KZ
Өскемен
-4°
небольшая облачность жел 3 м/с, СБ
443.85 474.3 4.8

Тастауға тиым салынатын тұрмыстық қалдықтар туралы айтылды

30.10.2017, 09:16 142

Еліміздің экологиялық кодексіне енгізіліп отырған түзетулерге байланысты 2019-жылдан бастап қалдық тастайтын полигондарға қатты тұрмыстық қалдықтардың 17 түрін (дөңгелек, шыны, металл, макулатура, полиэтилен бұйымдар т.б) тастауға тиым салынады.


Облыс өзгертілген кодекске сай жаңа жүйеде жұмыс істеуге дайын ба, қалдықтарды жекелей, іріктеп жинауға әзірлік жүргізіліп жатыр ма?


- Ең бастысы- жекелеп жинауды талап ететін заңның бар екенін түсіну қажет, сонымен бірге заңдылықта жергілікті деңгейде қалдықтарды жекелеп жинап, жоюды қамтамасыз ететін нормативтік-құқықтық құжаттардың саны да жеткілікті,-дейді осы сауалдарға жауап берген Экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры, облыстық қоғамдық кеңестің экология жөніндегі сарапшылар тобының жетекшісі Геннадий Корешков.- Біздің бастамамыз бойынша қызығушы тараптар арасында (кәсіпорын, коммуналдық қызметтер, қалдық шикізаттарды жинаушы мекемелер, билік, халық) өзара байланыс орнатылып, облыс аумағында қалдықтарды жекелеп жинауда бірлесе әрекет етуге күш біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қысқа мерзім ішінде алты ведомствоаралық кеңес өтіп, қалдықтарды жекелеп жинауға дайындық жүргізудегі барлық мемлекеттік құрылымдардың жауапкершілігі нақтылы анықталды. Мысалы, тұрғын үй инспекциясы кондоминиумге, ПИК –ке тиесілі үй аулаларын ғана емес, сол маңдағы аумақты да бақылауда ұстауы тиіс. Жергілікті полиция тұрғындардың қоғамдық тәртіпті сақтауын қадағалайды т.б. Жобаны іске асыруға өте аз уақыт қалғанын ұғынуымыз керек.


Дайындық шараларына кірісіп кеткен облыс экологтары қалдықтарды жекелеп жинау жүйесін іске асыруға кедергі келтіріп отырған көптеген мәселелердің барын да айтты. Ең біріншісі, мемлекеттік құрылымдарда Экологиялық кодекстің 301 –ші статьясын іске асырудың нақты тетіктері мен жолдары жоқтығы. «Өскемен қаласында қалдықтарды жекелеп жинау мен сұрыптаудың жол картасы» мен «Қатты тұрмыстық қалдықтарды жекелеп жинау, сұрыптау, жою және қайта өңдеу нысандарын салу бойынша, Шығыс Қазақстан облысында қалдықтармен жұмыс істеу бойынша жергілікті атқарушы органдар мен мамандандырылған кәсіпорындардың біріккен іс әрекетінің 2020 –жылға дейінгі Жол картасы» қағаз жүзінде ғана құрылған, іс-шараларды іске асырудың алгоритмдері көрсетілмеген. Экологтар бүгінгі күнге дейін бұл басты құжаттың бірде-бір пункті орындалмағанын айтып отыр.


Қоқысқа тастап жатқан заттардың тең жартысын құрайтын полиэтилен, пластик құтылар мен қағазды жекелеп жинаған бар жағынан жақсы болғанымен контейнерлермен байланысты материалдық шығындарды жабудың нақты көздері, құрамында сынабы бар қалдықтарды жинау пункттерін ашу және оларды қаржыландыру көздерін анықтау сияқты жәйттер шешілмеген.


-Геннадий Леонидович, сіздер шетелдіктердің қалдықтарды жекелеп жинаудғы іс-тәжірибесін зерттедіңіздер. Қазақстанда жекелеп жинауды қалай жүргізген тиімді?


- Қалдықтарды жекелеп жинау жүйесінде нәтижелі жұмыс жүргізіп келе жатқан Германиядағы ҚТҚ ( қатты тұрмыстық қалдықтарды)-ды жинау басқармасы жұмысындағы екі негізгі сәтті бірден, бірыңғай етіп енгізу керек деп ұйғарып отырмыз. Біріншіден: барлық контейнер алаңдарын шыны, полиэтилен, қағаз жинайтын түрлі-түсті контейнерлермен қамтамасыз ету керек. Екіншіден: пайдаланылған шикізаттарды қабылдайтын коммерциялық, стационарлық пункттер ұйымдастыру керек. Әрбір елдімекенде, ықшам ауданда қабылдау пункттерін аша отырып, қабылданатын қалдықтарға қойылатын талаптар тізімі осы пункттердің өзінде және газет беттерінде жариялануы тиіс. Қабылдау пункттерін конкурстық негізде, егер конкурс жеңімпазы өз қызметін дұрыс орындамаған жағдайда оның жұмысына тиым салынатындай шарттар, талаптар қоя отырып ашу керек. Ал, қабылдау пункттерінде жиналған қалдықтарды шағын қайта өңдеу кәсіпорындары екінші қайтара пайдаланылатын шикізаттар ретінде қолданады. Ол үшін мұндай кәсіпорындарға жергілікті, аймақтық бюджеттен қолдау көрсетілсе. Мысалы, біздің қалада көлік дөңгелектерін, қақпақтарын қайта өңдеумен айналысып отырған шағын кәсіпорын бар. Шиналардан жасаған олардың ұнтақ материалдары спортзал, балалар алаңдары, жаттығу кешендеріне төселіп келеді. Кәсіпорында шикізат жетіспеушілігі жоқ. Бір ауысымда 2-3 тонна дөңгелек қақпақтарын өңдейді. Егер, осындай кәсіпорынға резинаны микроұнтаққа айналдыруға мүмкіндік беретін құрал-жабдық сатып әперуге қолдау көрсетсек, кәсіпорын сұрыпталған, екінші қайтара пайдаланылатын қалдықты қабылдай отырып, жолға қажетті жоғары сапалы асфальтбетон өндіруге керекті жаңа өнім түрін шығарар еді.


Экологиялық қауіпсіздік орталығы басшылығының ойынша ҚТҚ-ды жекелеп жинаудағы келесі кезең- сұрыптау желілерін салу болмақ. Қалдықтарды осы күнгідей бір-біріне қосып, бірыңғай жинау қайта өңдеушілерді де, жинаушыларды да еш қызықтырып отырған жоқ. Ластанып қалған қағаз, құтыларды тазалап, іріктеп алу бірталай шығынды қажет етеді.Сол себепті аулаларға түрлі-түсті контейнерлер орнатылғаннан кейін жекелеп сұрыптау желісі жолға қойылмақ. Облыста тұрмыстық қалдықтарды түбегейлі сұрыптап, іріктеп алып, оларды екінші қайтара пайдаланылатын шикізат ретінде дайындайтын сұрыптау станциялары жоқ.

Қалдықтарды жекелеп жинауға көшу барысында қазір облыстағы барлық бюджеттік мекемелерге макулатура жинайтын, сауда фирмаларына макулатура, пластик, полиэтилен заттарды жинайтын орындарды анықтауға нұсқаулар беріліп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.


2017-жылдың басында облыстағы ҚТҚ полигондарына жиналған қалдық көлемі 7 851 870 тоннадан асты. Облыс аумағындағы 435 полигонның 25 –і ғана заңдастырылған. Пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кетен олардың бәріне рекультивация жүргізу қажет. Жыл сайын аймақта 200 000 тонна қалдық жиналып келеді. Олардың бәрі де полигондарға сұрыпталмаған, залалсыздандырылмаған күйінде тасталып жатыр.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив