KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 7 м/с, СШ
444.22 476.38 4.82

Ақжардағы қарттар үйінде қазір 73 қария тұрып жатыр

20.09.2017, 03:08 458

Бұлар тек мемлекеттік қарттар үйінде тұрып жатқандар. Аймақта жаңадан ашылып, ақылы қызмет көрсетіп жатқан бұлардан басқа бірнеше жеке меншік қарттар үйлері де бар. Қарттар үйінде қара басы ғана қалған жалғызлікті жандар ғана емес, ұл, қызына керексіз болып, қара шаңырағынан қуылып, осы жерден бірақ шыққан қаншама кейуана жүр.


Кейуаналардың тең жартысы қазақ


Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы әлеуметтік мекемелермен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Әлия Бариеваның айтуынша кезінде облыста екі-үш қана қарттар үйі болса соңғы 20 жылда олардың саны арта түскен. Қарттар үйі кейінгі уақытта Первомайка, Самар ауылдарында, Зырян қаласында ғана емес, Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында да ашылды.


Ақжардағы қарттар үйінде қазір 73 қария тұрып жатыр.


-Сол қариялардың ішінде қазақтар көп, 73 адамның тең жартысы қазақтар, жалғызбасты қариялармен қоса балалары тастап кеткендер де аз емес. Ақжардағы қарттар үйі кезінде 105 адамға арналып ашылған болатын. Жақында аталған қарттар үйіндегі төсек санын қысқарту туралы бұйрық шықты, қараша айынан бастап бұл қарттар үйі 50 орындық етіліп қысқартылмақ. Қалған адамдар облыстағы өзге қарттар үйіне бөлінеді. Жалпы алдағы уақытта еліміздегі қарттар үйлері ықшамдалып, шағын үлгіде құрылмақ, -дейді Әлия Бариева.


Белгіленген талаптар бойынша қарттар үйіне жалғызбасты қариялар ғана алынатын болғанымен бүгінде қарттар үйі бала-шағасы барлардың да баратын жеріне айналып барады. Айналасы бірнеше жылдың ішінде бірінен соң бірі ашылған қарттар үйлері күтімді қажет ететін ата-анасын керексіз қылған тасбауыр бала-шағаның көбейгендігінің көрінісі.


Зейнетақылары үшін қайтадан алып кетіпті


Қарттар үйіндегілерге биылдан бастап зейнетақылары бұрыңғыдай 100 пайыз көлемде емес, 30 пайыз мөлшерінде ғана беріліп келеді. Қалғаны мемлекетке қайтарылып алынып, қарттар үйінің жеке есеп шотына түседі. Бұрын зейнетақыларының 70 пайызын қариялар өз қолдарына алып отырған.

Тарбағатай ауданының Ақжар ауылындағы қарттар мен мүгедектер үйінің директоры Нұрлан Асылбекова осындағы қарттар үйінің жағдайы жақсы болғанымен, жаутаңдаған қариялардың жандары жүдеп, көңілдері пәс күйде жүретінін айтады. Олардың шерін, мұңын, зарын жазып, айтпай –ақ қоялық. Жаны жаралы ақсақалдар мен әжелерге жақындап, сауал қою олардың өздеріне ғана емес, журналистерге де ауыр. Бірнеше жыл бұрын осы жердегі қарттар үйіндегі көкірек көзі ашық абыз қарияның бірі теледидардан сөйлеп, жас ұрпаққа өзінің сөзін арнаған екен. Екі-үш күн өткен соң оның ғылым қуған туған қызы «әкемді теледидардан неге көрсетесіздер деп» телефон соғып, дау, шатақ шығарған. Қызының айтысына қарағанда жамағайыны мен құда-құдағилары жеткізген «жаңалықты» оқымысты қыздың өзі бес жылдан бері естімеген болып шығыпты-мыс. Бес күн емес, бес ай емес, бес жылдан бері әкесінің қарттар үйінде тұрып жатқанын «білмейтін» мұндай қыздар, ұлдар, туғандар жыл өткен сайын көбейіп барады.

-Қарттар үйінің, қараусыз, бағусыз қалған кәрі әке-шешенің көбейіп бара жатқандығы –мейірімнің азайып, жоғалып кеткендігінен. Осы күні Алланы ауызға алатын адамдар көбейгенімен, адамдардың кейбірі туғанына, туысына деген қамқорлық пен қайырымнан ада болып барады. Қарияларға 35 қызметкер қызмет көрсетеді. Түрлі мәдени іс-шараларды да жиі-жиі ұйымдастырып отырамыз, -дейді Ақжардағы қарттар үйінің директоры Нұрлан апай.


Қызметкерлер қарияларға өз балалары көрсете алмаған қамқорлықты көрсете алуы мүмкін, алайда, өзгенің назары мен ықыласы ата-ананың өз перзентінен іздейтін мейірім жылуын алмастыра алмасы анық.


2017-жылдан бастап қарттар үйіндегілердің зейнетақысының 70 пайызының мемлекетке қайтып алынып отырылуы біраз қарияның үйлеріне қайтуына себепші болыпты. Бұрын қарттар үйіне өткізіп тастаған кәрі әке, шешенің, туысқанының зейнетақысын алып жүрген ұл, қызы, туысы енді олардың зейнетақысын көрмейтін болған соң оларды қу ақша үшін қайтадан үйлеріне алып кетіпті. Бағып, қақпаса да зейнетақысын алып отыру үшін. Зейнетақысы бұрыңғыдай қолдарына толық берілмейтіндіктен осындағы бірсыпыра зейнеткерді туған-туыстары осылайша қайтадан үйлеріне шығарып алыпты. Зейнетақылары өздеріне беріліп отырғанда балалары, туыстары ақшаны өздері алып немесе келіп, алып кетіп отырған көрінеді.


Қарттар үйінің директоры, осы мекемені талай жыл басқарып отырған Нұрлан Епенқызының айтуынша мұнда түрмеден шыққан соң тағдыры тәлкекке түсіп соқа басы ғана қалғандар, отбасымен ажырасқандар, балаларының жоқтығынан басы ауырып, балтыры сыздаса келіп қарайтын адамы болмағандар, ішімдікке салынып кеткендер, ұл, қызы бола тұра қарамай кеткен қарттар тұрып жатыр. Бұл жерде бір-біріне сүйеу болып, отау құрып жатқандар да бар. Төрт қария өз жұптарын осы жерден тапқан.


Туғанына керек болмай қалған тастанды қарттар көбейгенімен, олар далада қалып жатқан жоқ. Сала мамандары қарттар үйіне орналасуға кезек жоқ дейді. Жаңадан ашылып жатқан жеке меншік қарттар орталықтары, үйлері тағы бар.

Қарттар үйі осылайша қара шаңырақты алмастырып барады.



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив