KZ
Өскемен
+5°
небольшая облачность жел 5 м/с, СБ
444.32 473.33 4.76

Киіз басудан Қазақстандағы ең шебер кәсіпорын

22.11.2017, 04:34 364

Қайта құру жылдары бұл кәсіпорын мемлекетке қомақты қарыз болып, жұмысшыларына ақша төлей алмай қалады. Сөйтіп, салық инспекциясы мен қала әкімшілігінің көмегіне орай, келісімшарт жасалып, киіз басу комбинатынан айыппұл мен өсімді алып тастайды. Ал негізгі қарызды кәсіпорынның қазіргі директоры Харис Сайфутдинов төлейді. Ол бұған дейін жәй ғана слесарь болатын. Сөйтіп, үлкен басшылық қызметке тағайындалды. Барлығы да оның еңбекқорлығына байланысты болды. Қазіргі заманауи құрал-жабдық, сенімді мамандар, тамаша өнім, міне, осының барлығын «Роза» ЖШС-інің басшысы Харис Сайфутдинов бүгінде шебер басшылығымен біріктіріп отыр.


-Киіз басатын кәсіпорынның жағдайы қазіргідей оңды емес еді,-деп әңгімеледі Харис Сайфутдинов,-1997 жылы оның қалған-құтқан жабдығы мен төрт қабырғасы ғана тұрды. Бір жыл ішінде комбинатты жаңғырттық. 1998 жылы толық жұмыс істей бастадық. Кәсіпорынның пималарын семейліктер кие бастады. 2003 жылға дейін комбинат кәсіпорынның аяқ алысы жаман болмады. Бұл жерде киіздің түрлері, яғни авиацияға, кәсіпорын мен құрылысқа қажеттілері бар. Біздің Шығыстың аязды, боранды күнінде далада еңбек ететін жұмыскерлерге, құрылысшыларға пима ауадай қажет. Сыртта жүретіндердің әсіресе, аяқтары тоңбауы аса маңызды. Аяқтары тоңса денсаулықтарынан айрылып, берекелері кетеді. Сол үшін де олар көбіне «Роза» ЖШС жасайтын пиманы сатып алып жатады.


Бүгінде кәсіпорынның жасаған пималары сұранысқа ие болып отыр. Қазіргі жұрттың қызығып киетіні де осы пималар. Киіздің пайдасы ұшан-теңіз екендігі белгілі. Бұл қазақ халқының ата-бабасынан бері келе жатқан ұлттық өнері. Қазақ қол өнерінің көркемдік ерекшелігінің негізі болып киіз басу өнері саналады. Дегенмен қазіргі кезде бұл материал жаңа ғұмырды бастан кешуде. Киізден жасалған экологиялық таза, жылы да әдемі заттар барған сайын көпшілік көңілінен шығуда. Киіз отбасына бақыт қана емес, сонымен қатар әулетке құт-береке сыйлайды деп есептеледі, сондықтан үйлену тойы күні қалыңдыққа киізден жасалған кілем немесе басқа да бұйымдар сыйланады. Киіз бұйымдар сондай-ақ отбасы ошағының тұмары ретінде қызмет етеді.


Шугаев көшесі, 153 мекен-жайында орналасқан, киіз басатын осынау кәсіпорын «Роза» ЖШС-і бүгінде Харис Гаязұлы бастықтарының ұйымдастыруымен толыққанды жұмыс істеп тұр. Бүгінде кәсіпорын «Алтын сапа» сыйлығына да ұсынылыпты. Комбинаттың өнімдері бүгінде Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде мақтаулы. Кәсіпорын басшылығына жұмысқа келген Харис Сайфутдинов комбинаттың жағдайын түзегендігін үкімет те ескеріп, 1999 жылы дипломмен, медальдармен марапаттапты. Бүгінде «Роза» ЖШС-інде желеткелер, кілемшелер, ұлтарақтар, бас киімдер мен қолғаптар, дәнекерлеушілер мен болат қорытушыларға арналған жұмыс киімдері бар. Бұндай көптүрлі өнімге қалай келген деген сауалға жауап іздесек, 2003 жылы Елбасының Қазақстан халқына жолдаған тұңғыш Жолдауы себепкер болған екен.


-Елбасы бизнесті жаңғырту туралы айтты,-дейді Харис Сайфутдинов,-яғни, Кеңес үкіметі тұсындағы өнімдер әлемде бәсекеге қабілетті болмай жатыр, сондықтан да біз қазақстандық өз өнімдерімізді шығаруымыз керек деді. Сонымен немістің киізді көп таптайтын жабдығын сатып алдым. Әр жыл сайын кәсіпорында жаңғырту үшін жаңа құрал-жабдық алатын болдым.


Сөйтіп, киіз басу комбинаты табанына резеңке жапсырылған әрі жылы, әрі су өтпейтін өнімдерді шығаруды жолға қойды. 2014 жылға дейін біртіндеп жабдықтар алынғанмен, олар жеке бөлшектер күйінде қалып отырды. Сондықтан да құны 90 мың доллар тұратын Үнді елінің жаңа киіз басатын жабдығын сатып алуға тура келді. Бұл үшін Харис Гаязұлы «Даму» қорынан несие алды.


-Біз бұрынғыдан да қарқынды жұмыс істеуді жолға қойдық,-деді кәсіпорын директоры Харис Гаязұлы Сайфутдинов,-жаңадан өндірістік цехтар ашып, жүн өңдеу, пима басу айналымын ұлғайтып келеміз. Қазіргі кезде жасап жатқан пималарымыз жұрттың сұранысына, талапқа сай, түрлі сәндік үлгіде. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» Жолдауындағы тапсырмаларды орындауға байланысты елімізде шағын және орта бизнесті қолдау үшін 2015-2017 жылдарда ұлттық қордан тоғыз триллион қаражат бөлінетін болғанына хабардармыз. Көлемді қаражаттың мақсатты жұмсалуын Үкімет пен арнайы құрылған комиссия қатаң қадағалайды.Бұл туралы Елбасы кейінгі кезде өткізген мәжілістерінде бірнеше рет ескертті.Ұлттық қордан бөлінген әрбір қаржының игерілуі жіті назарда болады, деді. Президентіміздің «Орта және шағын бизнесті дамыту – бұл ұлттық экономиканың өсуінің тиімді драйвері», дегені өте дұрыс. Түрлі мемлекеттік бірқатар бағдарламалар биыл да жалғасын таппақ. Соның бірі ─ «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы. Біз осы бағдарлама арқылы көптеген жандарды жұмыспен қамтып отырмыз.

Бүгінде кәспорында 50 адам жұмыс істейді. Олардың өнімдерін, пималарын Қазақстан мен Ресейдің түрлі қалаларына сатып әкетеді. Мәселен, Челябі өңірінің әскери кәсіпорны киізден басылған бұйымдарды көптеп тұтынады. Олар бас кезінде Еуропадан алып отырған еді, енді міне, «Роза» киіз басу комбинатынан сатып алуда.


- Базар саудагерлерінің бағасы солай біресе шарықтап, біресе төмендеп тұр. Әйтпесе біздің дүкендерде баға әлдеқайда арзан. Пиманың түрлері, унты-пималар, етік-пималар 6500-7000 теңге. Барлығының бағасын сайтымыздан және дүкенімізден келіп көре аласыздар. Базарда баға шарықтап өскенмен, бізде өндіріс технологиясының көлемі өскен сайын өнім бағасы арзанндау үстінде. Біз пима, унтылардан басқа аңшылық бахилдарды да шығарамыз. Бұны осылай бастан-аяқ ойлап тапқан біздің кәсіпорын. Бұл аңшыларға ғана емес, шаруаларға, балықшылар мен жүргізушілерге таптырмайтын аяқкиім. Сыртында су өтпейтін материал, іші киіз, аяққа жылы. Цельсий бағамы бойынша 50 градус аяға төтеп бере алады. Біз дүкенімізде халыққа тиімді бағада саудаламақпыз. Балалар мен әйелдер унтылары қой жүнінен жасалған киізден жасалады. 45 градустық аяздарға төтеп бере алады. Үлкендерге арналған унтыдан балалар унтылары әрине арзандау. Желеткелерге келсек, жәй қарапайым балаларға арналған желеткелер 4500 теңге. Сондай-ақ, балаларға арналған түрлі-түстіленіп әсемделген пималар бар, олар 5000 теңге тұрады.


Мұнда балалар аяқкиімінің Белоруссиядан әкелінген терілермен көмкерілген әдеміленген түрлері бар екен, ал әжелерге арналған үйде киетін кебіс, аяқкиім де бар екен. Ондай аяқкиімдер үлкен кісілердің аяқкиімін жылытып ұстайды. Олар 2500 теңге көлемінде.


-Біз заманауи ұлттық өнім өндіруді жолға қоюымыз керек,-дейді Харис Ғаязұлы,-теріден, жүннен жасалған киім адамдардың денсаулығын сақтайды. Ал қазіргі бірқатар киімдердің еш жылуы жоқ. Әсіресе, синтетикалық талшықтан жасалған киім-кешектер денсаулыққа зиян. Жұмысын өткен жылдары бастаған Еуразиялық Экономикалық Одақтың арқасында Қазақстан, Ресей, Белоруссия арасындағы тауар айналысы жақсаруда. Өйткені бізге тапсырыс бар. Бірақ әлемдік дағдарыс, санкциялар, Ресейдегі рубльдің құлдырауы бізге де, яғни сыртқы тапсырыстарымызға кейде біршама әсер етеді. Бірақ бұл дағдарыстан Қазақстан да, Ресей де шығатын болмақ, деп үміттенемін. Айта кету керек, қысқы киім болғандықтан, пима саудасы тек желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында ғана қызады. Наурыздан бастап күн жылынады да, пиманың саудасы жүрмейтіндігі тағы бар. Саудагерлер, жол тазалаушылар мен малшылар болмаса, көліктен түспейтін қала халқы пимадан гөрі етік кигенді ұнатады. Біз жақында үндіс жабдығын сатып алдық. Осы жоғары технология арқылы жүнді басу, киіз дайындау барысы анағұрлым жақсарды, жылдамдатылды. Аяқ киімнен басқа да, киіз түрлерін шығарамыз. Қазір Астанаға тапсырыс дайындаудамыз. Жүн көрпе, жастық, текемет дейсіз бе бәрін шығарамыз. Киіз үйлерді де дайындаймыз.


Негізінде киіз басу ежелден келе жатқан дәстүр, бұл өнердің біздің заманымызға дейінгі ғасырларда қазақ даласына кеңінен таралып кеткені мәлім. Бұл жерлерді мекен еткен ата - бабаларымыз киізден түрлі бұйымдар жасайтын болған. Қазіргі уақытта пима киіп, үйіне текемет төсейтін қазақтар аз болғанымен, киізден жасалған бұйымдарға деген сұраныс бар. «Киіз басу» қазақтың төл өнері. Сондықтан да оны қолданыстан шығып қалды деуге болмас. 2004 жылы Семейдегі «Роза» ЖШС-і елде ең үлкен пима жасап шығарды. Өлшемі – 106, қонышының биіктігі – 178 сантиметр, салмағы – 16,5 келі. Ал бұл күндері «Розаның» киізден басып, жасап шығаратын түрлі өнімдеріне итальяндықтар, қытайлықтар мен ресейліктер де қызығушылық танытып отыр. Өнімдері өте сапалы. Бұрындары ТМД көлемінде саудаға шығарса, енді бүкіл әлемге тарата аламыз дейді басшылық. Осыдан он жыл бұрын жүн жетпей жататын. Бұл күндері облыста мал басы өскендіктен, шикізаттан кедергі жоқ. Барлық ауданнан мал жүні әкелініп тапсырылады екен.


2016 жылдың қаңтарынан бастап, «Роза» ЖШС-і ребрендингпен айналыса бастады. Жаңадан уггилер, моңғол тәпішкелер, массаждық кілемшелер жасалды. Бұған басшылық дағдарыс кезеңіне қарамастан нартәуекел деп жол салып отыр.


-Сонымен өткен жылдың желтоқсан айынан бастап, жаңа өнімдер шығаруға көштік,-дейді Харис Сайфутдинов,-балалар пимасы, ерлердің бахил-етіктері, киіз ұлтарақтар түрі, моңғол тәпішкелері, әйелдер мен ерлер уггиі және бұрыннан шығарып келе жатқан пималардың бір түрін ғана қалдырдық. Біздің кәсіпорында аралап көрген облыс әкімі Даниал Ахметов өнімдерімізге жақсы баға берді.


«Роза» ЖШС-і сияқты кәсіпорын әлемде тек Қазақстанда ғана бар екен. Бәсекелестері жоқ болып отыр. Ресейде осыған ұқсас бір-екі кәсіпорын болғанмен, олардың өнімдерінің сапасы Семейдегі киіз басу комбинатынан әлдеқайда төмен. Сондықтан бұл күндері эстондықтар да киіз өнімдеріне қызығушылық танытып отыр.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив