KZ
Өскемен
+7°
небольшая облачность жел 3 м/с, В
448.15 483.46 4.86

Оқытудың озық тәжірибелерін ортаға салды

26.10.2017, 10:13 196

Егемендікке қол жеткізіп, мемлекеттік тілімізді бекіткелі бері ширек ғасыр өтті. Бүгінгі таңда еліміздегі әдіскер-ғалымдар мемлекеттік тілді оқытудың қандай әдіс-тәсілдерін қолданып жүр? Олар қаншалықты тиімді? Осы орайда тілдің өзекті мәселелері Өскеменде өткен «Мемлекеттік тілді үйрету: әдіс, тәжірибе, инновация» атты республикалық семинарға арқау болды. Жиынға жуықта ғана Елбасының қабылдауында болып, болашақта қабылдануы мүмкін төл әліпбиіміздің екі үлгісін ұсынған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек, Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің қызметкерлері, белгілі әдіскер ғалымдар, Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарындағы мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының білікті тіл мамандары қатысты.


-Мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесін жетілдіру, озық тәжірибелерді зерделей отырып, оқытудың инновациялық әдістері мен технологияларын тәжірибеге енгізу мақсатында осы семинарды ұйымдастырып отырмыз. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған аталмыш шара барысында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын талқылап, алдағы оқу-әдістемелік жұмыстарды бағдарлаймыз,-дейді Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің басқарма басшысы Амангелді Қожабек.


Тіл үйретудегі инновациялық технологиялар

Қазақ тілін оқытуда қолданылатын инновациялық әдіс-тәсілдер туралы баяндаған Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Арай Жүндібаеваның айтуынша, тіл үйренушілердің белсенді іс-әрекетін ұйымдастыру – оқу үдерісіне қойылатын негізгі талаптардың бірі. Берілген тапсырмалар барысында білім алушының тұлғалық ерекшелігін шыңдау, шығармашылық-логикалық болмысын дамыту мақсатында диалогтік, монологтік тапсырмалар ұйымдастырылады. Диалогтік және рефлексивті технологияларды қолдану білім алушылардың жоба және зерттеу жұмыстарын жүргізулері үшін қажет болса, оқу сабақтарының тақырыптық ерекшеліктеріне қарай және пән мұғалімінің біліктілігіне негізделген қазақ, орыс, ағылшын тілінде пәндерді кіріктіре отырып, тақырыпты түсіндіру жұмыстары мен тапсырмалары оқушылардың үш тілде сөйлеу нормаларын дұрыс қолдануын қалыптастыруды көздейді. Бүгінгі әр оқулықтың мазмұнын тереңінен ашатын хрестоматиясы, аудио, видео таспалары бар. Бұл қосымшалар арқылы мәтінді дұрыс интонациямен оқуға машықтанып, сөздердің жазылуы мен айтылуы арасындағы айырмашылықты анықтай алады. Қазақ тілін оқытуда шығарма мазмұны мен идеясын бағамдай білуге де басымдық берілген. Қазақ тілін меңгеру барысында оқушылар көркемсөз өнерінің құдіреті, төл әдебиетіміз арқылы тарихымызды, мәдениетімізді, ұлттық құндылықтарымызды танып біледі.


Облыстағы лингвистикалық орталық директорының міндетін атқарушы Айнұр Ботабаеваның сөзіне сүйенсек, бүгінде өңірдің өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған қала, аудандарында 12 тіл оқыту орталығы жұмыс істейді. Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ересектерге тілді оқытудың типтік бағдарламасы негізінде бекітілген стандарт бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымы жасалып, онлайн режимі арқылы қашықтан оқыту мүмкіндігі іске асырылуда. Жыл сайын «Қазтест» бағдарламасы негізінде мемлекеттік қызметшілердің білім деңгейі анықталады. Лингвистикалық орталықтың әдістемелік және оқыту саласындағы жетістіктері де аз емес. Орталық әдіскерлері Ш.Шаяхметов атындағы үйлестіру-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Қазақ тілінің үздік оқытушысы», «Үздік әдістеме», «Медиасабақтар» республикалық байқауларында үнемі үздіктер қатарынан көрініп, жүлдемен оралып жүр. Мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін 2020 жылға қарай 90 пайызға жеткізу көзделген. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатындағы іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Карл Маркс айтып кеткендей, «Тұрып жатқан мемлекетінің тілін қонақ, нақұрыс немесе өз тілінің үстемдігін орнатқан басқыншылар ғана білмеуі мүмкін».

Тіл реформасы не үшін қажет?

«Тіл реформасы не үшін қажет?» деген сауал ел арасында қызу талқыланып жатыр. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Әлімхан Жүнісбек айтып өткендей, кез келген мемлекет мезгіл-мезгіл өз жазуын пысықтап, жетілдіріп, уақыт талабына сай жөндеп отырады. Бұл мәселені де солай деп түсіну керек. -Латын әліпбиіне көшу арқылы қырықтан астам ереже қысқарады. Қазақта 42 дыбыс емес, 28 дыбыс бар. Соның басын ашып, көпшілікке түсіндіруіміз керек. Қазір мұғалімдердің өзі қазақ тілінің төл дыбыстарының өзін ажырата алмай келе жатыр. Оған олар кінәлі емес. Жетпіс жыл бойы тоқпақтап, «42» дей бергеннен кейін адам соған қалыптасып қалады. Қазір заман өзгерді. Әлемдік ақпарат кеңістігі, компьютерлік технология заманы келді. Солардан қалып қоймай, икемделіп, пайдаланудың жолын іздеу керек. Негізгі, басты мәселенің бірі - осы. Қазақ тілінде 28 дыбыс бар, демек 28 таңба болуы керек. Әліппе құрастырған кезде төл дыбыстарымызға байланысты аздаған өзгерістер болуы мүмкін. Мәселен, біздің институт екі жоба әзірледі. Біріншісі-ұлттық жоба, онда 28 таңба бар. Яғни, бір дыбысқа бір таңба. Екіншісі, интернет әліппе немесе техникалық әліппе де аталады. Ол компьютер пернетақтасын оңай пайдаланудың амалы. Ол жерде басы артық сәттері болады. Өйткені кейбір дыбыстарды таңбалау үшін екі дыбысты қосақтап алуға тура келеді. Тіліміздің үндесім әуезін сақтаймыз десек, 28 таңбаның төңірегінде жұмыс істеуіміз керек.

Мамандардың айтуынша, негізі жүзден артық ұсыныс болған. Олардың ішінде студент те, ғалымдар да, мемлекеттік қызметкерлер де бар. Оған қуану керек. Өйткені бұл қоғамның сауаттылығын көрсетеді. Алайда соңғы ұсынылған нұсқа мүмкіндігінше тілімізге икемделіп жасалған.

Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Әлімхан Жүнісбек айырықша тоқталып өткендей, латын әліпбиіне қазіргі орфографиямыздың үлгісімен өтуге болмайды. Онда кирилдегі тілбұзар ережелерімізді сол күйінде қайталаған болып шығамыз. Сондықтан алдымен қазақ мәтініне «әліпби транскрипция» жасап алуымыз керек. Сонан соң барып, қазақ тілінің төл дыбыстарын латын әліпбиіне көшіреміз. Осындай реформаның нәтижесінде қазақ тілінің төл дыбыс құрамы кірме таңбаларсыз таза анықталып, буын тұрқы жаңсақ жіктелмейді, тасымал реті сетінемейді. Латын әліпбиіне өту үстіндегі жазу реформасының басты нәтижесі де осы болмақ.

Әлімхан Жүнісбек, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор:

-Кез келген ауқымды шара, ол экономикалық немесе әлеуметтік шара болсын, елді дүрліктірмей қоймайды. Өйткені ондай шараның жақтаушылары мен қарсыластары болады. Әліпби ауыстыру мәселесі де осы жайды басынан кешіріп отыр. Бұл бағыттағы шараны тек әліпби ауыстыру деп қарамай, кең қамтып, жазу реформасына айналдыру қажет.

Қазіргі әліпбиімізді «қазақ әліпбиі» деп атаудың еш реті жоқ. Өйткені ол «қазақ әліпбиі» емес, «қазақ-орыс әліпбиі», тіптен ақиқатын айтып «орыс-қазақ әліпбиі» десе де болады. Өйткені әліпбиіміз бір тілдің емес, әлдеқашан қос тілдің әліпбиі болып орнығып алды. Тіл мамандары қазақ жазуына жасалар болашақ реформаны тіл бұзар емле-ережелерден құтылудың бір амалы деп түсініп отыр. Жазудың тілге ықпалы өте күшті. Егер қазір бұрыс әліпби қабылдасақ, кейінгі ұрпақтың тілі бұзылып кетеді. Бұл бастама тілімізді бір қалыпқа түсіреді.

Гауһар Елембаева, Астана қаласы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының бас маманы:

- Мемлекеттік тіліміз «мәңгілік тіл» болып қалыптасуы үшін тіл мәселесіне рухани, патриоттық тұрғыдан қарауымыз керек. Тәуелсіз еліміз отызға аяқ басып, орда бұзар жасқа таядық. Енді Елбасымыз айтқандай, рухани тұрғыдан жаңғыруымыз керек. Ол дегеніміз мемлекеттік тілімізді өз деңгейіне биіктетіп, кемеліне жеткізу. Еліміздің әр азаматы «Рухани жаңғыру» мақаласына бейжай қарамай, өзінің жан дүниесінің жаңғыруы деп түсінуі керек. Өйткені алдымен ақыл-ой, санамыз жаңғырмай, мемлекеттік тіліміздің өз мәртебесіне көтерілуі қиын.

Зоя Маменова, Атырау облысы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту орталығының әдіскері:

-Ересектерге мемлекеттік тілді үйретіп, оқыту мәселелеріне арналған бүгінгі республикалық семинардың маңызы зор. Еліміздің әр өңірінен келген ғалым-ұстаздар тәжірибе-пікір алмасып, үздік сабақ үлгілерінің куәсі болдық. Латын қарпіне көшу мәселесі де - бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналып отыр. Жуықта ғана Елбасының қабылдауында болып, болашақта қабылданатын төл әліпбиіміздің екі үлгісінің ерекшеліктерін айқындап берген Әлімхан Жүнісбек қазіргі кирилл әліпбиіндегі кірме таңбалардың морфологиялық талданымын тайға таңба басқандай көрсетіп берді.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив