KZ
Өскемен
+8°
небольшая облачность жел 5 м/с, СБ
445.66 474.58 4.78

Арзан көмір Қаражырада!

17.10.2017, 12:01 269

Семейде биыл облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен әлеуметтік маңызы бар нысандарға күннің күрт суытуына байланысты жылу ертерек берілді. Бұндай жақсы көрініс бұрын-соңды болмаған. Десек те, біраз көпқабатты тұрғын үйлердің дайындық құжаттары дайын болмағаны да рас. Ал құжаттары дайын көппәтерлі үйлер кестеге сәйкес жылу жүйесімен қамтылды. Осы мәселелер туралы қала әкімдігінде Шығыс Қазақстан облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Департаментінің басшысы Қайрат Оразбаев пен қала әкімінің бірінші орынбасары Николай Ушаковтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында толық талқыланды.


-Биыл жылу қалаға 26 қыркүйек күнінен бастап берілді. Бірінші орында Семейдегі ауруханалар, балалар бақшасы, білім беру мекемелері сынды барлық әлеуметтік нысандар қосылды,-деді қала әкімінің орынбасары Николай Ушаков,-көпқабатты тұрғын үйлерге келер болсақ, жылу дайындық құжаты бар үйлер бірден жылу көзіне қосылды. «Жылукоммунэнерго» мекемесінің қарамағындағы 1069 көппәтерлі үйдің бүгінде 900-нде ғана дайындық құжаты бар болып тұр. Жылу беру маусымы үшін қазандықтарды жөндеуден өткізу керек болған. Осыған орай облыс бюджетінен 162 млн.теңге көлемінде қаржы бөлінді. «Ғаббасов», «35 квартал», «Зооветинститут» қазандықтары жаңартылды. Қажетті көмір де қалаға жеткізілуде. Бүгінде 50 мың тонна көмір түсірілді.


Баспасөз мәслихаты барысында жылуға көппәтерлі үйлердің дайындығымен қоса, жеке тұрғын үйлердің де көмірмен қамтылу мәселесі талқыланды. Күз сайын қала тұрғындары арзан әрі қолжетімді бағада көмір сатып алуға жанталасады. Бірақ, осы аралықта делдалдар да жұмыс істеп, бағаны көтеріп жіберетіндігі анық. Сөйтіп көмірдің тоннасы 10 мың теңгеге жетіп жығылады, деді баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар. Сондықтан да жер үй тұрғындарына қысты қалай өткізу керек, деген сұраққа орай Николай Ушаков өз ой-толғамдарын айтты.


-Біздің Семейде көмір жеткілікті, ол вагондармен де тасылып жеткізілуде,-деді қала басшысының орынбасары Ниолай Ушаков,-кеніш басы Қаражыраға барсаңыздар, ол жерден тоннасын тікелей 7 мың теңгеден сатып ала аласыздар. Бірақ біздің адамдар көліктері болса да, іргедегі Қаражараға барғаннан гөрі, күнделікті барып жүрген жерлерінен алып-сатушылардан сатып ала салады. Сөйтіп көмір неге қымбат, деп ренжиді. Және үйлеріндегі баяғы заманның қазір жақса, қазір өшіп қалатын пешін алып тастағандары жөн. Оның орнына қызуды ұзақ ұстайтын пештерді орналастырыңыздар, отынға да үнемді. Қазіргі көмір бағасы шарықтап кетсе, бұнымен айналысатын антимонополиялық комитет бар. Онда бағаны тым асырғандар айыппұл төлейтінін де ескерткіміз келеді.


Иә, шынын айту керек, елімізде жылу маусымына орай, көмірге деген сұраныс та артып отыр. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның мәліметі бойынша, қазан айының алғашқы он күнінде көмір тиеу 2,9 млн. тоннаға артқан, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға артық. Тіпті Қазақстанның электр станцияларында көмірдің тәуліктің қоры ҚР Энергетика министрлігі белгілеген көлемнен де біршама артық екен. Еліміздегі ең ірі көмір өндірушілер «Қаражыра ЛТД» ЖШС-і, «Богатырь Комир» ЖШС-лерінде көмір тиеу 100 пайыздан астам орындалып отыр. Көмір тиейтін орындарда көмір жеткілікті.

Жергілікті атқарушы билік орындары көмірді халыққа қалай жеткізеді, не айтып түсіндіреді ол өз еріктерінде, біздікі тек көмір өндіру, дейді кеніш басындағылар. Семейлік теміржолшылар үшін де бұл күндері көмір тасымалының маусымдық жұмысы да қызу басталып отыр. Әрине, жазда да осы жұмыстар атқырылып жатады. Бірақ, күз айларында халықтың сұранысы тез өседі. Бүгінгі таңда көмірді тиеу, жеткізу, түсіру жұмыстары белсенді түрде қолға алынған. Көмір тиеу жағы Семейде қазір өте жақсы деңгейде орналасқан.Тіпті тамыз айының соңында бастапқы жоба екі есе орындалған. Биылғы 8 ай ішінде 51 287 вагон, яғни 3572,4 мың тонна көмір тиелініп, тиісті жерлерге жеткізілген екен. Бұл межеленген жоспардан 727 вагонға артық көрсеткіш. Биыл 102,3 пайызға орындалған көмір тасымалы бұрынғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Мәселен, өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғандағы айырмашылық 143,4 пайыз екен. Көмір басындағы «Қаражыра – ЛТД» АҚ тапсырысының жоғарылауына орай тасымал деңгейі бұрын-соңды болмаған деңгейде артып отыр. Бүгінгі күні Семей ЖТ бөлімшесінің логистика және тасымалды ұйымдастыру бөлімі мамандары көмір тиеу, жеткізу бағытындағы шаралардың тиімділігін нақтылауда. Семей теміржолының аймақ бойынша ең ірі әріптесі «Қаражыра Ltd» ЖШС соңғы жылдары жоспар ауқымын ұлғайтып отыр. Республика бойынша ең ірі саналатын көмір кенішінің басшылығы биылғы жылдан бастап көмір тасымалын арттырып, жылына 7-10 млн тоннаға дейін жеткізбек. Яғни бір сөзбен айтқанда, көмір де бар, тасымал да жақсы ұйымдастырылған.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив