KZ
Өскемен
+17°
ясно жел 11 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Ұландықтар 29 тонна арзан ауылшаруашылық өнімін әкелді

25.11.2017, 06:35 180


Әдеттегідей бүгінгі сенбіде Өскемендегі «Фрэшмаркет» сауда орталығының аумағындағы арнайы орында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін өткізген Ұлан ауданының өкілдері қала тұрғындарының игілігі үшін 29 тоннадан астам ауылшаруашылық өнімдерін әкеліп, таңертеңгі сегізден бастап, қолжетімді бағамен жұртшылыққа ұсынды.


Ауа-райының айтарлықтай аяздатып тұрғанына қарамастан, сапалы өндірілген арзан өнімдерді алуға кезекке тұрғандардың қарасы мол болды. Сауда қыза түскен сәтте жәрмеңкенің жұмысын облыс әкімі Даниал Ахметов аралап көріп, ұландық тауар өндірушілердің қойған бағасымен танысты.

Облыс әкімімен бірге оның салалық орынбасары Шалқар Байбеков, облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк, Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев, ауылшаруашылық басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаев және БАҚ өкілдері жүрді.


– Бүгінгі Өскемендегі ауылшаруашылық жәрмеңкесіне Ұлан ауданы 29 тонна ауылшаруашылық өнімдерін әкеліп отырмыз. Оның 10 тоннасы ет өнімдері болса, 17 тоннасы көкөніс. Мұның сыртында сүт өімдерінің түр-түрін, бал, балық, құс еті, күнбағыс майы және өзге де өнімдерді молынан әкеліп отырмыз. Атап айтарлығы, тауарлардың бәрі де ауылшаруашылығы бекіткен кестеге сәйкес базар нарқынан 20 пайыз төмен бағамен саудалануда. Жәрмеңкеге ауданның барлық ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтары және жеке қосалқы шаруашылықтар, кооперативтер қатысып жатыр. Таңғы бестен келіп, сегізде жәрмеңкені аштық, тұрғындардың сұранысы жоғары. Өнімдер ешқандай делдалдарсыз өндірушілерден тікелей сатылып жатыр, - дейді Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Дулат Қажанов.


Шара барысында аз қамтылған отбасыларға тамақ беріліп, орталық сахнадан ауданның жетістіктері туралы әзірленген арнайы сюжеттер көрсетілді.


Ұландық шаруалар сиыр етін келісі – 1200-1400 теңге аралығында ұсынса, жылқы еті – 1500-1600, қой еті – 1000-1100 теңгеден болды. Шошқа еті – 1100-1200-ден қойылды. Балдың келісі – 900-1000 теңге аралығында белгіленді. Ал көкөністер – картоп, сәбіз, орамжапырақ, пияз, қызылша бәрі келісі – 80 теңгеден сатылды. Тіпті, кейбір жерлерде 60, 75 теңгеден беріліп жатқанында көзіміз шалды. Күнбағыс майы литрі – 350 теңгеден саудаға шығарылды. Байқағанымыз барлық өнімдер молынан жеткізіліпті.

Ұлан ауданының әкімі Дәулет Батырбаев аймақ басшысына мәлімдегеніндей, жәрмеңке аумағына таңғы бестен Өскемен қалалық жергілікті полиция қызметі арқылы тек ұландық өнім өндірушілер ғана кіргізілген. Бұл өз кезегінде күні бойы бағаның тұрақты болуына мүмкіндік бермек.


– Қараша айынан бастап Өскемен мен Семей қалаларында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкелері өтіп келеді. Бүгін Өскемен қаласына бесінші аудан өз өнімдерін әкеп тұр. Жаңа жәрмеңкені аралап көріп шықтым. Мысалы, сиыр еті келісі – 1200-1400 теңгеден сатылып жатыр. Базармен салыстырғанда мұндағы баға әлдеқайда көңілге қонымды. Бізде көтерме баға көкөністерде 60-70 теңге болғанымен, араға алыпсатарлар араласып кетіп, бағаны аспандатып жібереді. Содан кейін бағаға байланысты елдің наразылығы туындайды. Ал мұнда бәрі бір бағамен қойылыпты, бұл өте дұрыс. Сонымен бірге біз республика бойынша ең үлкен тұрақтандыру қорын құрып отырмыз. Онда 12 мың тоннадан астам өнім сақтауға қойылған. Мұндай қор облыстардың ешбірінде жоқ. Өскемендегі 40 және Семейдегі 32 арнайы сауда нүктелерінде қордағы картоп, сәбіз, орамжапырақ секілді көкөністер келісі 75 теңгелік арзан бағамен халыққа сатылып жатыр. Бұл қазіргі уақыттағы нарықтағы нақты баға. Екінші мәселе – енді мұны бәріміз бақылауға алуымыз қажет. Қаладағы 28 әлеуметтік дүкендердегі бағаны тұрақты қадағалау керек. Сонда ғана азық-түлік өнімдеріне бағаның өсуіне жол берілмейді, - деген облыс әкімі Даниал Ахметов қала әкімі Куат Тұмабаевқа жергілікті полиция қызметімен бірге жәрмеңкедегі бағаны бақылауға алуды тапсырды.


Сонымен бірге өңір басшысы жергілікті ірі сүт өндіруші кәсіпорындар жетекшілерімен де нақты әңгіме өткізілгенін, сүт өнімдері бағасының да негізсіз қымбаттауына жол берілмейтіндігін атап өтті.


Даниал Ахметов сондай-ақ, Өскемендегі тұрақтандыру қоры арқылы сатылып жатқан ауылшаруашылық өнімдері жайлы да сұрастырып білді. «Ертіс» ӘКК басқарма төрағасының міндетін атқарушы Антон Крамаренконың айтуынша, Өскемен қаласына күніне 10-15 тонна аралығында тұрақтандыру қорының өнімдері кіргізілуде. Қалада сауда нүктелері толық жұмыс істеп тұр.


Ал ұландық мәдениет үйінің өнерпаздары ертеден кешке дейін жәрмеңке аяқталғанша келушілерге әсем әндерімен, мың бұралған билерімен тамаша концерттік бағдарлама ұсынды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив