KZ
Өскемен
+17°
ясно жел 11 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

«Атамекен» кәсіпкер әйелдерді қолдайды

29.11.2017, 08:23 290

Облыста шағын және орта бизнес, өнеркәсіп саласында әйел кәсіпкерлердің саны артып келеді. Өңірдегі нәзік жандар үкіметтік емес секторда да, қоғамдық өмірде де белсенді. Олар «Атамекен» ҰҚП аймақтық іскер әйелдер кеңесі, «Status» әйелдер федерациясы» қоғамдық ұйымы, «Ана үйі», «Алтын-ай» сынды қоғамдық қорлары арқылы өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге де атсалысады.

Бұл жөнінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыс орталығында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының президиум секретариатының өкілі Ләззат Рамазанованың өңірдің іскер әйелдерімен кездесуінде атап көрсептілді. Кездесуде әйел адамдардың кәсіпкерлікті жаппай дамытудағы және қоғамдағы рөлі талқыланып, олардың облыс экономикасы ғана емес, әлеуметтік салаға да қосып жатқан үлестері жайында сөз қозғалды.

Ләззат Рамазанованың айтуынша, кездесудің басты мақсаты - әйел кәсіпкерлермен диалог орнату, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдау, жетістіктерін қолдау.

Өңірде осыдан екі жыл бұрын құрылған «Атамекен» аймақтық іскер әйелдер кеңесі әйелдер бизнес бастамаларын қолдауға бағытталған. Бүгінде оның құрамында өңірдің 89 іскер әйелі бар. Аймақтық іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Елена Березинская-Абилованың айтуынша, екі жылдың ішінде облыстың аудандар мен қалаларында 15 іскер әйелдер кеңесі құрылып, қызмет етеді. Іскер әйелдер кеңесі өңірдегі кәсіби білім алу мәселелерін шешуге көмектесіп, кәсіпкерлік негіздерін оқыту семинарларын жүргізумен қатар, нәзік жандардың бизнес бастамаларын қолдап келеді. Кеңес қызметіне жүгінушілер саны да жыл санап артып отыр, мәселен, құрылған, 2015 жылы 579 кәсіпкер әйел өтінім жасаса, өткен жылы олардың саны екі есе көп болған. Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы кәсіпкер боламын деген нәзік жандар үшін кеңестің есігі әрдайым ашық екендігін, оларға бизнес-жобаны бастауға көмек қолын созуға дайын екендіктерін атап өтті.

- Аймақтық кеңес еліміздегі алғашқы әрі бірегей - жастарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытудың жобасын қолға алып, іске асырды. Бүгінде жас кәсіпкерлер мектебі 92 түлек түлетті, - дейді Елена Николаевна.

Сондай-ақ, кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ольга Булавкина кәсіпкер әйелдердің мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға қосып жатқан үлесі мен оларды мемлекеттік қолдау түрлері жөнінде айтып берді.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив