KZ
Өскемен
+1°
переменная облачность жел 2 м/с, З
444.32 473.33 4.76

Биыл ШҚО түлектерінің 68 пайызы ҰБТ тапсырады

31.05.2017, 18:00 271



Биыл біздің облыста 6112 жас түлек ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Ағымдағы оқу жылында бірқатар өзгеріс енгізілген ҰБТ-ға мектеп бітіруші түлектердің дайындығы қандай? Екі кезеңнен тұратын тестілеуден не күтеміз? деген сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

Ағымдағы жылы Өскемендегі О.Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейдің 1152 түлегі қорытынды аттестациялаудан өтеді. Облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің бас маманы Рауия Маратқызының айтуынша, Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы бойынша халықаралық олимпиадаларда жүлде алған жеті оқушы ҰБТ-дан ресми түрде босатылған.

– Еліміздегі мектеп түлектері 29 мамыр мен 9 маусым аралығында қорытынды аттестаттаудан өтеді. Бұдан соң жоғары оқу орнына түсу емтиханы ретінде ҰБТ тапсырады. Қорытынды аттестаттау мектепте бес пән бойынша жүргізіледі. Мамырдың 29-ы күні мектеп бітіруші түлектер қазақ тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан тапсырып, 250-300 cөзден тұратын эссе жазып шықты. Ал маусымның екісінде таңдау пәні бойынша тестілеу болса, 6-шы маусымда математика пәнінен, 9-шы маусымда Қазақстан тарихынан ауызша емтихан тапсыратын болады. Биыл облысымыздағы мектеп бітіретін оқушылардың 68 пайызы ҰБТ-дан өтеді. Ал қалған 32 пайызы белгілі себептерге байланысты тестілеуден босатылған, - дейді Рауия Маратқызы.

Биыл өтетін ҰБТ-ның ерекшелігі «Алтын белгі» иегерлері мен жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық, республикалық олимпиадалардың, сондай-ақ, ғылыми жобалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бұрынғы жеңілдіктер қарастырылмайды. Себебі, биылдан бастап мектеп бітіруші түлектердің ішінде кімнің ұпай саны жоғары болса, сол мемлекеттік грант иегері атанады. Осы орайда, егер «Алтын белгі» иегері мен мектеп бітірушінің екеуі де бірдей балл алса, онда грант «Алтын белгі» иегеріне берілетінін айта кеткен жөн. Өскемендегі О.Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейінің жас түлегі, «Үздік аттестатқа» үміткер Әмірлан Асқаровтың айтуынша, ұлттық бірыңғай тестілеу жыл өткен сайын күрделеніп барады.

– Семей медицина университетіне құжат тапсырамын. Дәрігер болғым келеді. Біз биыл ҰБТ-ны 20 маусым мен 1 шілде аралығында тапсырамыз. Егер шектік деңгейде балл жинай алмасақ, ҰБТ-ны тамызда немесе келесі жылдың қаңтарында қайта тапсыруға мүмкіндігіміз бар. Жалпы, екі кезеңнен тұратын ҰБТ-да үздіктер қатарынан көрінемін деп ойлаймын, - дейді Әмірлан Асқаров.

Ажар Сағатбекова




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив