің көңілінен шығу үшін көппен бірге жұмыс жасау керек. «Аймақтың қарқынды дамуы – осы әкімдердің саяси беделінің айнасы» демекші осы ретте, ауданымыздың экономикасы қарқынды даму үстінде. Мұның барлығы әрине аудан басшысы Серік Зинабекұлы ЗАЙНУЛДИННІҢ іскерлік басшылығының арқасында екендігін ерекше атап өткеніміз абзал. Естеріңізге сала кетейік, ауданымызда өткен жылы жоспарлы жұмыстар іске асты. Аймағымыз негізінен мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына негізделгендіктен барлық негізгі көрсеткіштердің  өсу тенденциясы сақталған. Сөз соңында айтарымыз Үржар ауданының шоқтығы әрдайым биік болсын! Биылғы жыл жағымды жаңалықтарға толы болсын!


 


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив