KZ
Өскемен
+11°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, Ю
448.15 483.46 4.86

Бала асырап алғымыз келеді, оған қандай құжаттар керек?

21.09.2017, 09:21 133

– Біз жолдасымыз екеуіміз көп уақыт ақылдаса келе, отбасымызға бала асырап алуды жөн деп шештік. Алайда, ол үшін қайда жүгіну керектігін білмейміз. Бала асырап алу үшін қайда бару керек және қандай құжаттар қажет болады?


Раушан Мамадиярова

Шемонайха ауданы.


Сауалға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Сайрангүл Жұмаділова жауап береді:


– Бала асырап алам дейтін ата-аналар көбінесе қандай құжаттар дайындау керектігін, қанша уақыт алатынын, қайда барып сұрайтындарын білмей, бірден балалар үйіне немесе сәбиханаға, емханаға және тағы басқа жерлерге телефон шалып сұрап жатады. Ол дұрыс емес. Бала асырап алу үшін ең бірінші сіз облыс әкімдігінің білім беру басқармасының балалар мекемелері бойынша бас маманына баруыңыз қажет. Ол бас маман сізбен алдын ала сөйлесіп алып, қажетті құжаттардың тізбесі мен баратын жерлеріңізді көрсетіп береді.


Ескерте кететін бір жайт, бала асырап алу тек қана соттың шешімімен жүзеге асырылады. Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде бала асырап алуға жәрдемдесетін түрлі қоғамдық ұйымдар бар. Жетім балалардың деректер базасы құрылған. Балаларды асырап алуға тілек білдіргендерге баланы есепке қою үшін қажетті құжаттар:


1) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы немесе жетім баланы асырап алуға тілек туралы жазбаша өтініш;

2) тұрғын үй-тұрмыстық шарттарға тексеру жүргізу туралы өтініш;

3) жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмелері;

4) баланы асырап алуға жақын туысқандардың жазбаша келісімі;

5) көршілердің 3-тен кем емес ұсыныс хаттары;

6) жиынтық табыс мөлшері туралы анықтамалар;

7) отбасы жағдайы туралы анықтамалар;

8) азаматтардың және жақын туысқандарының денсаулық жағдайы туралы анықтамалар;

9) соттылықтың болмауы туралы анықтамалар;

10) тұрғын үй меншігі құқығын немесе тұрғын үй немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын растайтын құжаттың көшірмесі.


Осы құжаттар тапсырылғаннан кейін білім басқармасы органдары арнайы комиссияда Сіздің құжаттарды қарастырып, бала асырап алуға болатыны немесе болмайтыны туралы шешім шығарады. Оң нәтиже шығып жатса, білім беру басқармасы Сізге ұнатқан ұлыңызды немесе қызыңызды тауып алу үшін балалар мекемелеріне жолдама береді. Екі жұма бойы Сіз баламен серуендеуге келіп тұруыңыз қажет. Танысу кезеңі өткеннен кейін, Сіздің және балалар мекемесі басшысының қорытындысы жазылған баланың құжаттары сотқа жіберіледі. Отырыс күні белгіленеді. Белгіленген күні білім беру, қамқоршылық және қорғаншылық органының өкілі және балалар мекемесінің басшысы, сонымен бірге, прокурордың қатысуымен соттың жабық отырысы басталады.


Баланы асырап алу жөніндегі соттың шешімі шыққаннан бастап 15 күн өткеннен кейін ғана баланы алып кете аласыз.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив