KZ
Өскемен
+12°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, Ю
448.15 483.46 4.86

«Семейде жасалған!»-Өңірде тіркелген 33 мыңға жуық кәсіпкерлік нысанның 60 пайызын ханымдар басқарады

11.01.2018, 03:51 105

Кәсіпкерлікті ханымдар да тізгіндей алады. Әйел адам отбасының ұйытқысы ғана емес, біздің  қазіргі  қоғамда іскер жанның бірі. Семей қаласында ірі кәсіпорындарды ер адамдармен бірдей дәрежеде басқарып отырған әйел азаматшалардың қатары молайа түскен. Жақында осының бір дәлелі ретінде қала әкімі Ермак Сәлімовтың қатысуымен арнайы жоба өтті. Жобада кәсіпкер ханымдарды марапаттау, олардың кәсіпорындары шығарып отырған өнімдерін көрмеге ұсыну жұмыстары ұйымдастырылды.


Бұл жобаны Қазақстанның  іскер әйелдер қауымдастығы Семей филиалының  төрайымы, қалалық  мәслихат депутаты Айнұр Арғынбекова қолға алған еді. Айнұр Арғынбекова ханымның айтуынша,  соңғы кезде Семейде кәсіпкерлікпен айналысып, жақсы жұмыс жасап, қоғамды алға жылжытып отырған қыз-келіншектер қатары көбейіп келеді. Тіпті осы бес жылды алып қарайық, тиісті мекемелерден несие алып, жаңа кәсіпорын ашқан әйелдер қатары үш-төрт есе көбейген. Осының барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен еліміздің ханымдарға жасап отырған қолдауының арқасы. Семейде тіркелген 33 мыңнан астам кәсіпкерлік нысандарының 60 пайызға жуығын әйелдер басқарады екен.


Семейде өткен көрмеге ортопедиялық матрацтар, жастықтар, жылы одеялалар, көрпешелер, жылы шұлық, етіктен бастап, тәтті-дәмдінің барлығы қойылды. Балмұздақ, печенье, торттар, сүт өнімдері өз алдына, қаладағы Мәдениет сарайының кең залы жәрмекеге айналып кеткендей болды. Кәсіпкер ханымдардың бір-екеуімен сұхбаттасып та қалдық. Киізден жасалған аяқ киімдер, пималар, текеметтер, ұлттық киімдер  Мәдениет сарайының кең залында әдемі орналыстырылды. Десек те, семейлік кәсіпкер әйелдердің барлық жасаған өнімдерін, дүние-бұйымдарын көрмеге қою мүмкін болмады, себебі тауар өте көп болды. Осының бәрі де «Семейде жаалған!» қазақстандық өнім екендігі көңілге қуаныш ұялатты. Иә, бәрін айт та, бірін айт, барлық кәсіпкерлерді қамту толық мүмкін болмағанын көрген қала әкімі Ермак Сәлімов келер жылы осындай жобаны Қалалық Мәдениет сарайында емес, Абай театрының ғимаратында өткізейік, деп шешім қабылдады. Міне, сонда барлық өнімдерді толық қамтуға болады.


[masterslider id="7"]


 


Семейдегі іскер ханымдардың осыншама үлкен жетістікке жетуі республикадағы ең ірі бастамалардың бірі. Тоқырау жылдары көшеде «ала дорба» тасып, ұсақ-түйек саудамен отбасыларын асырауға жанталасқан әйелдер бүгінде ірі-ірі кәсіпкерлік орталықтарды бағындырған. Олар жасап отырған өнімдер жерлестері арасында ғана емес, Шығыс Қазақстан облысының басқа жерлерінде де танымал.


Мәселен, «Юнис», «Роза» ЖШС-і жасаған өнімдердің сатылымы да керемет. Киім-кешектер, тамақ өнімдері қаланың жеңіл өнеркәсібін жеделдете дамытып-ақ тұр.


-Осыдан үш жыл бұрын мен өз ісімді ашуды жөн санадым,-деді «Аннабелла» фирмасының жетекшісі Анна Ташухаджаева,-оған дейін мен мүлік жасайтын фирмада жұмыс істеген ем. Сол кезде байқағаным, Семейде ортопедиялық матрац шығаратын бірде бір кәсіпорын жоқ екен. Осы бизнесті бастауды жөн көрдім. Бүгінде Семеде әртүрлі матрацтар шығаратын екі салон жұмыс істейді. Заманауи матрацтар балаларға, бір кісілік, екі кісілік болып әр түрлерімен шығарылады. Қарттарға арналған матрацтар, мүгедектерге арналған төсеніштер, матрацтар бар.


-Біздің  өнімдеріміз экологиялық жағынан таза, табиғи өнімнен жасалған,-деді «Қалиқанұлы» шаруа қожалығының технологы Тоты Уайтпаева,-сиыр сүтін алдымен цехқа жеткіземіз. Пастеризатор арқылы өтеді. Сол кезде айран және сүтке бөлінеді. Сөйтіп, олардан кейін ірімшік жасаймыз. Тіпті қант қосып, қызыл ірімшік те жасап шығарудамыз. Қолдың майы, қаймақ, жұмсақ, тәтті ірімшіктер мейізбен, жаңғақпен жасалады. Халықтың сұранысына ие болған өнімдер. Біз жаңа технологиялыр мен жаңа құрал-жабдықтар қолданамыз. Өнімдеріміз сол себепті сапалы. Талай қиын-қыстау күндері әйел адамдар, кәсіпорындар былай тұрсын, базарда ала дорбаны көтеріп жүріп, отбасын асырады.

Киіз бұйымдары мен ортопедиялық матрац түрлерін шығаратын шағын кәсіпорындардың жұмысымен танысқан қала әкімі Ермак Сәлімов оларға кооперацияға бірігіп, нарық сұранысына орай табиғи әрі тың өнім жасап шығаруды ұсынды. Әйел адамдардың экономикалық дағдарыс кезінде елдің аяғынан тік тұруына көп көмектесті. Балаларын оқытты, тәрбиеледі, иықтарына түскен ауыр жүктерін көтере білді, дейді қала әкімі Ермак Сәлімов.


-Әйел адам отбасының жанашыры болғандықтан, оның еңбекқорлығы табиғи көрініс,-деген қала әкімі Ермак Бидахметұлы,-Семейдің экономикасының өрістеуіне үлес қосушы ханымдардың еңбегіне риза екендігін жасырмады,-халықты кім киіндірді, тамақпен кім қамтыды, әрине, ханымдар. Қаланы басқаруда да мен әйел адамдарға сенім артамын. Біздің кәсіпкер ханымдарды қалай мақтасаң да болады. Осындай форумдарды жиі ұйымдастырып, кәсіпкерлердің өзара араласып, кәсіптерін дөңгелете түсулеріне мүмкіндік жасаған жөн. Қаланың кіріс бөлімінің өзі 65 пайызы ханымдардың еңбегі. Салықтың орындалуы да осы кәсіпкер әйел адамдардың жанталасқан тірлігі арқасында. Халықты жұмыспен қамтып отырған әйел адамдарға деген ризашылығымыз шексіз.

Осылайша Мәдениет сарайының сахнасынан өзінің жылы лебізін білдірген қала басшысы кәсіпкер ханымдарға  марапат қағзадарын тапсырды. Атап айтқанда, олардың қатарында «Терра Вита» ЖШС директоры Насихат Исабаева, бизнес және сервис колледжінің директоры Альмира Хожанова, «Солтүстік» көлік-логистикалық орталығының директоры Раушат Ракишева, Семей қаласы прокуратурасының қоғамдық мәселелерді қорғау ісін қадағалау бөлімінің аға прокуроры Лаура Түгелова, Семей қаласы мемлекеттік кірістер басқарамасындағы жеке кәспкерлермен жұмыс бөлімінің жетекшісі Еркежан Бүркітова және тағы басқалары  бар.


Бірқатар нәзік жандылар Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының марапатына ие болды. Қауымдастық осымен қатарынан неше жыл бойы кәсіпкер әйелдерді қолдап, қорғап, бағыттап келеді.


-Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқандай, еліміздің Тәуелсіздігі жылдарынан бастап, әйелдердің қоғамдағы ролі айқын болды,-деді қауымдастықтың Семей филиалын басқаратын Айнұр Арғынбекова,-Қазақстанда педагогтердің төрттен үш бөлігі, дәргерлердің 90 пайызы әйел адамдар, елімізде әрбір екінші кәсіпкердің  бірі әйел адам. Елімізде тұрғындардың 52 пайызы әйел азаматшалар болып табылады. Ал экономикалық даму үлесінің ілгерілеуіне тұрғындардан 49 пайыз белсенді болып осы ханымдар саналады. Қазақстан экономикасының  ішкі жалпы өнімінің  40 пайыздық өсуіне үлес қосып отырған әйел адамдар. Бұл бағыттағы жұмыс Семей қаласында да жүріп жатыр. Біздің әйелдер жыл сайын «Қазақстанның үздік тауары» көрмесіне қатысып, халықаралық көрмелерде де үздік баға алып жүр.  Әйелдер кәсіпкерлігін жетілдіруге арналған дөңгелек үстелдер, семинарлар жиі ұйымдастырылады.

«Нұр Отан» партиясының Семей филиалында «Даму» қоры және Кәсіпкерлер Палатасымен бірге, іскер әйелдер қауымдастығы да ханымдардың көптеген сұрақтарына жауап береді. Шағын және орта бизнеске деген мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар, көмектер туралы да айтылады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының іске асуына орай жеті жыл ішінде кәсіпкер ханымдардың 57 жобасы 1 млрд. 383 мың теңге көлемінде субсидияланды, дейді Айнұр Арғынбекова.


Кәсіпкер әйелдерді марапаттауға арналған салтанатты кеш барысында әрбірі өз саласы бойынша жетістікке қалай жеткендігі туралы кеңінен айтты. Олардың әрқайсысы ең бастысы отбасыларында қолдауға ие екен. Тек рухани байлық қана бизнесті дамытуға, бәсекелестікті арттыруға жол береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив