KZ
Өскемен
+5°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
448.15 483.46 4.86

Өскеменде өтетін жәрмеңкелердің негізгі кемшіліктері айтылды

14.03.2017, 18:00 211



Облыс орталығында өткен ауылшаруашылық жәрмеңкесіне бұл жолы Шемонайха ауданының фермерлері өз өнімдерін әкелді. Базар бағасынан арзан сауданың қызған шағында «Фрэшмаркет» сауда-логистикалық орталығының жанында ұйымдастырылған шараны облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин аралап көрді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Жәрмеңкені аралау барысында шемонайхалықтардың ет пен балды, күнбағыс майын, бақша дақылдарын молынан әкелгенін байқадық. Оның сыртында шұжық, құс еті, балық та қала тұрғындарының игілігіне ұсынылды.

Мұнда сиыр еті келісі – 1200-1300, жылқы еті – 1300-1500, тартылған ет – 1500, қой еті – 1500, тауық еті – 650, шошқа еті – 1100, сазан, көксерке балықтары – 800, шортан 350 теңгеден сатылды. Ал балдың бағасы барлық сауда орындарында келісі – 900, сарымай – 1500, күнбағыс майының 5 литрі – 1500, он дана жұмыртқа 250-290 теңгеден қойылды. Ал алманың барлық түрі 300 теңгеден берілді. Картоп – 70-100, сәбіз – 80, қызылша, пияз – 100, орамжапырақ 90 теңге аралығында болды.

Шемонайха ауданы әкімінің орынбасары Дмитрий Горьковойдың айтуынша, ауданнан жәрмеңкеге 300 келі балық, осынша күнбағыс майы, 500 келі жарма, 8 тоннаға тарта ет, бір тоннадай картоп жеткізілген.
Ауданның шаруалары жайған жәрмеңкені аралап шыққан облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин бұл жолғы жәрмеңкенің ұйымдастырылу деңгейі бұған дейін өткізілген Ұлан, Тарбағатай аудандары жәрмеңкесіне қарағанда төмен болғанын жасырмады.

– Аудан шаруаларының басын қосып, жәрмеңкеге дайындалғанда қалаға қандай өнімдерді әкелу керектігін мұқият зерттеп алу қажет. Содан кейін барып, әр ауылдық округ әкіміне нақты тапсырмалар беру керек еді. Олар шаруаларға өз өнімдерін өздері әкеліп сатуды ұйымдастыру керек болған. Мәселен, күнбағыс майы мен бал қалада онсыз да жеткілікті. Жарма да бар. Неге қолдың сарымайын, басқа да елге аса қажетті, мысалы, сүттен жасалған өнімдерді көптеп әкелмеске? Бұған ауданның әлеуеті жетеді ғой. Өнімдердің бағасы, ауылдық округтердің атауы неге көрсетіліп жазылмаған, алдын ала жарнама неге жүргізілмеген? Осының бәрі маңызды шараға ойдағыдай дайындалмағандықтан болып отыр, - деп ескертті Дүйсенғазы Мусин.

Бұдан бөлек, арзан өнімдерді алуға келген өскемендіктер бұл күні Шемонаиха ауданының үздік өнер ұжымдары әзірлеген концерттік бағдарламаны да тамашалады.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив