Өскемен
-5°
облачно с прояснениями ветер 3 м/с, ЮВ
456.98 489.43 6.45

Зейнетақы қалай есептеледі, жинақтаған ақшаңызды қашан алуға болады?

5.10.2017, 08:01 78 0

Әрқайсымыз жарты жыл сайын зейнетақы қорындағы жеке есепшотымыздың көшірмесі салынған үшбу хат келгенде, Аяз атадан сыйлық алған баладай қуанамыз. Өйткені, еліміздің әр тұрғыны жылдар бойы еткен еңбегінің, тірнектеп жиған қорының зейнетін көргісі келеді.


«Міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерінің жыл сайынғы сомасы қалай есептеледі?», «Жинақты алуға кімнің құқығы бар?», «Шетелге тұрақты тұруға кетуге байланысты зейнетақы жинағын төлеу тәртібі қалай?», «Зейнетақы жинағын сақтандыру ұйымына аударуға бола ма?». Өңір тұрғындары өздерін толғандырған осы сауалдарға «Зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібі» деген тақырыпта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облыстық филиалында өткен ашық есік күні білікті мамандардан толық жауап алды.


Жауапты қызметке тағайындалуы ашық есік күнімен тұспа-тұс келген «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ облыстық филиалының жаңа басшысы Дариға Дайырова айтып өткендей, зейнет жасына толғандар мен мерзімсіз уақытқа I және II топ мүгедектігі тағайындалған адамдар БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын белгіленген кесте бойынша алуға құқылы. Заңнамаға сай алдағы 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері ай сайын, тоқсан сайын, жыл сайын белгіленген кесте бойынша жүзеге асырылады.


Бұл ретте зейнетақы төлемдерінің сомасы былайша есептеледі. Мәселен, ер азамат 63 жаста және оның БЖЗҚ-дағы шотындағы жинақ сомасы құжаттарын өткізген сәтте 4 500 000 теңгені құрады делік.

Бірінші нұсқа бойынша 30*31 245 (ең төмен зейнетақы)= 937 350 теңге. Екінші нұсқа бойынша 4 500 000 (жинақ сомасы)*0,10467 (әдістемеде көрсетілген және алушының жасына сай коэффициент)= 471 015 теңге. Бұл жағдайда зейнетақы жинақтары төлемінің ең көп сомасы 937 350 теңгені құрайды.

Ал зейнетақы жинағының сомасы 9 500 000 теңге болса, оны әдістемедегі коэффициентке көбейтсек, 994 365 теңгені құрайды. Демек, зейнеткердің ағымдағы жылдағы зейнетақы жинақтары төлемінің ең көп сомасы 994 365 теңге болады.


Ал 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері белгіленген кесте бойынша зейнетақы төлемдерін алуға өтінішпен бірінші рет келетін салымшылар үшін тек ай сайын жүзеге асырылатын болады. Дариға Абайқызының айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерін есептеу тәртібін айқындау бойынша өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Ол бойынша БЖЗҚ-дан ай сайын берілетін зейнетақы төлемі зейнетақы жинағының сомасы* әдістемеде көрсетілген және алушының жасына сай коэффициент/12 ай түрінде айқындалатын болады. Сондай-ақ, БЖЗҚ-дан ай сайын берілетін зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері белгіленеді.

2018 жылға арналған есептік көрсеткіштерге тоқталсақ, ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшері 28 284 теңге, ең төменгі жалақы мөлшері 25 927 теңге, зейнетақы жинақтарының жеке табыс салығы салынбайтын сомасы 25 927 теңге.


Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын қашан алуға болады?


50 жасқа толған азаматтар мен мүгедектер ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алуға құқылы. Төлемдерді жүзеге асыру тәртібі алушы мен БЖЗҚ арасында қосымша келісім жасау жолымен айқындалады. Келісім бойынша шотындағы ақшасын 500 мыңнан жылына бір рет немесе бөліп жыл сайын алуға болады. Бірақ ерікті деп аты айтып тұрғандай халық арасында ерікті түрде жарна төлейтіндер саны көп емес.


Ал БЖЗҚ-да міндетті немесе ерікті зейнетақы жинақтары бар, республика шекарасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуіне байланысты кету фактісін растайтын құжаттарды ұсынған азаматтар үшін зейнетақы жинақтарын төлеу жинақ сомасының 10 пайызы мөлшерінде жеке табыс салығы ұсталынып, бір рет толық көлемде жүзеге асырылады.


Жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар, зейнеткерлік жасқа толмаған адам қайтыс болған жағдайда оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға БЖЗҚ айлық есептік көрсеткіштің (2 269 теңге) 52,4 еселенген мөлшері шегінде, бірақ жеке зейнетақы шотында бар қаражаттан аспайтын мөлшерде жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді. Биыл бұл көрсеткіш 118 895 теңгені құрайды. Ол үшін өтінішпен бірге зейнетақы жинағы бар адамның қайтыс болғандығы туралы куәліктің көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы керек. Жерлеуге арналған біржолғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін салымшының жеке зейнетақы шотындағы жинақ қалдығының сомасы ең төменгі зейнетақы (31 245 теңге) мөлшерінен аспайтын жағдайда бұл қалдық жерлеуге арналған біржолғы төлемнің сомасына қосылып беріледі.


Салымшы қайтыс болған жағдайда оның зейнетақы жинақтары заңнамада белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. БЖЗҚ-дан мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтарын төлеу жинақ сомасының 10 пайызы мөлшеріндегі жеке табыс салығы ұсталып, мұраға құқы туралы куәлікте көрсетілген үлеске сәйкес бір рет жүзеге асырылады.


Ай сайын, тоқсан сайын немесе жыл сайын кесте бойынша төленетін төлемдер, шетелге тұрақты тұруға кетуіне байланысты және мұрагерлерге төлемдер құжаттар БЖЗҚ-ға қабылданған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде, ал жерлеуге берілетін төлемдер бес жұмыс күннің ішінде жүзеге асырылады. Бүгінде Қор «ForteBank» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Банк Центркредит» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «PNB-Қазақстан» АҚ сияқты екінші деңгейлі банктермен комиссиялық сыйақы өтеу бойынша шарт жасасқан.


БЖЗҚ-ға аударылатын міндетті зейнетақы жарналарына жеке табыс салығы салынбайды. Сондай-ақ, жұмыс берушіге ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт пен жарна төленгендігі туралы түбіртектің көшірмесін берген жағдайда ерікті зейнетақы жарналарына да жеке табыс салығы салынбайды. Табыс салығы тек БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жүзеге асырған кезде ғана ұсталады.


Зейнетақы жинағын сақтандыру ұйымдарына аударуға бола ма?


Облыстық филиал басшысы Дариға Дайырованың айтуынша, зейнетақы жинағы жеткілікті болған жағдайда оны БЖЗҚ-дан сақтандыру ұйымына аударуға болады. Ер азаматтардың жинақ сомасы 8 922 197 теңге болғанда 55 жаста, ал әйелдердің жинағы 12 477 691 теңге болғанда 50 жаста, сонымен қатар, зейнет жасына толған адамдар және мүгедектігі мерзімсіз уақытқа тағайындалған бірінші, екінші топ мүгедектері зейнетақы жинағын аударуға құқылы. Мұның бір ерекшелігі – салымшы БЖЗҚ-дағы төлемді жинақ сомасы таусылғанша алса, ал сақтандыру ұйымынан төлемді өмір бойы алады. Алайда, сақтандыру ұйымындағы қаражатқа мемлекет кепілдік бермейді. «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес, мемлекет БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының салымшы зейнетақы төлемдерін алу құқығына ие болған кездегі инфляция деңгейін ескере отырып, сақталуына кепілдік береді.


Мемлекет кепілдігі бойынша төлемдер егер БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағының сомасы инфляция деңгейін ескергендегі жинақ сомасынан кем болған жағдайда жүзеге асырылады. Мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен төленетін бұл біржолғы төлем «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы инфляция деңгейі ескеріле отырып төленеді.


Базалық зейнетақы салымшы жинағының мерзіміне қарай есептеледі


2017-2018 жылдары бюджеттен төленетiн зейнетақы мөлшерi үш кезең бойынша көбейтілетіндігі белгілі. Үстіміздегі жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақы мөлшерi 9 пайызға, базалық зейнетақы 7 пайызға артты. 2017 жылғы 1 шiлдеден бастап ынтымақты зейнетақы мөлшерi қосымша 11 пайызға, ал базалық зейнетақы мөлшерi 13 пайызға көбейді. Зейнетақыны арттырудың үшiншi кезеңi 2018 жылғы 1 шiлдеден бастап жүргiзiледi. Ол базалық зейнетақыны тағайындау әдiстемесiнiң өзгеруiне байланысты. Бүгiнгi таңда базалық зейнетақы зейнеткерлiк жасқа жеткен адамдарға бiрдей мөлшерде тағайындалады. Ал жаңа әдiстемеге сәйкес, азаматтың зейнетақы жүйесiне қатысу өтiлi есепке алынады. Бұл ретте 1998 жылға дейiнгi еңбек өтiлi және 1998 жылдан кейiнгi жинақтау жүйесiне аударылған зейнетақы жинақтарының мерзiмi ескерiледi. Нәтижесiнде еңбек өтiлi мен жинақтаушы зейнетақы жүйесiне неғұрлым көп қатысқан азаматтардың зейнетақысы жоғары болмақ. 2018 жылдың бюджетінде осы мақсатта қосымша 116,3 млрд. теңге қарастырылған.


Әйелдердің зейнет жасы 63-ке дейін ұлғая ма?


-Елімізде ер азаматтардың зейнет жасы – 63, ал әйелдер 58 жастан шығып жүрген-ді. Енді бұл көрсеткіш біртіндіп өзгереді. Нақтырақ айтқанда, әйелдердің зейнет жасы жыл сайын алты айға өсіп, 2027 жылға қарай 63 жасқа дейін жетпек. Мысалы, 2018 жылы 58,5 жасқа толған әйелдер ғана зейнеткерлікке шыға алады. Ал 2019 жылдан бастап 59 жаста зейнетке шығады. Сөйтіп, 2027 жылы ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасы теңеседі,-дейді облыстық филиал басшысы.


Біздің Instagram-ға жазылыңыз

Жаңалықтарды жылдамырақ көріңіз

Жазылу

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив