KZ
Өскемен
+22°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, З
447.4 477.55 4.76

«Торпедо» турнир кестесінің 16-шы сатысына түсіп қалды

27.10.2017, 05:56 144

Қарсыласының қақпасына екі есе көп соққы бағыттаса да «Торпедо» жеңілуге мәжбүр болды. Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының 16-шы турында сырт айдында пензалық «Дизель» командасымен кездесу өткізген «Торпедо» 1:2 есебімен қарсыласына есе жіберді.


Осыдан бірер күн бұрын Саров қаласында жергілікті «Саровтан» ірі есеппен ұтылған жерлестеріміз бүкіл өшін келесі қарсыласы, турнир кестесінің төменгі бөлігінде орналасқан «Дизельден» алады деп ойлағанымыз рас. Бірақ, жерлестеріміз бұл жолы да ұпайдан қағылды. Айдын иелерінің қақпасына 60-тан астам соққы бағыттағанымен (пензалықтардікі 36 ғана), тым болмағанда екі ұпайға қол жеткізе алмады. Оның үстіне, ойын барысында «Дизель» хоккейшілерінің айдыннан екі есе жиі қуылуы да торпедолықтарға сеп бола алмады.


Матчтағы есепті бірінші кезеңнің сегізінші минутында пензалық команданың шабуылшысы Александр Тарасов ашты. Ең сорақысы, бұл уақытта «Торпедо» айдындағы ойыншы басымдығына ие болып тұрған. Соған қарамастан, гол соғудың орнына, өз қақпаларына шайба өткізіп алды. Ал екінші жиырма минуттықта Давид Думбадзе есепті еселеп, Алексей Ждахин командасының жағдайын тіптен қиындатып жіберді.


Араға 10 минут салып Роман Бердниковтің көмегімен есеп айырмасын бір шайбаға дейін қысқартқанымен, қонақтардың бұдан артыққа шамалары жетпеді. Қорытынды есеп 2:1.

Осы жеңілісінен кейін 24 ұпайы бар «Торпедо» турнир кестесінің 16-шы сатысына түсіп қалды. Кеше кешке газет беттеліп жатқанда жерлестеріміз қонақта самаралық «ЦСК ВВС» командасымен кездесті.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив