KZ
Өскемен
+16°
ясно жел 11 м/с, С
446.49 475.38 4.79

ШҚО әкімі Даниал Ахметов: «Елбасы тапсырмалары толық жүзеге асады»

7.04.2016, 18:00 171



Кеше Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов Президенттің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асырудың аралық қорытындылары туралы баспасөз мәслихатын өткізді. Жиынға өңірдегі барлық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Алдымен аймақ басшысы ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанындағы алдын ала болжанған өңірдің жалпы экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды. Ресми деректерге жүгінсек, өңірлік өнімнің номиналды өсімі 500 млрд. теңгеден асып, 102 пайызды құрады. Өндірістік өнімнің көлемі 301 млрд. теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 30,1 млрд. теңгенің үстіне шықты. Сонымен қоса, 65,7 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріліп, қазынаға түскен түсімдер мен салықтар 49,9 млрд. теңгені құрады.

Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың алғашқы қадамдары - кәсіби мемлекеттік аппарат құру мен заңның үстемдігін қамтамасыз ету бағытында облыста атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған ШҚО әкімі Даниал Ахметов:

- Былтыр реформа жарияланған кезден бастап өңірімізде бірқатар маңызды кадрлық өзгерістер болды. Нақты айтқанда, Катонқарағай, Ұлан, Бесқарағай, Күршім аудандарының әкімдері жаңадан тағайындалды. Олар «А» корпусына сынақтан сүрінбей өтіп, жауапты қызметке лайықты екендіктерін көрсетті. Жалпы, қазір мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеу, дайындау жоғары деңгейде жүргізілуде, - деп түсіндірді.

Екінші реформа - сот жүйесін оңтайландыру және құқық қорғау органдар жұмысының тиімділігін арттыру. Осы негізде жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметі құрылды. Тұрғындардың құқық қорғау органдарына, әсіресе, полиция қызметіне деген сенімін арттыру міндеті қойылып отыр.

Қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыстық құқықбұзушылықты алдын алу үшін жергілікті полиция қызметінің жедел және уақтылы жұмыс атқаруы үшін учаскелік инспекторларға облыстық бюджеттен 285 млн. теңге бөлініп, 100 автокөлік сатып алынды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасын» құру бойынша шаралар атқарылып жатыр. Бұл қоғамға полиция жұмысының тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Риддер мен Курчатов қалаларының карталары жандандырылды.

Маңызы жоғары тағы бір реформа - индустрияландыру және экономикалық өсім. Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру аясында өндіріс салаларына стратегиялық инвесторлар тартылып, ірі жобаларды жүзеге асыруға баса мән берілуде.

- Қазіргі уақытта облыста 890 млрд. теңгенің 76 жобасы қолға алынса, осыған дейін 225 млрд. теңгені құрайтын 48 жоба толық іске асырылды. Биыл 9,7 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба өндіріске енгізіледі. Бұлардың барлығы дерлік еліміздің әлемдік нарыққа шығуына және экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін ауқымды бастамалар, - деген ШҚО әкімі аталған жобаларға жеке-жеке тоқталады.

Олардан ішінде Аягөз ауданындағы Ақтоғай кен-байыту комбинаты (244,5 млрд. теңге), Өскемендегі толық циклді автозауыт және автобөлшектер шығаратын технопарк (112,8 млрд. теңге), Жарма ауданындағы Бақыршық тау-кен игеру кәсіпорнының кен байыту кешені (80 млрд. теңге), Бесқарағай ауданындағы кобальт-никель өнімін шығаратын зауыт (30 млрд. теңге), Зырян ауданындағы Тұрғысын каскад гидроэлектростанциясы (9,2 млрд. теңге) және басқалар бар. Бұл жобалар алдағы бір-екі жылда толығымен қолданысқа беріліп, мыңдаған жұмыс орындары ашылады.

Сондай-ақ, жиын барысында Шығыс Қазақстанда ғылымды қажет ететін экономика құру бойынша жұмыстар басталғаны айтылды. Аймақ басшысының сөзіне қарағанда, технологиялық процестерді оңтайландыру және экономиканың тиімді жаңа бағыттарын дамыту мақсатында 5,4 млрд. теңгені құрайтын 10 маңызды ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар әзірленуде. Олардың іске асырылуы жүздеген миллиардтан астам қаржыны құрайтын жаңа тәжірибелі өндіріс орындарын ашуға, жаңа жоғары технологиялық өнім алуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Медицинаның, мұнай-газ саласының дамуына, өндірістің технологиялық қалдықтарын өңдеуге және тиімділігі төмен кендерден құнды металл алуға бағытталып отыр. Олар облыстың кәсіпорындарында енгізіліп, мемлекет экономикасымен қатар тұрғындардың өмір сүру деңгейіне он әсер етеді.

- Біз өзіміздің әлеуетімізді, мүмкіндіктерімізді дұрыс пайдалануымыз керек. Қолда бар дүниемізді ұқсата білсек қана ұтамыз. Сонда бәсекеге қабілетті боламыз. Шығыста тау-кен өндірісі, металлургия жақсы дамыған. Ендеше осы жағына басымдық беруіміз керек. Мәселен, әлемдік тәжірибеде протездеу мен тірек-қимыл жүйесін алмастыруда танталды қолданады. Ал сол тантал біздің өңірде өндіріледі. Сол секілді тіс жөндеуде титан пайдаланады. Кішкентай ғана бұранда титаннан жасалады. Ал біз әлгі бұранданы шетелден өте қымбатқа сатып әкелеміз. Неге? Өйткені, өзімізде жоқ. Сонда бұл тетікті жасау соншалық күрделі ме? Жоқ. Ендеше өзімізде неге жасамасқа? - деп орынды сауал тастаған аймақ басшысы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асыру арқылы келешекте бәсекеге қабілетті өнімдер өндіруге қол жеткізілетінін айтты.

Бұған қоса аймақ басшысы жергілікті көлік өндірушілердің экспорттық нарығын күшейту мақсатында Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан және Моңғолия елдерімен алыс-беріс күшейетінін еске салды.

Шығыс Қазақстан облысы экономикасындағы маңызды салалардың бірі - аграрлық сектор. Бұл орайда сүт және сүт өнімдерін, ет, құс етін өндіруге басымдық беріліп отыр. Қазір облысымыз сүт өндіруден республикада үшінші орында. Бірақ сүт өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын игеру бар-жоғы 35%-ды құрайды.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов: «Елбасы тапсырмалары толық жүзеге асады»

ШҚО-да сүт өндірісін дамыту үшін тауарлы-сүт фермалар мен қабылдау пунктерін құру, кеңейту бойынша кешенді бағдарлама қабылданды. 37 тауарлы-сүт фермасының құрылысы мен 36 сүт қабылдау пуктерін құру жобасын сәтті іске асыру, тұрғындар арасындағы жеке шаруашылықтарды қосу сүт өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын 52%-ға дейін игеруге мүмкіндік береді. Өткен жылы 13 сүт-тауарлы ферма қолданысқа енгізілсе, биыл 24 ферма мен 12 сүт қабылдау пункті іске қосылады.

Ет өндіру және өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тартуға көңіл бөлінген. Негізгі міндет - шикізат базасын және өңделген өнімді экспорттауды дамыту. Облыста республикада өндірілетін еттің жалпы көлемінің 12%-ы шығарылады. Сондай-ақ, облыстың ет өндіру кәсіпорындарында барлығы 39% шикізат өңделеді.

Аграрлық секторға серпін беретін бірқатар жобалар бар. Олар: Үржар ауданында жылына 30 мың тонна құс етін шығаратын құс фабрикасы, Аягөз ауданында қуаттылығы жылына 11,5 мың тонна ет шығаратын мал сою цехы мен 50 мың бас қой мен мың бас ірі қара үшін бордақылау алаңдары, Көкпекті ауданында жылына 6 мың тонна сиыр етін өндіруге мүмкіндік беретін ет өңдеу кешенінің құрылысы мен 3 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңдары.

Ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мәселесі де назардан тыс қалған жоқ жиында. Облыс әкімінің айтуынша, жерді түгендеу бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесінде аймағымызда қолданылмай жатқан 984,3 мың га жер анықталған. Пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық жерлерді жалға беру бойынша жасалған келісімдер бұзылып, 10,2 мың га жер аумағы мемлекет қарамағына қайтарылған.

Баспасөз мәслихатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің іске асырылуы сөз болды. Бұл ретте концессиялық жобаларды іске асыру және Еуропалық қайта құру және даму банкі, халықаралық даму институттарынан қаржы тарту арқылы бюджет шығындарын барынша төмендету міндеті қойылып отыр.

Шығыс Қазақстанда 115 млрд. теңгені құрайтын 23 концессиялық жоба аяқталуға жақын. Олардың ішінде 2015 жылы 6,8 млрд. теңгені құрайтын екі концессиялық жобаға қол қойылды. Оның негізінде 11 балабақша құрылысы жоспарланып отыр. Өткен жылы 2645 орынға арналған 28 жекеменшік балабақша ашылса, биыл 1415 орынға арналған 17 жекеменшік балабақша ашу жоспарланып отыр.

Қазіргі күні 38 млрд. теңгені құрайтын төрт жобаны жүзеге асыру үшін инвестиция тарту мүмкіндіктері талқылануда. Ол жобалар: Күршім ауданындағы құны 23,6 млрд. теңгені құрайтын Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір, Өскемен қаласының жылумен қамту жүйесін қайта жаңғырту, аудан орталықтарының көше жарықтандыруын ауыстыру, Өскемен мен Семей қалаларындағы қоғамдық көлік құрамын жаңарту. Жалпы Еуропалық даму және қайта құру банкіне 154 млрд. теңгені құрайтын 124 жоба қарастырылуға жіберілген. Алдағы үш жылда 200 млрд. теңге инвестиция тарту міндеті қойылып отыр.

Сонымен қатар, ШҚО әкімі Даниал Ахметов тұрғын үйді қолданысқа беру, жол инфроқұрылымын дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, археологиялық жұмыстарды жандандыру, турзимді өркендету мәселелеріне тоқталды. Халықты тұрғын үймен қамтуда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» мүмкіндігін пайдалану көзделіп отыр. Тұрғын үй құрылысының үрдісін сақтау мақсатында 322,5 мың шаршы метр үй қолданысқа берілмек, оның ішінде 126 мың шаршы метрі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы іске асады.

Өңіріміздегі автокөлік жолдарын жөндеу күн тәртібіне қойылған мәселелердің бірі десек, бұл бағытта біраз жұмыстар істеліпті.

- Биыл біз толық жөндеу жұмыстарына кететін шығынды орташа жөндеу жұмыстарына ауыстырдық, сол арқылы 10,6 млрд. теңгеге 387 шақырым жолды қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Көпшілік демалатын орындардың бағыттары бойынша Сібе көлдері, Алакөл көлі, Бұқтырма су қоймасы, Көгілдір бұғаз аумағы, сонымен қатар, Өскемен және Семей, Аягөз бен Ақсуат араларындағы жолдар жөнделеді, - деп нақтылады облыс басшысы.

Үштілділікті оқыту бағдарламасы мен әдістемесін бүгінгі заманға сай жаңарту, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, мектептердің білім деңгейін көтеру сияқты түйткілдерге назар аударған аймақ басшысы Даниал Ахметов республикада алғаш рет біздің өңірде үштілді білім беруді енгізу тәжірибелік алаңын құру бойынша жұмыстар басталғанын жеткізді. Ол бағдарлама Кембридж әдісіне негізделген.

- Көктемгі демалыс кезінде, төмен көрсеткіш көрсеткен 902 педагогтың тіл меңгеру дәрежесін жоғарылату бойынша жұмыстар басталды. биылғы маусым-тамыз айларында ағылшын, қазақ және орыс тілдерінің барлық оқытушылары үшін сабақ беру тәсілі бойынша айлық курстар өткізілетін болады, - деп түсіндірген аймақ басшысы Даниал Ахметов диагностикалық тестілеуден өткен үш мыңға жуық мұғалім қайта оқытылатынын ескертті.

Сөз соңында Елбасы жүктеген міндеттердің өңірімізде нақты іске асырылып жатқанын атап көрсеткен облыс әкімі елдегі тұрақтылық пен ұлтаралық татулыққа да ерекше тоқталып, Ұлт жоспарының төртінші реформасында айтылған жалпы қазақстандық қоғамның біртектілігі мен бірлігін нығайтуға, «Мәңгілік Ел» құндылық жүйесін дамытуға барынша күш салу қажеттігін атап көрсетті.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы ешбір жоба қысқармайды.

Серік Әбілхан, Ержан Әбіш
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив