KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 10 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыратын жаңа пән енгізілуі мүмкін

23.03.2016, 18:00 224



Өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждердің оқу бағдарламасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыратын жаңа пән енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Өскемендегі облыстық сотта Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы: нақты ахуал мен перспективалар» атты тақырыптағы ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.

Аймақтағы құқық қорғау, өзге де мемлекеттік органдардың жетекшілері, басқарма басшыларының және ғалымдардың басын қосқан жиынға ШҚО әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин қатысты.

Конференцияны ашқан Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов пен одан кейін сөз алған облыстық соттың төрағасы Досжан Әміров 2014 жылы Елбасының Жарлығымен қабылданған «2015-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының» мәні мен маңызына тоқталып, сыбайлас жемқорлықпен күрес еліміздің барша азаматтары мен мемлекеттік органдардың алдында тұрған ауқымды міндет екендігіне тоқталды.

- Сыбайлас жемқорлықпен күрес қай кезде, қай қоғамда болмасын өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі, сыбайлас жемқорлықтың мемлекетті ішінен ірітіп, алға қойған міндеттерге тежеу болатыны бәрімізге мәлім. Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін жақсы білесіздер. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыру мақсатындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасында да бұл мәселеге айрықша назар аударылғаны белгілі, - деді Дүйсенғазы Мусин. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары өңірімізде бұл бағытта арнайы іс-шаралар жоспарының әзірленгенін де атап өтті.

«Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын қараудағы сот тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасаған облыстық соттың қылмыстық істер бойынша алқасының төрағасы Қайрат Чакпантаев бүгінде елімізде сыбайлас жемқорлыққа жол бергендерге қатаң жаза қолданылатынын, әсіресе, 2015 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген Қылмыстық кодексте жауапкершіліктің күшейтілгеніне тоқталды. Жаңа Кодексте сыбайлас жемқорлық дерегімен ұсталғандарды, оның ішінде, пара берушілер мен пара алушыларды, пара беруге қатысы бар тұлғаларды бас бостандығынан айырудан бөлек, балама ретінде айыппұл төлетудің жолдары да қарастырылған. Мәселен, Шығыс Қазақстанда 2015 жылы 37 тұлғаға қатысты 33 қылмыстық іс қозғалып, 119 миллион теңгеден астам айыппұл белгіленіп, мемлекет қазынасына 79 миллион теңге көлемінде қаражат түскен. Ал соттардың шешімімен белгіленген айыппұлды дер кезінде төлемеген немесе төлегісі келмеген тұлғаларға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.

- 2016 жылы 1 қаңтарда күшіне енген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және ескерту шараларына ерекше мән берілген. Сот саласына жүктелген міндеттер қазіргі уақытта жүйелі әрі жедел жүзеге асырылып жатыр, соттар заң шеңберінде жұмыс істеуде және соттардың қызметі халық үшін қолжетімді әрі ашық болып отыр, - деді Қайрат Чакпантаев.

Бұдан кейін баяндама жасаған Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қылмыстық құқық және қылмыстық процесс кафедрасының доценті жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет туралы құқықтық сауаттылықтарының төмен екендіктерін және студенттер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігін айтты. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жаңа оқу жылынан бастап университетте «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениеті негіздері» атты курсты бакалавриатқа енгізуді жоспарлап отырғандарын жеткізіп, университет базасында Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментімен бірлесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және құқықтық сауат беру орталығын құрсақ деген ұсыныс айтты.

Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің доценті, әлеуметтік ғылымдарының кандидаты Элеонора Столярова өз баяндамасында:

- Әрине, мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. Оны жоққа шығара алмаймыз. Алайда, бұл әлеуметтік дертті тек заң шеңберінде ғана шешу мүмкін емес. Бұл мәселенің тиімді шешілуіне әдеп нормалары оң ықпал етеді деп ойлаймын. Заң мен әдеп нормалары бірлескен қоғам ғана жеңіске жетеді. Мәселен, сот бір адамды қылмыскер деп таныған жағдайда, оның маңайындағы адамдар «ол - жақсы, адал адам» деуі мүмкін. Немесе керісінше, маңайындағы адамдар «әділетсіз, нашар адам» деп бағалаған адамдарды сот ақтау шығуы мүмкін. Осындай қарама-қайшылық қоғам санасына әсер етеді. Құқық пен әдеп нормаларының бірлігі осы үшін қажет, - деп пікірін білдірді.

Ал оның әріптесі, осы университеттің Қазақстан тарихы және құқық кафедрасының аға оқытушысы Галина Жук оқу орнында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолға алынып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, университет жанындағы қайта дайындау және жаңа білім технологиялары институты 2016 жылдан бастап оқытушыларға (кураторларға - А.Қ) курстар ұйымдастырып, ол курстардың ішіне «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениеті негіздері» атты арнайы курсты енгізіпті.

Тағы бір тың жаңалық, аталған университетте бірнеше жылдан бері «Ашық сессия» шарасы аясында студенттер емтиханды тест түрінде тапсырып келеді екен. Оған арнайы компьютермен жабдықталған бөлмелер қарастырылып, бейнекамера қойылған. Студенттер бір-бірінен көшірмеуі, ақпарат алмаспауы әрі ғимараттан орынсыз шықпауы үшін бір оқытушы бақылап тұрады екен. Сессия уақытында апелляциялық комиссия жұмыс істейді.

- Мұның бәрі студент пен оқытушы арасындағы байланыстың болмауына, жемқорлықтың алдын алуға бағытталған, - деп сөзін түйіндеген оқытушы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениеті негіздері» атты арнайы курсты өңірдің барлық жоғары оқу орындары мен колледждердің 1 курстарының оқу бағдарламасына енгізсе деген ұсыныс айтты.

Азамат Қасым
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив