KZ
Өскемен
+8°
ясно жел 11 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Мехатроник деген мамандық бар

22.11.2017, 03:30 176

Мехатроника мен робототехника - елімізде енді ғана дамып келе жатқан инновациялық сала. Технология қалай дамыса, робототехника да солай дамиды, өйткені робототехника технологиямен тығыз байланыста екендігі түсінікті.


Демек мехатрониктер мен робототехниктер жақын болашақта еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға айналмақ. Аталған саланың дамуы соңғы жылдары қарқын алып келеді. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тікелей тапсырмасымен өңіріміздегі қалаларда ғана емес, ауыл мектептерінде де робототехника кабинеттері ашылып жатыр. Бұл орайда мамандарға тапшылық болмас па екен? Өңірімізде инженерлердің жас буынын даярлау, робототехниканы насихаттау арқылы ғылыми-техникалық бағытты дамыту қаншалықты деңгейде?


Робототехника өмірдің барлық саласында қолданылады. Өздігінен ашылып-жабылатын есіктерден бастап нанотехнологияларға дейін робототехника пайдаланылады. Бұған дейін тек Назарбаев зияткерлік мектебіндегі оқушыларды оқытса, енді кез келген ауыл мектептерінде информатика пәні мұғалімдері робототехника негіздерін үйрететін болады.


Әлемдегі Жапония, Германия, АҚШ, Корея сынды елдерде аталған сала жоғары деңгейде дамыған. Қазіргі күні мехатроника мен робототехниканың үздік жетістіктері ғылымда, өндірісте, авиацияда, космостық және әскери техникада, көлік жасауда, медициналық құрылғылар, бақылау-өлшеу машиналарымен қатар, тіпті күнделікті тұрмысқа қажетті техникалар ретінде кеңінен қолданылады. Еліміздегі робототехника саласы бұл елдермен салыстырғанда кенжелеп тұрғаны жасырын емес. Дегенмен қазір еліміздегі жоғары немесе кәсіптік білім беру мекемелерімен қатар мектептерде де балалардың, жастардың аталған саланы игеруіне мүмкіндігінше жағдай жасалып отыр.


Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің проректоры, ақпараттық технологиялар және энергетика мектебінің директоры Наталья Денисованың айтуынша, құрал жасау және автоматтандыру, машина жасау кафедралары аясында «мехатроника және робототехника» бойынша мамандар даярлануда.


Өңіріміздегі ірі өндіріс орындарын сапалы мамандармен қамтамасыз етіп отырған жоғары оқу орнында заманауи цифрлық технологияларды оқытуға бағытталған бірқатар зертханалар жұмыс істейді. Мәселен, «Механика, құрал жасау және робототехника» ғылыми-оқыту кешені студенттердің жобалау, зерттеу, мехатрондық және робототехникалық жүйелер мен кешендерді жасау және пайдалануға бағытталған білім-біліктерін тереңдете зерттеуге арналған. Кешенге заманауи құралдармен жабдықталған «MITSUBISHI», «SIEMENS» фирмаларының контроллерлерін бағдарламалауға арналған оқыту зертханалары, «Киберфизикалық жүйелер телекоммуникациясын оқыту зертханасы», «Робототехника, мехатроника және электротехника» зертханасы кіреді.


Халықаралық ынтымақтастық жақсы жолға қойылған. Университет магистранттары жыл сайын Ресей, Польша, Оңтүстік Корея, АҚШ және Германия елдерінің университеттерінде тағылымдамалардан өтеді. Онда оларға өз салаларының заманауи техникалық құралдарымен және технологияларымен танысуға, сәйкес мамандық бойынша дәрістік және тәжірибелік сабақтарға қатысуға және көрікті жерлерді көріп шығуға мүмкіндік беріледі. Оқыту мемлекеттік және орыс тілдерінде, кей пәндер ағылшын тілінде жүргізіледі.


Жуықта Д.Серікбаев атындағы техникалық университет басшылығы облыстағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақ ниет» интернат-пансионаты мен Үржар ауданындағы Абай атындағы орта мектебінде робототехника сыныптарын ашып, жабдықтап берді. Аталмыш жоғары оқу орнының оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Сәуле Рахметуллинаның айтуынша, мектепке сыйға тартылған бұл құрал-жабдықтар балалардың логикалық ойлау жүйесін дамытып, конструкторлық және инженерлік қарым-қабілеттерін ұштауға мүмкіндік береді.


Құрал-жабдықтар жиынтығында бес базалық құралдар, бес ноутбук және екі ресурстық жиынтық бар. Бұл жиынтықтар арқылы балалар роботты бағдарламалауды үйреніп, магниттік құбылыстарды, радиобайланыс қағидаларын меңгереді. Осылайша, математика, механика, физикаға деген қызығушылықтары артады.

Робототехника – бірнеше пәннің үйлесім табуы. Бағдарлама жасау барысында міндетті түрде математика, информатика, физика, геометрия пәндерінің элементтерін пайдаланады. Мәселен, математикалық формуланы пайдалана отырып, өздері тәжірибе жүзінде шыңдайды. Физикалық есеп арқылы роботты, оның қимылын жасайды. Мұндағы басты мақсат – балаларды, жастарды ғылымға баулу.

LEGO Mindstorms EV3 роботы негізгі жеті түсті ажырата алады. 2,5 метр қашықтықтан «көреді» және ультрадыбысты толқындарды «естиді». Ко

мпьютермен және басқа да роботтармен Wi-Fi, Bluetooth арқылы байланыса алады.

Өскемендегі «Жас техниктер станциясында» 9-12 жастағы балаларға арналған «Робототехника» үйірмесі жұмыс істейді. Мұнда да LEGO Mindstorms EV3 базалық жиынтығынан роботтар құрастыру арқылы балаларды республикалық және халықаралық сайыстарға дайындайды.


«Мен - инженермін» жобасы қолға алынды


Өңіріміздегі техникалық және кәсіптік білім беру және кадрларды даярлау орталығы директорының міндетін атқарушы Ләззат Кездікбаева айтып өткендей, «Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру мақсатында STEM робототехника және технология негіздерін енгізуге бағытталған іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Бағдарлама аясында «SYNERGY» ғылыми-білім беру қоры Өскемен политехникалық колледжінің базасында «Мен-инженермін» жобасы бойынша арнайы курс ұйымдастырды. Бұл курсқа өңіріміздің 21 колледжінен жиналған информатика, физика пәндерінің 23 оқытушысы қатысып, «3D модельдеу және жобалау» бағыты бойынша білім-біліктерін жетілдірді.


Ұлттық чемпионаттан жүлдемен оралды


Өскемен политехникалық колледжі, Электротехникалық колледж, Аягөз қаласының политехникалық колледжі, Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі, Радиотехника және байланыс колледжі сынды облыстағы 12 колледжде «3D модельдеу және жобалау» үйірмелері ашылды. Бүгінде Семей қаласындағы Көлік колледжінде мехатроник мамандығы бойынша 39 студент мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алып жүр.


Кәсіптік білім беру аясында әлеуметтік серіктестік заманауи білім беру сапасын жетілдіретін негізгі механизм ретінде колледж студенттері мен түлектерінің өндірістік тәжірибеден өтуіне демеу көрсетіп, жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін қарастырады.


Бүгінде Көлік колледжінің әлеуметтік серіктестері - «Машина жасау зауыты» АҚ, «СемАЗ» ЖШС, «Таксомоторный парк» ЖШС және «СемАвтопарк» ЖШС.


Биыл Астана қаласында Білім және ғылым министрлігі және «Кәсіпқор» холдингінің ұйымдастыруымен өткен «Worldskills Kazakhstan» ұлттық чемпионатында Көлік колледжінің студенті Алексей Климков пен Электротехникалық колледждің студенті Вильгельм Лиманскийдің «Мехатроника» біліктілігі бойынша жүлделі бірінші орын алғандарын мақтанышпен атап өткен жөн. Одан кейін екеуі де ел құрамасының қатарында Абу-Дабиде өткен «Worldskills Competition» әлемдік чемпионатына қатысып келді.


-Мен Электротехникалық колледжде «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша оқимын. Екінші курстан бастап робототехника үйірмесіне қатысамын. «World Skills» ұлттық чемпионатында берілген тапсырмалар оңай болған жоқ. Бірақ өзімнің болашақ мамандығыма деген сүйіспеншіліктің, робототехникаға деген құлшыныстың арқасында бірінші орынға ие болдым. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен халықаралық чемпионатта әлемнің 150 елінен келген қатысушылармен тәжірибе алмасудың сәті түсті. Өзіме көптеген жаңа достар таптым. Бүгінгі жастар еліміздің дамуына өз үлесін қосуы үшін әлемдік бәсекеге қабілетті, жоғары білікті маман болуға тырысуы қажет,-дейді болашақ мехатроник Вильгельм Лиманский.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив