KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 6 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Парламент Сенатының сайлауына ШҚО-дан кімдер түседі?

10.05.2017, 18:00 195



Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес ағымдағы жылдың 28 маусымына тағайындалған Парламент Сенатының сайлауында депутаттыққа бақ сынайтын облыстағы үміткерлердің есімдері белгілі болды. Бұл жөнінде облыстық аумақтық сайлау комиссиясының осыған орай өткен мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Комиссия төрағасы Ерсайын Нәбиевтің айтуынша, біздің облыстан тіркелген кандидаттар саны - үшеу. Олар: Глубокое аудандық мәслихатының хатшысы Әкімғазы Баймулдинов, облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин және облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Димитрий Гариков.

– 2011 жылғы тамызда сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттары өкілеттіктерінің конституциялық мерзімі аяқталуына байланысты Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды 2017 жылғы 28 маусымға тағайындау жөнінде 2017 жылдың 27 сәуірінде Жарлыққа қол қойды. 29 сәуірде аймақтың 4 адамынан сайлауға қатысу туралы өтініш келіп түсті. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңның 69-бабына сәйкес, үш кандидат тіркелді. Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну мен тіркеу 7 маусымда аяқталады. Ал сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 8 маусымнан бастап 26 маусымға дейін жалғасады, - деді Ерсайын Нәбиев.

Оларға тек мәслихат депутаттары дауыс береді. Үміткерлерді қалалық, аудандық мәслихат, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынуға құқылы. Өзін-өзі ұсынуға да рұқсат берілген.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Александр Рукин кандидаттарға тиісті куәліктерін табыс етіп, оларға сайлау науқаны барысындағы құқықтары мен міндеттерін түсіндірді.

Оның келтірген мәліметтеріне сүйенер болсақ, қазіргі уақытта сайлаушылармен кездесу орындары, облыстық, қалалық және аудандық мерзімді басылым беттерінде материал беру бағасы белгіленген. Сонымен бірге, үгіт-насихат жұмыстары басталған күннен бастап сайлау жариялы әрі әділ өтуі үшін үміткерлер міндетті түрде ақылы еңбек демалысына немесе жалақы сақталмайтын демалысқа шығуы тиіс. Себебі, бұл уақытта қызметтік ықпалын, кабинетін, қызметтік көлігі мен телефонын пайдалануға болмайды. Бұл үшін сайлау қорынан арнайы қаржы қарастырылған.
Ерсайын Нәбиевтің айтуынша, саяси науқанның өту барысы бастан-аяқ Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың тікелей бақылауында болады. Жоғарғы палатаға еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан бір кандидаттан таңдалмақ.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив