KZ
Өскемен
+16°
облачно с прояснениями жел 10 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

«Семспецснаб» серіктестігі Семейдегі жеңілөнеркәсіпті дамытуға білек сыбана кіріспек

5.01.2018, 05:23 156

Міне, осымен қатарынан 25 жыл бойы қалада «Семспецснаб» ЖШС-і қарқынды жұмыс істеп келеді. Кәспорын еліміздің Қарулы күштері мен Құқық қорғау саласы қызметкерлеріне, қарапайым жұмысшылар мен құрылысшыларға арналған арнайы үлгідегі киім тігуде, тігін және мех бұйымдар шығаруда алдына жан салмай келеді. Қалалық Мәдениет сарайында «Семспецснаб» ЖШС-інің соңғы он жыл ішіндегі атқарған жұмыстарына есеп беру қорытындысына арналған жиын ұйымдастырылып, кәсіпорынның табысты еңбек жылдарына арналған мерейтойы аталып өтілді.



-2017 жыл  «Семспецснаб» үшін жетістіктерге толы жыл болды,-деді кәсіпорынның директоры Айнұр Ахметова,-соңғы он жыл ішінде біз талай жетістіктерге жеттік. Талай асуларды астық. Негізінде біздің кәсіпорынның тарихын сонау «Большевичка» тігін фабрикасынан бастасақ, онда бізге 75 жыл дер едім. Десек те, нарықтық жағдайға бейімделіп, Тәуелсіз Қазақстанның экономикалық жағдайында еңбек еткенімізге 25 жыл болып отыр. Қиындыққа тап болған кездеріміз де болды. Бірақ, ұжымның еңбекқорлығы мен бірлігі арқасында алға қойған міндеттерді атқарып, экономикасмызды өрістете алдық. Әсіресе, кесіп-пішетін және тігін цехтарының жұмысы ауыр дер едім. Басқа да цехтар қызу жұмыс істеп жатыр. Тіпті біздің көлік жүргізушілері қала бойынша қанша қажетті тауар керек, соның бәрін ерінбей-жалықпай тасымалдады. Сондай-ақ, тігіншілерді, жұмысшыларды да жұмысына және үйіне уақтылы жеткізуді жөн санадық. Тіпті қоймадағы жұмыстарды алып қарасақ та, жұмыс күні бойы қарқынды жүрді. Жұмысшылар дайын өнімдерді, маталарды, ауыр жүктерді иықтарына салып тасып, тасымалдайтын көлікке, санап, қолмен көтеріп салып жатты. Ешкім де бір минут уақытын босқа жіберген жоқ. Әрқашан міндеттерін уақтылы орындады. Осындай он жылдық есеп беру мерекемізде сараптама цехы мен бас механикалық цехтың жұмысын да ерекше атап өткім келеді. Бұл цехтар 2016 жылы біздің кәсіпорын жаңа өнімін меңгерді. Сондай-ақ, «Жасампаз» консорциумына қосылып, 40 миллион теңгенің аумағында жоспарымызды орындай білдік.  Бұл жылдық қуатымыздың 40 пайызы деуге болады.  Барлығыңызды Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Ел тәуелсіздігі асқақтай берсін. Бүгінгі шарада біздің ұжымның барлығы жиналып отыр. Біздің Қалалық Мәдениет Сарайындағы филармонияға концерттік бағдарламалары үшін көптен көп рахмет!

Бүгінде «Семспецснаб» ЖШС-інде 300 адам жұмыс істеуде. Олардың ішінде үздіктері осы мерейтойда грамоталармен және «Строитель» санаторийіне жолдамалармен марапатталды. Кәсіпорын  әу баста  қарапайым бұлдармен жұмыс істеп, кейінірек тері-мех бұйымдарын да тігуді қолға алған еді. «Семспецснаб» Кеңес үкіметі тұсында аты дүниежүзіне танылған «Большевичка» тігін фабрикасының жалғасы, ол рас. «Большевичка» өзінің жарты ғасырдан астам тарихында тігін бұйымдарымен күллі әлемге әйгілі болды, дейді Айнұр Ахметова, ең шебер тігіншілер де осында қалыптасты.



«Семспецснаб» ЖШС-індегі тігін цехы жоғары қуатқа ие. Себебі құрал-жабдықтар жоғары деңгейде, жапонияның  «Juki», «Brother», Германияның  «Pfaff», «Kannegisser», «Durkopp» тігін машиналарымен жабдықталған. Кәсіпорын Қазақстан Қарулы күштеріне түрлі бұйымдар, киім-кешектер тігеді. Және ірі ұлттық компаниялар да тапсырыстар түсіруде. Жыл сайын «Семспецснаб» нарықта миллиондаған ауқымдағы теңгеге өнімдерін өткізеді. Биыл кәсіпорын өнім көлемін тағы да ұлғайтып, жаңадан жұмыс орындар ашпақшы. Олардың басты тапсырыс берушілерінің қатарында  ҚР Қорғаныс министрлігі де бар,  әскери киімдер тігеді.


-Алдағы уақытта өз өндірісімізді ұлғайтпақпыз, сұранысқа орай мех өндірісін кеңейту де жоспарымызда бар,-деді кәсіпорын басшысы Айнұр Қабдылқызы,-негізінен, тігін өнімдеріне баса мән беріліп, арнайы мамандық иелеріне арналған киімдер тігіледі. Мәселен, теміржолшыларға арналған «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «Локомотив» АҚ қызметкерлері үшін әртүрлі  сәнді киімдер тігілуде. Және  әскери сала өкілдері мен дәрігерлерге және аңшылықты кәсіп еткен жандарға арналған күздік және қыстық жылы киімдер, костюмдер, халаттар мен күртешелер де заман талабына сай ыңғайлы түрде тігіліп, тапсырыспен орындалуда.  Біздің тағы бір жетістігіміз ерлерге арналған жейделер тіге бастадық. Осыдан біраз бұрын Семей қаласына келген сапарында арнайы әзірленген көрме арқылы кәсіпорынның тауарларын көрген аймақ басшысы Даниал Ахметов облыс тұрғындарын қазақстандық өнімді сатып алуға үндеген болатын. Осылайша облыс басшылығының қолдауына орай жергілікті өнімдердің санымен қатар сапасы да артып келе жатқандығын атап өткім келеді.

Иә, шынында да кәсіпорында тігілетін ерлер жейдесіндей жейде Қазақстанның өзге қалаларында 4 мың теңге болсаа, Семейде үш мың теңге көлемінде. Кәсіпорында тігін өндірісінің киімді жобалау бөлімі, кесіп-пішіп дайындау цехы, тігін цехы және тағы басқа қосалқы цехтары қарқынды жұмыс істеп тұр. «Семспецснаб» ЖШС-і өндіріс барысында ақауы жоқ әрі сынақтардан өткен сапалы материалдарды қолданады. Біраз талап, сынақтардан өту жолында серіктестік өнімдері сапа стандартына толығымен сай келеді.


-Бүгінде базар толы өзге елдің киімі болып кетті, десек те, Семейде осындай айтулы кәсіпорын бар екендігі көңілге қуаныш ұялатады,-деді тұтынушылардың бірі, қала тұрғыны Айтжамал Әбеуова,-әсіресе, немеремізге, балаларымызға арналған киім-кешектің сапасын, оқушы киімінің қажетті түрлерін біз базарларды шарық ұрып іздегенде, оның сапасы мен бағасы қолжетімді болуы қажеттігін жақсы түсінетінбіз. Тіпті перзентханадан жаңа туған нәрестелердің киім-кешегін  жергілікті осындай кәсіпорындардың өнімдерінен жарақтап шығарса қандай жақсы болар еді?!

Шет елдерден келетін мәселен Түркия мен Ресей өндірушілерінің сапалы киімдері біршама қымбат. Сондықтан да алыстан арбаламай, жақыннан дорбалай тасып, өз өнімдерімізді сатып алған әлдеқайда пайдалы сияқты. Жалпы, кәсіпорынның қуаты жыл санап артып келеді. Атап айтсақ, мұнда жылына 500 мың дана тауар өндіріледі. Сондай-ақ ішкі нарықта серіктестік өнімдеріне сұраныс мол. Әсіресе ҚР Қарулы Күштері мен Ұлттық компаниялар тарапынан арнайы тапсырыс қабылданады. Яғни, өндірілген тауардың 90 пайызы тапсырысты өтеуге кетеді екен. Ал тұтынушы сұранысы артқан жерде, табыс та молайып, өндірісті кеңейту қажеттілігі туындайтыны белгілі. Өткен жылы ғана кәсіпорынның бас ғимараты жанынан салынған үш қабатты нысан қолданысқа беріліпті. Мұнда да киім пішу-тігу және арнайы үлгімен өлшеу цехы ашылған.


-Біз Қазақстан бойынша халықты жұмыспен қамтып отырған озық өндірістердің қатарына жатамыз,-деді директор Айнұр Ахметова,-кәсіпорынымыз негізінен еліміздің күштік құрылымдарының, атап айтқанда, ҚР Қорғаныс министрлігінің, ҚР ҰҚК, ҚР ІІМ, ҚР Ішкі әскерлер комитетінің, Ұлттық гвардияның, ҚР Кедендік бақылау комитетінің, ТЖМ тапсырыстарын орындаумен айналысады. «УМЗ»АҚ, «KEGOC»АҚ, «Қазақтелеком»АҚ, ШҚО ШҚ АЭК, «Имсталькон СМФ» ЖШС, «ФикАлел» сынды кәсіпорындар мен тиісті мекемелердің қызметкерлері үшін тапсырыспен арнаулы киім де тіктік.  Қазір біз бұндай жұмысты  «ҚазТрансОйл» АҚ-мен де жандандыруды қолға алмақшымыз. Бір сөзбен айтқанда, бір орында тұрақтап қалғамыз жоқ, заман талабына сай  өркендеу үстіндеміз. Сенімді серіктес ретінде беделге ие болдық, сондықтан да «Семспецснаб» ЖШС-і ынтымақтастықтың, кәсіпорындар арасындағы өзара әрекеттесу саласын кеңейтудің жаңа үлгілерін іздестіруде. Ендігі алда тұрған міндеттердің бірі – қаламыздың әр ауданында орналасқан цехтарымызды бір жерге қоныстандырып, жұмысты орталықтандырсақ деген ойдамыз. Бұл жұмысты да ағымдағы жылы қолға алмақпыз. Осы ретте, біз тек қана республика аумағында емес, сыртқы сауда экономикалық қызметінің дамуына да ерекше назар аударудамыз. Осының нәтижесінде кәсіпорынымызды шикізатпен жабдықтаушы Ресейдің «Чайковский текстиль», Беларусь Республикасының «Моготекс» ААҚ-ы  сынды бірнеше комбинаттармен өзара байланыс орнағанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Олар бізге шикізат түрлерін, маталарды жібереді. Біз енді ол елдерге өз өнімдерімізді шығарсақ деген ойымыз бар.

Ең бастысы мұнда еңбек ететін тігіншілер жалақыларын уақтылы алады. Сондай-ақ, кәсіпорында оқу комбинаты бар, онда қаладағы Сервис колледжінің түлектерін жұмысқа алу арқылы іс-тәжірибе жинақтауға көмектеседі. Кәсіпорын «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына атсалысуда, көптеген жастар осында келіп жұмысқа тұруда. Кәсіпорынның Чимкентская 73, көшесінде мех тігетін өндірісі бар. Бұнда қой терісін шикізат күйінде сатып алудан бастап, одан киім және бас киім түрлері тігіледі. Бұлар да тапсырыспен тігіледі, біраз бөлігі қала базарларында сатылымға шығарылады. Бұл жерде шикізатты бір жақсысы Зайсан ауданы, Талдықорған, Үшарал өңірлері жеткізеді екен. Барлық талаптарға сай болғандықтан өнімдер шетелдіктердің өнімдерінен асып түспесе кем түспейді. Осыдан біраз бұрын қала басшылығы кәсіпорынның Интернациональная, 49 мекен-жайындағы тігін салонын да барып көрді. Бұл жерде киімді өлшемге сай қиып-пішеді.  Алдағы уақытта кәсіпорын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша цехтарын кешенін толығымен жаңғыртпақшы. Сол үшін заманауи құрылғылар сатып алу жоспарлануда. Мұнда өндіріс қуаттылығы өте жоғары. Мәселен, тәулігіне 1000 бірлік жейде, жазғы костюмдердің 500 жинақтамасын, қысқы костюмдердің 250 жинақтамасын, китель – шалбарлардың 50 жинақтамасын, 50 бірлік пальто, 100 бірлік бас киімдерді өндіріп шығаруға мүмкіншілік бар.  Оның үстіне жылдық табыстары да еселеп өсіп келеді. Жылына 1 млрд. теңгеге жуық өнім өндіретін кәсіпорындағы атқарылып жатқан ауқымды шаралар көңіл толарлықтай деуге болады. Елбасымыз кәсіпкерлікке үлкен қолдау көрсетіп келеді. Биылғы Жолдауында да шағын және орта бизнесті дамытуға күш салу керектігін баса айтты. Осыған орай семейлік кәсіпкерлер жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға білек сыбана кіріспек.


-Елбасы Индустриализация күніне орай, елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамыту қажеттігін тапсырды,-деді қала әкімі Ермак Сәлімов журналистермен өткен баспасөз мәслихатында,-шеттен әкелген, сырттан тасымалдаған киімдерді кигенше, өз өнімдерімізді тұтынған жөн. Экономиканың барлық түрлері бойынша қала кәсіпорындарында өрлеу бары екені рас. Мысалы,  қаладағы өнеркәсіп мекемелері өндіретін өнім көлемі 6,6 млрд. теңгеге ұлғайтылған. Солардың ішіндегі жаңа технологиялармен жұмыс жасайтын «Қаражыра» АҚ, «Фик-Алел» АҚ, «Роза» ЖШС, «Семспецнаб» серіктестіктерін ерекше атап өтуге болады. Қазір қалада 19,2 мың шағын және орта бизнес субъектілері бар. 1,9 мың жаңа жұмыс орындары құрылды. Бұл өткен      жылмен салыстырғанда екі есеге көп.  Кеңес үкіметі тұсында Семей қаласы жеңіл өнеркәсібімен Одақ көлеміне танымал болды. Аяқ киім, былғары тері, трикотаж бұйымдары халықтың бірден-бір тұтынатын өнімдері болатын. Әсіресе, «Большевичка» фабрикасының өнімдері сапасымен әйгіленетін. Бүгінде осы кәсіпорынның ізбасары ретінде «Семспецснаб» ЖШС-і танылып отыр екен. Аталмыш тігін фабрикасы қиындықтарға қарамастан дәстүрлі киім тігу сапасын өте жақсы сақтап қалыпты. Иә, өткен жыл еліміз үшін ерекше болды. Президентіміз осындай «Семспецснаб» сияқты кәсіпорындарға қолдау көрсетуді, кәспкерлікті өрістетуді бізге  нақты міндеп қып қойды. Семей өркендеп, дамып келеді. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жақсарды, Семейді дамытуға арналған үш жылдық жоба орындалып келе жатқандығы осындай «Семспецснаб» серіктестігі сияқты кәсіпорындардың арқасында дей аламын.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив