KZ
Өскемен
+7°
облачно с прояснениями жел 1,6 м/с, З
448.81 476.82 4.77

Күршімдегі балық зауытының өнімдерін Еуропа елдері сатып алып жатыр

5.10.2017, 10:30 401

Күршім ауданындағы жағалауда орналасқан алты елді мекеннің елі ежелден балық аулаумен шұғылданады. Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасынан балық аулауды кәсіпке айналдырып келе жатқан бұл жақтағы жұрттың тірлігі үш -төрт жылдан бері қайта жандана бастады. 2013-жылы ашылған «Төретоғам» балық зауытының арқасында бүгінде балықшылардың шаруасы жүріп, Күршім ауданының екінші тынысы ашылып отыр.


Кәсіп көзі болып отырған байлықты сақтап, көл балығын молайта түсу үшін өткен аптада «Төретоғам» ЖШС Бұқтырмаға 35 млн. теңгенің 1,5 млн ақ амур құртшабағын жіберді.


Күршім ауылының іргесінде орналасқан «Төретоғам» балық зауытының іші де, сырты да тап -тұйнақтай. Айқарма есікті үлкен қақпадан енген біз балық зауытының емес, балабақшаның ауласына келгендей болдық. Жайқалып өскен шоқ гүлдер мен тал -терек көмкерген алаңқайларға орнатылған әдемі арқалы орындықтар да бұл жерге өзгеше өң беріп тұр.


Бізді қарсы алған зауыт директоры Нұрлан Қасымханов өз әңгімесін зауыттың құрылуынан бастады. «Төретоғам» зауытының құрылтайшылары – Зайсан көлінің жағалауында орналасқан Күршім ауданына қарасты Балықшы ауылдық округінің Аманат, Ақсуат, Жолнұсқау және Тарбағатай ауданындағы Тұғыл ауылының сегіз кәсіпкері. 2013-жылы ашылған зауытқа осы жердегі суландыру жүйесінің бұрыңғы «Төретоғам» атауы беріледі. Құрылтайшылар кеңесе келе жаңа кәсіпорынға алдымен балықты кешенді өңдейтін заманауи технологиялы құрал-жабдықтарды сатып алған екен. Одан соң кәсіпорынға Еуропалық одақтың талаптарына сай келетін жоғары қуатты германиялық-ресейлік тоңазытқыш құралдарын әкеліп, орнатады. Балық өнімдерін 40-45 градусқа дейін қатыра алатын жаңа құралдардың 20 жылға дейінгі сапа кепілдігі бар. Санкт-Петербургтен келген білікті технологтардың көмегімен жаңа өндіріс жүйесі іске қосылып, 2014 жылғы кәсіпорын ғимараттары да толығымен күрделі жөндеуден өтеді.


Ауыл кәсіпкерлерінің көздеген басты мақсаттары-Зайсанның балығын өңдеп, экспорттау болатын. Шетел нарығына шығу үшін қыруар шаруа атқарылды. Жұмыс заманауи құрал-жабдықтарды іске қосумен біткен жоқ. Қазақ ветеринарлық инспекциясы, Кеден одағы елдері бойынша Ресей Федерациясының ауыл шаруа¬шылығын бақылау қызметі мен Еуроодақтың Франция, Италия, Германия, Швейцария елдерінің мамандарынан құралған комиссия сарапшылары өнім өңдеудің еуропалық сапа стандарттарына сәйкестігін тексерді. Осы аудиттік жұмыстың нәтижесінде зауыт өнімі еурокодқа ие болады. Осылайша, «Төретоғам» өнімінің халықаралық нарыққа кедергісіз кіруіне жол ашылады.

«Төретоғам» брендімен белгілі болып отырған Зайсанның балығы бүгінде Еуропа нарығына: Литва, Германия, Дания, Белгия, Норвегия елдері мен Қытайға тасымалдануда. Бұл елдермен үш жылға бекітілген келісімшарт бар.


-Қытай әлемде балық экспорттаудан алғашқы орында болса да, мил¬лиардтар елінің «Төретоғам» өніміне деген сұранысы өте жоғары болып отыр,-дейді зауыт директоры Нұрлан Қасымханов. – Бүгінде бүкіл әлемде балықты арнайы акваторияларда қолдан өсіреді. Сондықтан біздің Зайсанда жүзген жабайы балығымыз олар үшін алтыннан бағалы. Өніміміз экологиялық таза табиғи ортада Зайсан көлінен ауланатындықтан, сапасы жағынан әлемде жоғары бағаға ие болып отыр. Ата-бабасынан бері балық шаруашылығымен шұғылданып келе жатқан жағалаудағы тұрғындар көлдің жағдайын жетік біледі. Олар бір күндік пайда ойлаған браконьер-лерге қарағанда, көлге қамқор. Біз балықты қолдан көбейтуге үлкен көңіл бөліп отырмыз. ТМД елдерінде көлемі жағынан үштікке енген Күршім уылдырық шашу-шабақ өсіру шаруашылығына балық өсіруге тапсырыс беріп келеміз. Ақ амур құртшабақтары былтыр да Бұқтырма су қоймасына жіберілді. Зайсан көлінде балықтың табиғи жолмен өсіп-өнуіне де мүмкіндік мол. Балық көктемде 45 күн уылдырығын шашса, әрі қарай жабайы балықтың құртшабақтары қолдан өсіргеннен мың есе артық көбейіп кетеді. Себебі, Зайсанның өзі үлкен ауқымдағы жасанды аквамәдениет, тағамы асып-төгілген алып қазан іспетті. Су қоймасының жоғарғы жағында Қара Ертіс болса, төменгі жағында Бұқтырма су электр стансасы бар. Айдынның үстінен қарағанда қара жасыл болып тұнып жатады. Бұл – балықтың мол кездесетін табиғи жемінің қоры. Бұқтырмаға жіберіліп жатқан ақ амур балықтарының майшабақтары көлдің тазалығын сақтауға ерекше қажет. Қамыс, қоғаның бәрін жеп, көлді көксерке, сазан балықтарына жағымсыз әсер ететін ластанудан сақтап, олардың лайда, лас жерде емес, таза суда жүруіне жағдай жасайды. Яғни, бұл балық түрлері көл тазалықшылары тәрізді.


Кәсіпорынның тендерден ұтқан ұзақмерзімді балық шаруашылығы учаскелері Тұғыл, Жолнұсқау, Аманат ауылдарының тұсында орналасқан. Облыс әкімінің қаулысымен бекітіліп, жылына 2100 тонна балық аулауға рұқсат алған кәсіпорынға қойылатын талаптар жетерлік. Балық қорын молайтудан басқа, төретоғамдықтар табиғатты пайдаланушы ретінде жылына бюджетке бірнеше ондаған миллион теңге төлемақы төлеп отыр


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив