KZ
Өскемен
-2°
ясно жел 2 м/с, СБ
443.85 474.3 4.8

Кәрістің "Торади" тобы Өскеменде мерейтойлық концерт берді

14.05.2017, 18:00 164



Облыс орталығындағы металлургтердің мәдениет сарайында корей халқының Қазақстанда тұрып жатқандарының 80 жылдығына арналған мерейтойлық қайырымдылық концерті ұйымдастырылды. Кешке жиналғандар құрылғандарына 5 жыл толған «Торади» корей вокалды ансамблі мен риддерлік «Каприз» би театрының өнерлерін тамашалады.

... Сахна төріндегі экраннан өткен күннің хроникасы беріліп жатыр. Көне суреттер мен күн шығыс елінен депортацияланған корей халқын жеткізген поездың ретро түсірілімі, қудаланған халықты құшақ жая қарсы алған қазақтың отбасылары 1937 жылғы нәубеттен сыр шертеді.

Жиналғандарды ерекше мерекемен құттықтау үшін сахнаға «Нойндан» ақсақалдар кеңесінің төрағасы Виктор Ким көтерілді.

-Біздің екінші Отанымызға айналған Қазақстан халқына алғысымыз шексіз. Қиын-қыстау кездері бауырына тартып, бір үзім нанды бөліп жеген қазақтардың жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз. Бүгінгі таңда корей халқының бесінші ұрпағы осы жерде өсіп жатыр. Біз де өз тарапымыздан еліміздің өркендеп-өсуіне үлес қосып келеміз. Екі ел халқының достығына селкеу түспесін, - деді корей ақсақал.

«Қарушы күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы атынан сөйлеген запастағы полковник Мұрат Медетов өз құттықтауында корей халқының іскерлігі мен еңбекқорлығын атап өтті.

Бұл кеш корей диаспорасы үшін нағыз ән мерекесі болды! Қандастарының алдында өнер көрсеткенАси Пак пен Эльза Цойдың, «Торади» ( жетекшісі Павел Цой) вокалды ансамблінің өнері тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. Торади – Кореяның тауларында өсетін, тамыры ұзақ ғұмыр сыйлайтын ерекше өсімдіктің аты. Бұл екі ел арасындағы достық пен бауырластықтың да мәңгілік екенін көрсететін символ іспетті.

Риддер қаласынан келген «Каприз» ұжымы бишілерінің биі корей халқының әсем киімімен, сазды әуенімен үндесіп, сахнада тамаша көрініс жасады. Таңғы шықтай тұнық та балауса лотос гүлдерінің жазығы биі сұлулығымен көрерменнің жүрегін жаулап алды.

«Торади» ансамблінің әншісі Жансая Кәрімова 2015 жылы Алматы қаласында өткен «Ариран» корей әндері фестивалінің лауреаты атанған. Вокалды топтың ерекшелігі, оның құрамында әр ұлттың өкілдері бар әрі олар қазақ, орыс, корей, ағылшын және басқа тілдерде де ән шырқай береді.

Кеш соңында әрбір корей азаматының жүрегіне ыстық, екінші әнұрандарына айналған «Ариран»
әні шырқалды.

Кәмал Естай




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив