KZ
Өскемен
+23°
переменная облачность жел 5 м/с, З
447.4 477.55 4.76

Семейде ата-аналардың қатысуымен жол қауіпсіздігін күшейтуге байланысты алқалы жиын өтті

24.11.2017, 07:19 127

Аталған басқосу бекерден ұйымдастырылған жоқ. Алқалы жиынды өткізуге  күні кеше ғана  болған Семейдегі жол-көлік оқиғасы түрткі болды.   Гагарин көшесіндегі ол апаттан № 3-ші мектептің 6-шы сынып оқушысы көз жұмған болатын.  Жеткіншек жаяу жүргіншілерге арналған жол бөлігімен өтіп бара жатқанда мерт болды. Өкінішке орай, бұл осы жерде алғаш тіркеліп тұрған қайғылы оқиға емес екен. Осыдан 2 жылға жуық уақыт бұрын тура осындай апат болып, бір бала жан тәсілім еткен.


22-ші қарашада болған қайғылы оқиға Семейдегі ата-аналарды дүр сілкіндіріп,наразылықтарын туғызды.  Көлік жүргізушілері де, жаяу жүргіншілер де  бірауыздан Гагарин көшесінің  бұл бөлігі өте қауіпті  жол бөлігіне айналғандығын  жеткізді. Ендеше  бұнда  соңы сан соқтыратын оқыс оқиғалар қайталануы әбден мүмкін.



Бір отбасын қан жұттырған оқиға болған күні кешке Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов  көше қозғалысының қауіпсіздігін ұйымдастыруға қатысы бар барлық  жауапты орган өкілдерінің  ата-аналар қауымымен,  әсіресе №3, 29-шы мектеп ата-аналарымен  көзбе-көз жүздесуін  талап еткен болатын.


– Мен  кеше ғана болған жол апатын өз көзіммен көрдім. Жүрегім нашар болғандықтан өте ауыр қабылдадым. Тіпті үйіме сүйретіліп әрең жеттім. Біз барлық ата-аналар атынан қайтыс болған баланың отбасына қайғыра көңіл айтамыз. Ата-ана үшін бұдан үлкен қасірет жоқ шығар. Енді бұндай жағдай қайталанбас үшін толыққанды іс-әрекетке кірісіп,нақты шаралар қабылдауымыз керек ,-деді  №3-ші мектептің ата-аналар комитетінің мүшесі Лунара Өтеуова.

Шынымен де аталған жол бөлігіне қатысты шағым шаш етектен. Біріншіден  Гагарин көшесінің бойын ала орналасқан «Арна» дүкенінің маңындағы көше жарықтандырылмаған.  Қараңғы түскен кезде жаяу жүргіншілер байқалмайды да.  Ал жолдың қарсы жағынан   декоративті баспалдақтың  тас жақтауы  көлік жүргізушілерінің назарына кедергі келтіреді.  Оның үстіне  сол темір жақтауға жалғаса орналасқан автобус аялдамасы тағы тұр. Яғни автобустан түскен жолушыларды  дер кезінде байқау да қиынға соғады.



– Екі жыл бұрын дәл сол жерде тағы да бір бала қайтыс болды. Сол уақытта біз бұл жол бөлігіне жылдамдықты 40км/сағ асыруға болмайтын белгі қойдыртып едік. Алайда ол белгі біраз уақыттан соң  жоқ болып кетті. Егер сол белгі  болған жағдайда осы жолғы қайғылы  апат болмасына мен сенімдімін,-деді  №3-ші мектептің ата-аналар комитетінің өкілі Төлеген Абдуллаев.

35-ші квартал тұрғыны Алла Белякина жергілікті полиция қызметінің өкілдеріне және қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне, тар әрі қараңғы көшелерде жүк көліктерінің жүруіне тиым салуды сұрады. Алаңдаулы тұрғын көлік ағымын бірден азайтып, қауіпсіздікті күшейтудің бір амалы осы деп санайтынын жеткізді.


–  Ал оқиға болған жаяу жүргіншілерге арналған жол бөлігіне міндетті түрде жаяу жүргіншілердің қозғалысын реттейтін бағдаршам орнату керек,-деді Алла Белякина.

Жиында ата-аналар 35, 20, 72-ші ықшам аудандардағы қауіпті жол бөліктері жайлы өз алаңдаушылықтарын жеткізді.  Мәселен қала тұрғыны Ольга Селиванова Шугаев және Қабанбай батыр көшелері бойындағы «Эйкос» дүкені маңындағы жаяу жүргіншілерге арналған жол бөлігіне де көңіл бөлу қажеттігін айтты.


– Көлік жүргізушілері бұл жердегі белгіні елемейді де. Бала тұрмақ үлкендерді өткізбейді. Қаламызда көлік жүргізу  мәдениеті деген мүлдем жоқ, -деді ол өз сөзінде.

Ата-аналар  ұжымының сөзінше №29-шы мектептің тура қасынан өтетін бағытты автобустар үнемі жылдамдықты асырып өтеді.  Сондықтан тұрғындар Семей қалалық  жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Әділбек Нығмановтан сол маңда  және №3-ші мектеп маңайында жаяу патруль қызметін күшейтуді сұрады. Ата –аналар «Жастар сарайы» маңындағы жаяу жүргіншілер өтетін жол бөлігіне назар аударуды да талап етті.



–  Осында айтылған әрбір ұсыныс жерде қалмайды,барлығын да қарастырамыз. Дәл қазір осы 10 күн ішінде Гагарин көшесінің бойында, «Балалар жұқпалы ауруханалар ауруханасынан» бастап Шугаев көшесіндегі дөңге дейін  жылдамдықты 40км/сағ шектейтін белгілі қойылатынын сенімді түрде айта аламын.  Онымен қатар «Абайлаңыз балалар» деген белгі де орнатылады.  Сонымен қатар жол бойын тарылтып тұрған автобус аялдамасын да ары қарай жылжытамыз деп ойлаймын.  Ал Гагарин көшесіндегі жол бөлігіне бағдаршам қою және  ол жерде жүк көліктерінің жүруіне тиым салу туралы ұсыныстар жан-жақты зерттеледі, – деп сендірді қалалық жолаушылар  көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серікқали Жұманов.


–  Балалардың мектептен үйге дейінгі жол қаупісіздігін күшейту мәселесі әбден ширығып тұр. Осыдан екі апта ғана бұрын қала әкімі Ермак Сәлімовтың тапсырмасымен  оқушылардың үйлеріне жетуіне дейінгі аралықтағы ең қауіпті деген жол бөліктері туралы деректер жинақтадық.  Дәл осы талдама жұмыстары қай жерді жарықтандыру керек, қай жерде белгілер немес басқа да шаралар атқарылу керегін нақты айқындап береді,-деді жиынды қорытындылаған  қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко.

Сондықтан  Наталия Фесенко барлық семейліктерді осы маңызды жұмыстарды атқаруда белсенділік танытуға шақырды.  Ата-аналардан, тұрғындардан  жол қауіпсіздігін арттыруға арналған ұсыныстар жинау  мақсатында  білім бөлімі  әлеуметтік желі арқылы арнайы топ  та ашты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив