KZ
Өскемен
+10°
небольшой дождь Штиль
448.89 477.93 4.76

Медициналық сақтандыруға байланысты ең өзекті сұрақтарға жауап берілді

13.07.2017, 10:31 172

Медициналық сақтандыру жүйесі – бүгінгі таңдағы ең өзекті тақырып. Жаңа жүйеге қатысты жұртшылықты толғандыратын сауалдар да көп. Солардың ең маңыздыларына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау Министрлігінің медициналық қызметке ақы төлеу Комитетінің аумақтық Департаменті төрағасының міндетін атқарушы Риза Төкежанова жауап берген еді.


Аида Жолдыбаева, Жарма ауданы:


- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті шеңберіндегі медициналық қызметтер Қазақстанның барлық аумағы бойынша көрсетіле ме әлде тек тіркелген тұрғылықты жері бойынша ғана көрсетіле ме?


-Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті шеңберіндегі медициналық қызметтер азамат емханаға бекітілген жағдайда республиканың кез келген аумағында көрсетіледі.

Егер сіз Қазақстан аумағында іссапарда немесе демалыста жүрсеңіз, қажет болған жағдайда кез-келген мемлекеттік емханада немесе ауруханада шұғыл медициналық көмекті тегін алуға құқылысыз.Әрі қарайғы жоспарлы емді өзіңіз бекітілген емханадан ала аласыз. Медициналық сақтандыру қоры тек Қазақстан аумағында көрсетілген медициналық көмек үшін ақы төлейді.


Нұржамал Хамитова, Өскемен қаласы:


-Медициналық сақтандыру жүйесінде жиналған қаражатты туыстарына беру қарастырылған ба?

-Әлеуметтік медициналық сақтандыру жинақтаушы жүйе емес. Сондықтан қаражат туыстарға немесе жақындарға берілмейді, мұраға қалдырылмайды. Айта кететін жайт, әрбір төлеушінің жарна сомасына қарамастан, халықтың барлық санаты медициналық қызметтерді бірдей деңгейде алады.


Саят Ибраев, Аягөз ауданы:

-Маусымдық немесе тұрақты емес жұмыс істеп жүрген тұрғындардың табыстары қалай есептеледі?


-Мұндай жағдайда азамат өзі медициналық сақтандыру қорына ең төменгі жалақының бес пайызы мөлшеріндегі соманы екінші деңгейлі банктер арқылы аудара алады. Немесе тұрғылықты жері бойынша Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Бұл жағдайда оның орнына жарналарды мемлекет аударады.


Мансұр Шоманұлы, Тарбағатай ауданы:


-Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен санаторий-курорттық ем алуға бола ма? Зиянды кәсіпорын еңбеккерлері үшін аударымдар жасауда қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?


- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша санаторий-курорттық ем көзделмеген. Бірақ, әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен бірқатар аурулар (инсульт, инфаркт, онкология, трансплантология) бойынша оңалту көмегін кеңейту болжануда.

Зиянды кәсіпорын еңбеккерлері үшін аударымдар жасауда жеңілдіктер қарастырылмаған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы Заңға сәйкес, халықтың жұмыс істейтін барлық санаты үшін бірдей жарна көлемі бекітілген.


Мәриям Кенжетайқызы, Үржар ауданы:


-Жеке меншік зертханаға жүгінген жағдайда медициналық сақтандыру қоры талдау (анализ) шығындарын төлей ме?


-Қор зертхананың қызметтерін тікелей төлемейді. Бірақ, егер сіз зертханаға Қормен келісімшарт жасаған емхананың жолдамасы бойынша барсаңыз зертхана қызметтері тегін болады.


Әнуар Сартайұлы , Зайсан ауданы:


-Емханаларда ұйымдастыру техникалары жетіспейді, ал қолданыста бары ескірген. Сондықтан рецепті немесе сараптамаға жолдаманы сағаттап тосуға тура келеді. Оның үстіне қабылдау кестесі сақталмайды. Медицина мамандары қағаз және электронды түрде екі бірдей есептілікті жүргізуге мәжбүр. Соның салдарынан арнайы маманға жолдама алу үшін біршама уақыт жоғалтамыз. Осындай жағдайда ақылы дәрігерге қаражаты жоқ науқастар алтын уақыттарын жоғалтып, ауру өрши түседі. Бұл мәселе медициналық сақтандыруға көшкенге дейін шешіле ме?


-Біріншіден, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жағдайында, медициналық қызметтерді көрсетуге арналған конкурсқа медицина қызметкерлерінің саны, техникалық жарақтандырылуы және медициналық көмекті ұйымдастыру құрылымы белгіленген талаптарға (стандарттарға) сәйкес келетін медициналық ұйымдар ғана қатыса алады.

Екіншіден, конкурсты тек сапалы медициналық қызмет көрсете алатын мекемелер ғана жеңіп алады.

Ал ауылдық денсаулық сақтауға келетін болсақ, оларға жалғыз қызмет көрсетуші ретінде, медициналық сақтандыру қоры ұсынылатын медициналық көмектің сапасын жыл сайын арттыру талаптарын қояды.

Үшіншіден, 2018 жылдан бастап ауруханалар мен емханаларда техникалық қайта жабдықтау мүмкіндігі пайда болады, өйткені осы жылдан бастап Қор амортизациялық аударымдарға қаражат бөледі.

МӘМС жүйесін енгізу сәтіне қарай барлық ұйымдар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың АТ-жүйесіне қолжетімділік қамтамасыз етілуі тиіс.


Әскерхан Ақтай, Өскемен қаласы:


-Өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған, табысы уақытша, жұмыссыз ретінде тіркелмеген тұрғындар үшін медициналық көмек қалай қамтамасыз етіледі? Жұмыс орнын ауыстыру салдарынан бір-екі ай үзіліс болған жағдайда МӘМС аясындағы медициналық қызметтер пакеті көрсетіле ме?


- Өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған санаттағы тұрғындар 2020 жылға дейін жоспарлы емдеуден басқа кезде барлық медициналық қызмет пакетін тегін алады.

Халықтың бұл санатына төмендегідей мүмкіндіктер ұсынылады:

1) жұмыспен қамту орталығына барып жұмыссыз статусын алуға немесе жұмысқа орналасуға;

2) жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мәлімдеген табыстан аударымдар жасау.

3) өзіңіз ең төменгі еңбекақының екі пайызы мөлшерінде медициналық сақтандыру қорына жарна төлей аласыз.

Екінші сауалға тоқталсақ, ұсынылып отырған нормалар бойынша соңғы жарна төленген айдан бастап үш ай көлемінде МӘМС аясындағы медициналық көмекке жүгіну құқығы сақталады. Сонымен қатар үш айға жарна төлеу (берешегі) міндеттемесі сақталады.


Ерболат Кенжеұлы, Семей қаласы:


-Мысалы, адам үшін мемлекет жарналарды төледі, одан кейін ол өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық санатына көшті делік. Осындай жағдайда үзілістер немесе екі рет сақтандыру болмай ма?


-Екі рет сақтандыру мүмкін емес, өйткені сіз статусыңызды ауыстырып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген кезде бұл ақпарат салық органдарында көрінеді және медициналық сақтандыру қорына түседі. Егер сіз жұмыссыз болып, кейін статусыңызды ауыстырсаңыз, онда сәйкесінше мемлекет жарналарды төлеуді тоқтатады.


Сәкен Киржибаев, Аягөз ауданы:


-Жұмыс беруші МӘМС қорына мен үшін жарна төлеп жатқанын қалай білуге болады?


-Егер сіздің ғаламторға кіруге мүмкіндігіңіз болса, онда сіз Медициналық сақтандыру қорына сақтандыру жарналарының аударылуы туралы ақпаратты автоматты түрде жеке электрондық поштаңыздан ала аласыз немесе жеке мәліметтеріңізді көрсете отырып Қорға ресми сұраухат жібере аласыз.

Егер ғаламторға кіруге мүмкіндігіңіз болмаса, сақтандырылғаныңыз жайлы бекітілген емханаға хабарласып білуіңізге болады.


Мәликен Меңдібаева, Күршім ауданы:


- Ауданнан тыс жердегі кез-келген стационар, емхана, зертханаға (оның ішінде жеке меншік) бекітусіз немесе жолдамасыз қаралуға бола ма?

- Шұғыл жағдайларда медициналық көмек бекітусіз және жолдамасыз көрсетіледі.

Азаматтар жоспарлы медициналық көмек алу жағдайында МӘМС жүйесінде стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымды таңдауға құқылы. Азаматтар медициналық көмекке құқық алған сәттен бастап МӘМС жүйесіндегі медициналық ұйымды таңдау құқығына ие болады.


Айсұлу Кәкенова, Курчатов қаласы:


- Азаматтығы жоқ адамдарға медициналық көмек қалай көрсетіледі?

- «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңның (бұдан әрі – Заң) 2-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі құқықтарды Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең дәрежеде пайдаланады және міндеттерді атқарады.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасында Республика аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың 12 әлеуметтік тұрғыдан әлсіз санаты үшін Қорға жарналарды мемлекет жүзеге асырсын деп ұсынылуда. Аталған ұсыныс мемлекеттік органдарда қаралуда.

Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылатынын атап өту керек.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив