KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 6 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Адамзатқа қызмет еткен адал дос

9.01.2018, 04:38 216

Естілігімен адамға қолғабыс тигізіп келе жатуынан  да болар халқымыз «Ит-жеті қазынаның бірі» дейді. Ата-бабамыздың ажырамас серігіне, айнымас досына айналған қазақтың құмай тазысы мен алып соғар төбетінің қадірі туралы  әңгіме тіптен бөлек.  «Итті тепкенің –ырысты тепкенің», «Бөрінің тәңірі болса, иттің иесі бар» деп иесіне адалдық танытқан жануарды   жыл атауына да енгізген. Тауық жылын алмастырып, табалдырығымыздан аттаған 2018 жыл-ит жылы.


ҮШ ТІЛДІ ДЕ ҰҒАТЫН ИТ


Өскемендегі ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөліміне  сарбаздар мен сардарлар қызметтік иттерін ертіп кезекшілікке аттанып бара жатқан кезде бардық.


Патрульдік жасақ тобымен қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету міндетіне кіріскелі жатқан Серік Хайролдановтың  жетегіндегі «Барисэм» екі-үш жылдың ішінде Өскеменде болған бірнеше ұрлық -қарлықты ашуға септігін тигізіпті.  Серік  алға қарай ұмтылып, асықтырған саққұлағына «Отыр!» дегені  сол екен, тағатсыздана тартқылаған  жануар шоқиып отыра қалды. Ол «Барисэмнің» із кесуде қателесетін кезі өте сирек екенін айтты.  Бұрнағы жылы  қызметте жүргенде қаладағы Белинский,35 көшесінде орналасқан  дүкеннен ақша ұрлап қашып кеткен ұры туралы жедел хабар келіп түсіп, Серік «Барисэммен» бірге дереу ұрлық болған  жаққа жүгіріп жетеді. Келген бойы дүкеннің маңынан із кесуге кірісіп кеткен «Барисэм» бірден иіс алып,  ұрының соңына түседі. Оны келесі көшенің бойында алды артына қарамай, сүріне қабына кетіп бара жатқан жерінен қуып жетіп, ілезде ұстап беріпті. Қарақшының көзін атыздай қылған «Барисэм»нің бұл қырағылығына қалай қайран қалмайсың!


Руслан Раисовтың бельгиялық тұқымдас овчаркасы «Симба» ның иісшілдігі, қырағылығынан басқа үш тілдегі бұйрықтың бәрін ұғатын, орындайтын ерекшелігі бар болып шықты. Немісше, орысша, қазақша берілген бұйрықтардың кез келгенін бұлжытпай орындап шыққан «Симба»  сынақтың бәрінен сүрінбей өтті.


-Итке берілетін бұйрықтар неміс тілінде, қысқа да нұсқа болып келеді. Сондықтан бұйрықтарды неміс тілінде де үйретіп қойдым. Иттің көмегінен бөлек адамға деген махаббаты, адалдығы айырықша.  Оның қасында адамдар, достар өмірде бір-бірін жолда қалдырып, сатып кетіп жатады. Итте ондай сатқындық деген мүлде жоқ. Керісінше, адамның қолынан келмеген батылдықты, қайырымдылықты иттердің жасағаны туралы қаншама кинолар, деректер де бар ғой. Үйретілген ит әрқашан айтқаныңды орындайды, қас қабағыңа қарап, сенің әр қимылыңды бағып тұрады,   олардың иесіне деген сағынышы да ерекше.  Қызметтік иттер бір адамға үйреніп, сол адамның ғана бұйрығын орындайды.  Екінші адамға үйрену үшін  2-3 жыл уақыт керек. Егер орныма басқа адам келе қалса, жаңағы бұйрықтардың бірін де орындамайды, -дейді Руслан.


Қазір әскери бөлімдегі  13 ит із кесу, есірткі,  жарылғыш заттарды іздеу, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау   бойынша әскери қызметкерлерге көмектесіп, пайдасын тигізіп жүр.  Әр иттің өзінің міндеттері бар.


Овчарка иттер әскери қызметте 8 жасқа дейін қызмет етеді. Осы желтоқсанда 4 жасқа толған «Симба» ның Русланмен бірге әскерде қызмет етіп жатқанына үш жыл болыпты. Русланның өзінің қызметтік иттермен жұмыс істеп, үйретіп жүргеніне 10 жылдан асқан.  Иттерді асырап, баптау үшін де аз қаражат кетпейді. Олар дүкендерде сатылып жатқан  құрамында  дәрумендері бар дайын тамақ  түрлерімен күніне екі уақ тамақтандырылады. Қорғаныс саласында , әскери қызметте жаңадан қолданылып жатқан «Симба» сияқты  бельгиялық тұқымдас иттер неміс овчаркаларына қарағанда  өте шапшаң келеді екен. «Симба» өткен жылы  Қазақстан Ұлттық Ұланы әскери бөлімдері бойынша өткен жарылғыш заттарды іздеуші иттер арасындағы арнайы конкурста 1-орын алған. Өзінің тұқымы бойынша халықаралық көрмелерге қатысып келе жатқан ол қараша айында «Экстерьер бойынша ең үздік ит» атағын алыпты.



ҮНЕМІ ІССАПАРДА ЖҮРЕДІ


Иттер иісті ажыратып, оны шатастырып алмас үшін әскерилер оларға күшік кезінен бастап көптеген жаттығулар жасатқызып, із кесуге үйретеді. Жалпы иттің иісті ажырату қабілеті өте күшті және тәжірибеден өтіп шыңдалғандары ешқашан шатаспайды екен. Ғалымдар иттің бір иісті бес жылға дейін ұмытпайтынын айтады. Тіпті олар 11 миллион иіске дейін ажырата алатын көрінеді. Адаммен салыстырғанда сезу қабілеті 10 мың есе күшті көрінеді.


Әскери бөлімнің кинология қызметінің бөлімше бастығы, топ бастығы Асхат Темірбековтың айтуынша  бөлімдегі «Линда», «Симба» сияқты сенімді иттер Қазақстан бойынша өтіп жатқан халықаралық іс шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, үнемі іссапарда жүреді. Биыл  ақпанда Алматыда өткен дүниежүзілік универсиада кезінде  қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға айырықша көмектескен  «Линда» атты ит үлкен марапатқа ие болып, Өскеменге медальмен оралыпты.

Универсиада өтіп жатқан кез. Шара жүріп жатқан жерге таяу келген «Джип» машинасын тоқтаттым. Қызметіне кіріскен иісшіл «Линданың» жақсы үйретілгендігінің арқасында көлік ішінде жарылғыш заттар түрі бар екендігі белгілі болды.  Жағдайды Алматы облыстық ішкі  істер департаментіне хабарладық. Сол жерде көлік иесін ұстап, алып кетті. «Линда» жарылғыш зат түрі барын сезгеннен кейін көліктегі сол заттар жатқан тұсқа барып отырып алды. Ол өзіне белгілі тәртіп бойынша жарылғыш заттардың барын сезгенде үріп немесе аяғымен қопарып, қазу сияқты артық қимылдар жасамау керек. Өйткені жарылғыш зат жарылып кетуі мүмкін, сондықтан «Линда » ол жерге  жедел топ келіп жеткенше сол  алғаш отырған орынынан қозғалмай,  үндемей, күтіп отырды. Сөйтіп, өзінің үлкен қолғабысын тигізді, -дейді  Ұлттық гвардияның 5518 әскери бөлімі кинология қызметінің бөлімше бастығы, топ бастығы Асхат Темірбеков қырағылығымен  танылған «Линданың» кезекті жеңісі туралы.



Осылайша қауіпті қару жасырынған көлікті қолға түсірген «Линда» ның мойнына  универсиададан соң жарқырап «Ұлттық Ұлан үздігі» медалі тағыдыпты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив