KZ
Өскемен
+10°
небольшой дождь жел 3 м/с, Ю
448.15 483.46 4.86

Зейнетақының қалай есептелетіні туралы бірнеше мысал

16.11.2017, 03:15 157

Зейнет жасына жеткен әрбір адамды зейнетақысының көлемі, қалай есептелетіні толғандырады. Осы мақалада біз зейнетақы мөлшерін қадам-қадаммен есептеп көрмекпіз. Бізге Еңбек, әлеуметтік даму және көші-қон комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің бас маманы Жанна Самұратова көмектеседі.


Қазақстанда «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңға сәйкес бүгінгі күні әйелдерге 58 жаста, ерлерге 63 жаста зейнетақы тағайындалады. 1998 жылға дейін әйелдерде 20 жыл, ерлерде 25 жыл еңбек өтілі болу керек. Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін анықтау үшін 1995 жылдың 1 қаңтарынан, жұмыста болған үзілістерге қарамастан, зейнет жасына жеткенге дейінгі кез келген қатарынан үш жылдағы табыс негізге алынады. Ескеретін жайт, 1998 жылдан бастап бізде зейнетақы жинақтау жүйесі енгізілгені белгілі. Яғни, әрбір азамат жалақысының 10 пайызын міндетті түрде жинақтау қорына аударып отырады. Осы жерде 1998 жылдан бастап, зейнетақы жарналары аударылған табыс қана негізге алынатынын ескеру қажет.


Орташа айлық кіріс үш жылдағы табыс көлемін 36 айға бөлу арқылы есептеледі. Зейнетақының негізгі бөлігіне орташа айлық кірістің 60 пайызы алынады. Мысалы, бүгін зейнеткерлікке1954 жылы туған ерлер мен 1959 жылғы әйелдер шығып жатыр. Еңбек өтілі әйел үшін толық 20 жыл, ерлер үшін 25 жыл болса, орташа айлық кірістің 60 пайыз алынады. Егер де еңбек өтілі бұдан асып кетсе, әр жылға бір пайыз қосылып отырады. Бірақ ол 75 пайыздан аспау керек. Сонда әйелдер үшін ең жоғары еңбек өтілі 35 жыл, ерлер үшін 40 жыл болады. Былайша айтсақ, әйел адам 1998 жылға дейін 25 жыл жұмыс істеді делік. Онда оның кірісінің 65 пайызы есепке алынады, яғни әрбір артық жылға 1 пайыз қосылды.


Бірінші мысал. Әйел адам үш жылда орташа айлық кірісі 100 мың теңге болды деген анықтама әкелді. Оның 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі 16 жыл.


Алдымен жылын айға айырбастаймыз:


1)16*12=192 ай;

2) оны 100 мың теңге табысына көбейтеміз: 192*100 000= 19 200 000 теңге;

3) шыққан соманың 60 % анықтаймыз. 11 520 000 теңге болады;

4) енді осы соманы қажетті еңбек өтіліне - 20 жылға бөлеміз, яғни 240 айға, 11 520 000 /240= 48000 мың теңге;

5) Бұл - зейнетақының негізгі бөлігі. Оған 14 446 теңге базалық зейнетақы қосылады: 48 000+14 446 = 62 446 теңге.


Екінші мысал. Бұл кісіде еңбек өтілі болған делік, 16 жыл, бірақ ай сайынғы кірісі расталмаған.


1)16*12= 192 ай;

2) 192*31 245 теңге (ең төменгі зейнетақы) = 599 904 теңге;

3) 599 904 / 240 ай = 24 996 теңге шығады.

4) 24 996+14 466 (базалық зейнетақы) = 39 462 теңге.


Егер еңбек өтілі толық 20 жыл болса, онда айға шақпаймыз, кірістің 60 пайызын ала саламыз. Оған 14 446 теңге базалық зейнетақы қосылады.


Әйел адамның еңбек өтілі 25 жыл болса, ол 5 жыл артық істеді, демек орташа айлық кірістің 65 пайызы негізгі зейнетақы болып саналады. Неғұрлым еңбек өтілі көп болса, зейнетақы да соғұрлым жоғары.


Үшінші мысал. Ер адамда еңбек өтілі 16 жыл ғана, орташа айлық кірісі 100 мың теңге.

Бұл жерде де дәл жоғарыдағыдай есептеледі. Тек 300 айға бөлінеді. Өйткені ерлердің еңбек өтілі 25 жыл болуы керек.


1) 25*12=300 ай.

2) 16*12*100000*60% =11 520 000 теңге

3) 11 520 000/300 ай = 38 400 теңге

4) Сонда 38 400 (негізгі)+14 466 (базалық)= 52 866 теңге.


Егер 28 жыл істесе, ол 3 жыл артық істеп қойды, кірісінің 63 пайызы алынады: 63 000+14 466= 77 466 теңге шығады.


2018-27 жылдар аралығында әйел адамдардың зейнет жасына жыл сайын 6 ай қосылып, біртіндеп 63 жасқа жетеді.


Мысалы, 1960 жылдың 1 қаңтарында туса, зейнеткерлікке 2018 жылдың 1 шілдесінде кетеді.

Егер әйел адам 1960 жылдың екінші жартысында туса, мысалы, 1960 жылдың 1 шілдесінде, оған тура бір жыл қосылады. Яғни 2019 жылдың 1 шілдесінде кетеді. Ары қарай 1,5 жыл, 2 жыл, 2,5 жыл деп, біртіндеп, 63 жасқа дейін жетеді. Осылайша 1965 жылы туған әйелдер зейнеткерлікке 63 жаста шығатын болады.


Тағы бір мысалды талдап көрейік. 1960 жылы 1 қаңтарда туған әйел зейнеткерлікке 2018 жылдың 1 шілдесінде шығады. Оған 20 жыл еңбек өтілі керек, ол мүмкін жұмысқа 18 жастан тұра алмады.

Еңбек өтілі 18 жыл, орташа айлық табысы 90 мың теңге делік. Жоғарыдағы тәсілмен есептесек, зейнетақының негізгі бөлігі 48 600 теңгеге тең. Бұл сомаға базалық зейнетақы қосылады. Базалық зейнетақы 2018 жылдың 1 шілдесінен жаңаша есептеледі. Бұл кісіде 1998 жылға дейін 18 жыл еңбек өтілі бар, 1998 жылдан кейін тағы 20 жыл жұмыс істеді. Барлық еңбек өтілі 38 жылды құрайды. 2018 жылдың 1 шілдесінен еңбек өтілі 33 жылдан асып кетсе, базалық зейнетақы ең төменгі көрсеткіш деңгейінде жүз пайыз төленеді. Бұл 24 459 теңге, сонда 48 600+24 459 = 73059 теңге болады.


Қазіргі заңнамаға сәйкес, зейнетақы төлемінің мөлшері үш бөліктен тұрады: негізгі, базалық және жинақтаушы қорындағы қаражат.


Жанна Самұратованың түсіндіруінше, жинақтаушы қорда ақшасы болса, зейнеткер бүгінгі таңда оның отыз ең төменгі зейнетақы көлеміндегі мөлшерін: 31 245*30 = 937 мың 350 теңгені қолына бірден ала алады. Бұл сомадан 10 пайыз көлемінде салық ұстайды. Сонда қолына таза 843 615 теңге тиеді.


Егер қорда 500 мың теңге жиналса, оны бірден алуына болады. Жинақтаушы қордағы ақшаны алу тәртібі 2018 жылдың 1 қаңтарынан өзгереді.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив