KZ
Өскемен
+5°
небольшая облачность жел 0,5 м/с, ОБ
448.81 476.82 4.77

Елбасы бастамалары - сот реформасының қайнар көзі

7.04.2016, 18:00 135



Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Қарап отырсақ, осынау ширек ғасырда елімізде ауқымды шаруалар қолға алыныпты. Барлық салада. Әрине, соның ішінде биліктің үш бұтағының бірі саналатын сот саласында да жүйелі жұмыстар жүзеге асырылды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз егемендігін алған алғашқы жылдардан бастап сот саласын айрықша назарда ұстап келеді. Мемлекет басшысы сол бір сындарлы жылдарда, жұрт «елдің ендігі болашағы қалай болады?» деп елегізіген елең-алаң шақтарда кезек күттірмейтін әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізумен қатар, жаңа құқықтық, соның ішінде, сот жүйесін қалыптастырудың тың міндеттерін күн тәртібіне қойды. Бұрынғы кеңестік жүйенің шекпенінен шыққан құқықтық саланы түбегейлі реформалау, тәуелсіз мемлекеттің талабына сай бейімдеу оңай болған жоқ, әрине.

Сәл шегініс жасап, еліміздің сот саласында ширек ғасырда атқарылған шаруаларға көз жүгіртіп көрелікші.

1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конституциялық заңда мемлекеттік билік жүйесі үш тармақта - заң шығару, атқару және сот билігі болып құрылды.

1994 жылы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік құқықтық реформа бағдарламасы туралы» қаулы қабылданып, бұл құжатта судьялардың дербестігі мен тәуелсіздігіне кепілдік берілді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғаудың заңдық-құқықтық алғышарттары жасалды.

1995 жылы Ата заңымыз қабылданды. Еліміздің басты құжатының қаншалықты құнды, қаншалықты маңызды екендігін тәптіштеп айтып жату артық болар. Конституцияда бұдан былай жергілікті жердегі соттарды Президенттің өзі тағайындайтыны, ал Жоғарғы Соттың судьялары Президенттің ұсынысымен Парламент Сенатында сайланатыны заңдық тұрғыда айқындалды.

Президент 1995 жылы сот жүйесін дамытудың негізін қалаған тағы бір құжатқа - «Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңдық күші бар Жарлыққа қол қойды. Осы Жарлыққа сәйкес Жоғары Сот кеңесі мен Әділет біліктілік алқасы құрылды. Төрелік соттар таратылып, олардың функциялары жалпы юрисдикция соттарына берілді.

2000 жылы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң, Жоғары Сот Кеңесі мен Әділет біліктілік алқасы туралы заңдардың қабылдануы судъялардың кадрлық және әлеуметтік мәселелерінің түпкілікті шешілуіне ықпал етті.

Еліміздің сот саласындағы маңызды шаралардың бірі ретінде биыл осымен жетінші мәрте ұйымдастырылғалы отырған Судьялар Одағының съезін атап өтуге болады. Бұл жиынның маңыздылығы сол, тікелей Елбасының өзі қатысады. Бұған дейін өткен алты сьезге де Президент арнайы қатысты. Осы басқосулардың нәтижесінде сот саласында ауқымды реформалар жасалды, құнды құжаттар қабылданды. Соттардың материалдық-техникалық жағдайы жақсарды. Еліміздің сот саласы да Тәуелсіздікпен бірге есейді, бірге жетілді, қиын күндерді де бастан өткерді. Соттардың ескі ғимараттарда отырып, үкім-шешімдерді қол мәшінкемен терген уақыттары да болды.

2015 жыл еліміз үшін ерекше жыл болды. Ерекше болатыны, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бес институционалдық реформаны жүзеге асыру мақсатында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасын жария етті.

Мемлекетімізді әлемнің 30 озық елінің қатарына қосудың межелеген бағдарламада сот саласына айрықша мән берілген. Мемлекет басшысы аталған бағдарламаның «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» атты 2-бөлімінде сот саласының алдына бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот жүйесіне көшу, барлық сот процестерін бейне және таспаға жазу, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу және біліктілік талаптарын қатайту, инвестициялық дауларды қарау бойынша инвестициялық алқа ұйымдастыру секілді тың міндеттер жүктеген-ді. Қазіргі уақытта бұл тапсырмалардың бірқатары орындалып, практикаға енгізіле бастады. Ұлан аудандық сотында да Президент жүктеген міндеттерге орай тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

Еліміздің сот саласына тың серпін берген бұл бағдарламаға өзге мемлекеттер де қызығушылық танытып отыр. Халықаралық сарапшылар «Жаңартудың кең көлемді жобасы» деп баға берсе, бірқатар шетелдік саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудың табысты тәжірибелерін басқа елдерге де тарату қажет деп санайды.

«Елбасы бастамалары - сот реформасының қайнар көзі» деген еді Жоғары сот төрағасы Қайрат Мәми. Расында да, Президенттің сот саласындағы реформалары елімізді биік белестерге бастап келеді. «100 нақты қадам» бағдарламасы сот саласына ғана емес, мемлекетіміздің одан әрі өркендеп, дамуына жол ашары анық.

Мұрат Халмурзаев,
Ұлан аудандық сотының төрағасы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив