KZ
Өскемен
+22°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, З
447.4 477.55 4.76

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаттың хатшысы сайланды

24.03.2016, 18:00 140



Алтыншы шақырылған Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының бірінші сессиясы болып, онда ұйымдық мәселелер қаралды. Сессия жұмысын қолданыстағы заңға сәйкес облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Нәбиев жүргізді. Сессия жұмысына ШҚО әкімі Даниал Ахметов, оның орынбасарлары, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының жетекшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Нәбиев 20 наурызда өткен сайлаудың қорытындылары туралы хабарлама жасады. Сайлау Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкес өткен. Кейбір округ бойынша сайлауға бес кандидаттан да түскен. Сайлау науқанын қадағалаған бақылаушылар да көп болды. Жалпы саны төрт мыңнан асатын бақылаушы мен депутаттардың сенім білдірген өкілі шараның заңға сай өтуін қадағалаған.

Ел аманатын арқалап, мандатқа ие болған депутаттардың 23-і - өткен шақырылымның депутаттары, тоғызы - үшінші, төртінші мерзімге сайланып отырғандар, бір депутат - Мұхит Тұмабаев осымен алтыншы рет депутат болып сайланды. Бұл облыстық мәслихаттағы сабақтастықты көрсетеді. Халық қалаулыларының бәрі де жоғары білімді азаматтар. Араларында екі дәрігер, бес мұғалім бар.

Бұдан соң салтанатты жағдайда жаңадан сайланған депутаттарға депутаттық куәліктер мен төсбелгілер табыс етілді.

- Еліміз үшін аса маңызды саяси науқанның сәтті аяқталуымен баршаңызды құттықтаймын! Ашық әрі демократиялық тұрғыда өткен сайлаудағы лайықты жеңістеріңіз құтты болсын! Осы қызметтегі жауапты әрі күрделі жұмыстарыңызға табыс тілеймін! Жаңадан жасақталған мәслихат депутаттары облыс халқының әл-ауқатын арттыруға бар күш-жігерлерін салуға тырысады деп сенемін. Осы сайлауда айқын жеңіске «Нұр Отан» партиясы жетті. Бұл саяси партияның көшбасында ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ тұр. Осы жылдар ішінде «Нұр Отан» өзін нақты істердің партиясы екенін талай мәрте дәлелдеді. Сол себептен ол халықтың қызу қолдауына ие болып отыр. 20-наурыз күнгі сайлауда халықтың партияны қолдайтыны тағы бір мәрте дәлелденді. Сайлау барлық талапқа сай, әділ өтті. Оны халықаралық бақылаушылардың пікірі де растайды. Халықтың 82 пайызы дауыс берді, бұл тұрғындардың азаматтық белсенділігін, саяси сауаттылығын көрсетеді, - деді сессияда сөз алған аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Облыстағы барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары - 321. Солардың 301-і - «Нұр Отанның», 12-сі - «Ақ жолдың», бесеуі «Ауылдың», үшеуі - Коммунистік халықтық партияның өкілі.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов облыстық мәслихаттың бұрынғы, бесінші шақырылымындағы құрамына алғыс айтты.

- Алда бізді үлкен жұмыс күтіп тұр. Ол - Елбасы реформаларын іске асыру және халықтың әл-ауқатын арттыру. Әлемдік экономикалық дағдарыс ел экономикасына кері әсер етуде. Осыған орай, бюджет ауыртпалығын азайту керек. Өңірде кенжелеп қалған орман, балық шаруашылықтарының әлеуетін сарқа игеруде, сонымен қатар, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту салаларын дамытуда атқарушы билікке депутаттардың қолдауы аса қажет, - деді облыс әкімі.

Сессия барысында мәслихаттың хатшысы болып бірауыздан №7 Құрылысшылар сайлау округінен депутат атанған Владимир Головатюк сайланды. Жаңа хатшы өз кезегінде әріптестеріне сенім артқандары үшін алғыс білдіріп, ортақ істі атқаруда аянбай тер төгетінін жеткізді. Сонымен қатар, жиында мәслихаттағы төрт тұрақты комиссияның - депутаттық өкілеттіктер, этика және заңдылық мәселелері, бюджет, экономикалық реформалар және өңірлік даму мәселелері, агроөнеркәсіптік кешен, экология, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері және әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиялардың құрамдары да сайланды.

Ержан Әбіш
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив