KZ
Өскемен
+13°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, В
447.4 477.55 4.76

Қарағайлы Семейді дамытудың тың жобасы

31.12.2017, 04:41 306

2017 жылдың соңына қарай Қарағайлыда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жаңадан үйлер салынып, пайдалануға берілмек. Бүгінде сол тапсырылатын алғашқы үйлердің сылақ, бояу, әрлеу  жұмыстары тығыз жүріп жатыр. Семейдегі халықтың тұрғын үйге деген сұранысы  күн санап артып келеді, ол рас. Бірақ, қаланың орталық көшелері тығыз орналасқандықтан облыс басшысы Даниал Ахметов Қарағайлы кентіне тұрғындарды мейлінше қоныстандыруды тапсырып отыр.


-Қазіргі таңда мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға қала бойынша 10 185 отбасы кезекте тұрса, жер телімін алуға өтініш қалдырғандардың саны 24 мыңнан асып кетті,-деді  Қарағайлыға арнайы сапары барысында қала әкімі Ермак Сәлімов,-сондықтан «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында жыл соңына дейін 82,3 мың шаршы метр үй пайдалануға берілетін болмақ. Міне, соған орай құрылысшылардың да жұмысы күннің суықтығына қарамастан қауырт жүруде.


Қарағайлыда құрылыс қызу қарқында екен. Семей қаласының әкімі Ермак  Бидахметұлының пікіріне сүйенсек,  «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 8 қабатты тұрғын үйлерің құрылысын бастауға заем облигациялары есебінен 1 млрд. теңге қарастырылыпты. Жекеменшік инвесторлар есебінен 2017 жылы үш үйдің құрылысы басталған. 2018 жылы 24,6 мың шаршы метр аумақты қамтитын бес тұрғын үйдің құрылысы жоспарланып отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру  үшін арнайы жер телімі бар Бобровка, Жарқын, Аққайың, Жібек жолы, Ақсай, Ұшақтар, Комсомол, Суық бастау, Кіші Ақтөбе және Степной кенттері қарастырылып отыр. Бұл жерлер тұрғындар үшін аса қолайлы, қаланың шеті, сондықтан орталықпен байланыс жақсы. Осы аудандарға инженерлік инфрақұрылым тартып, су және электр энергиясымен қамтамасыз ету қажеттігі де рас.


Қарағайлы бұл кезінде Семейдің ең бір түпкі ауданы саналатын еді. Бүгінде Қарағайлы ауданын қаланың шөп басып жатқан сырт даласы деп қарай алмайсыз. Мұндағы 216 пәтерлі, 9 қабатты үш үйді 2016 жылдың сәуір айынан бері «Фирма Азия» ЖШС-і тұрғызуда. Олардың айтуынша, тұрғын үйлердің басым бөлігі 2018 жылдың көктемінде пайдалануға берілмек.  Қарағайлы шағын ауданындағы 200 орындық қалалық балалар ауруханасының жобаларын жасауға 7 млн. теңге қаржы қарастырылған екен. Семейдің дамуы шеткі аудандарының өсіп-өркендеуімен тығыз байланысты болғандықтан бүгінде бюджеттен қаржылар тікелей осы ауданды дамыту үшін бөлініп жатыр.


«Қарағайлы» шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлермен қатар, үш мектеп, балалар бақшасы, «Абай-Арена» спорт кешені де осы жерден орын теппек.  Ал тұрғын үйлерге адамдар 2018 жылдың наурыз-мамыр айында қоныс аударады деп жоспарлануда.


Жобалаушылардың айтуынша, «Қарағайлы» шағын ауданында барлығы 653 мың шаршы метрді құрайтын, 147 гектар жерді алып жатқан 98 көппәтерлі үй тұрғызылады екен.  Бұл жерде мәдени орындар, спорт кешені тағы басқалары қолға алынады. Сауда дүкендері, базарлар, халықтың тұрмыс қажетін өтейтін нысандар да жобада бар. Тек үйлер мен ғимараттар ғана тұрғызылып қоймайды. Жасыл желек, саябақтар да жасалады.


-Қазіргі уақытта «Қарағайлыда» 36,4 мың шаршы метрлік 9 көпәтерлі үй салынып жатыр,-деді қала әкімінің орынбасары Николай Ушаков,-«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша, тағы да 8 көппәтерлі үйге 1 млрд. теңге бөлінген, жалпы аумағы 37,7 мың шаршы метр. «Ертіс» ӘКК бойынша тағыда 6 көппәтерлі үйдің жоба-сметалық құжаты дайындалу үстінде. Осы аудандардың барлығы 2018-2020 жылдарға Семей қаласының тұрғын үй құрылысының мәселесін шешпек. Қазіргі уақытта жалпы көлемі 130 мың шаршы метрді құрайтын, яғни 1665 пәтерлік, 33 тұрғын үйдің жоба-сметалық құжаты дайын. Тағы да 468 пәтерлік (38,8 мың шаршы метр) 6 тұрғын үйге жоба-сметалық құжаттар жасалып жатыр. 2018-2020 жылдары жалпы көлемі 484,4 мың шаршы метр болатын 59 үйдің осындай талмыш құжаттары дайын болмақ.

Осының бәрі болашаққа арналған жоспар. Қазірше, Қарағайлыда ең алғашқы көппәтерлі тұрғын үйлер салынып жатыр. Құрылысшылар, мердігер ұйым тұрғын үйдің басым бөлігін 2018 жылдың көктеміне тапсырамыз деп жұмыс істеуде. Сондай-ақ, облыс әкімі Даниал Ахметовтың өзінің жұмыс сапары кезінде Қарағайлыдағы жылумен қамтудың мәселесін де кешіктірмей шешуді тапсырған еді.



Бүгінде ол мәселе де шешімін тапқан екен. Қарағайлы ауданын жылумен қамту үшін РК-3 жылу қазандығынан құбырлар тартылмақ. Бұл жоба үш сатылы жүзеге асырылады. 2018 жылы Терімехзауыты ауданындағы РК-3 қазандығын түбегейлі жөндеуге 400 млн теңге бөлінеді. Сөйтіп, қуаты арттырылған қазандық Қарағайлыдағы тұрғын үйлерді жылытуға күші жететін болады. Ал содан соң келер 2-3 жыл көлемінде РК-3 қазандығының жылулық қуаты барлық аудан көлемін жылыту үшін 14 Гкал-ға дейін ұлғайтылмақ.


Айта кету керек, Семейдегі жаңа тыныс-Қарағайлы ауданын салу, сөйтіп болашақта осы ауданға халықты қоныстандыру облыс әкімі Даниал Ахметовтың тікелей бастамасымен жүзеге асып жатқан шаруа. Қала әкімшілігіндегі мердігер ұйымдар мен қаржылық қолдау көрсетушілердің қатысуымен өткен жиында Қарағайлы жобасы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің субсидиялау көмегімен жүзеге асатындығы жайлы айтылды. Семейдің бұл тұсы, яғни Қарағайлы ықшам ауданы Павлодар трассасымен шектеседі.


Құрылысшылар әу баста жұмысты бастар кезде тереңдігі 8-10 метрге жететін сай, жыраларға кезіккендіктерін айтты. Облыс әкімі бұндай жерлердің үстінен не жанынан үй тұрғызбау керектігін, тек осындай шұңқырларды толық бітеп тастаған соң ғана жұмысты бастаған жөн дегенді ұсынды.


-Бұндай сай, жыраға үй тұрғызылмау керек, тек жобалау барысында осындай тұстарға  көлік тұрағы, балалар ойыны алаңқайы, демалыс орны сияқты жерлер жасау керек,-деді облыс әкімі Даниал Ахметов,-және Өскеменде салынған кейбір тұрғын үйлердің қателігі қайталанбасын. Яғни әрбір пәтерге біржарым есе аумақтағы көлік тұрағы жасалсын.

Қала әкімі Ермак Сәлімовтың айтуынша, қазірде қажетті инфрақұрылым тартылып жатыр. Қарағайлыда тұрғындарға арналған көппәтерлі үйлерден басқа қосымша 50 шақты әртүрлі қызмет көрсететін нысандар салынбақ. Қазақ-түрік лицейі, медицина университетінің жатақханасы, мүгедектерді оңалту орталығы дейсіз бе керемет маңызды ғимараттар, кешендер сол 50 шақты нысанның ішіне кіреді. Сонымен жаын арада  28 мың семейлік осы Қарағайлының тұрғындарына айналады деп жоспарлануда.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив