KZ
Өскемен
-1°
ясно жел 9 м/с, С
444.22 476.38 4.82

ШҚО әкімі Даниал Ахметов халық алдындағы есептік кездесуін өткізді

28.02.2016, 18:00 316



Өскемендегі облыстық драма театрында Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтің халық алдындағы есептік кездесуі өтті. Өткен жылды қорытындылап, ағымдағы жылы алға қойылған мақсат-міндеттер туралы айтылған алқалы жиынға өңірдің аудан-қалаларынан келген өкілдермен қатар, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Биыл Тәуелсіздікке - 25 жыл. Осы уақыт ішінде Қазақстан барлық жағынан кемелденіп, кешегі кеңес одағының құрсауынан құтылған мемлекеттердің көш басынан көрінді. Ең маңыздысы, жүзден аса ұлттың өкілдері тұратын еліміздің ынтымақ-берекесі артып, тұрақтылығы беки түсті. Бұл халқымыздың, оны басқарып отырған Президентіміздің зор жетістігі екенін айрықша атап өткен аймақ басшысы Даниал Ахметов: - Қазақстан бүгінде нарықтық экономикасы дамыған, өзіндік саяси және азаматтарды әлеуметтік қорғау жүйесі қалыптасқан мықты тәуелсіз мемлекет ретінде танылды, - деп бастады сөзін. - Елбасының экономикалық стратегиясы мен болашақты бағдарлай білген көрегендігінің арқасында биылғы мерейтойлық жылды біз «Қазақстан - 2050» стратегиясымен, яғни, әлемнің дамыған отыз елінің қатарына кіруді көздеген биік арман-мақсаттармен бастап отырмыз. Биылдан бастап «Ұлт жоспарын» нақты іске асыру кезеңі басталады. Бес институционалдық реформаны іске асырудың 100 нақты қадамы - ең алдымен дағдарыс кезінде экономиканың тұрақты дамуын сақтауға және халықты әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етуге бағытталған нақты шаралар. Мемлекеттің, экономика мен қоғамның дамуы үшін жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді.

ШҚО әкімі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, өткен жылы өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері төмендеген жоқ. Жалпы өңірлік өнімнің мөлшері 100,5 пайызға өсіп, 2,2 трлн. теңгеден асып жығылды. Өндірістің барлық салаларында экономикалық өсімнің оң қарқыны сақталды. Негізгі капиталға инвестиция 119 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 109 пайызға, бөлшек тауар айналымы 105 пайызға артты. Барлық деңгейдегі бюджеттерге 184 млрд. теңге салық аударылса, меншікті кірістер 105,5 пайызға өскен.

Жұмыссыздық деңгейі былтырғы 4,8 пайыз деңгейінде қалды. Өткен жылы сонымен қоса, орташа айлық жалақы мен халықтың ақшалай кірісі де өскені байқалды.

Шығыс Қазақстан облысы экономикасында басым салалардың бірі саналған ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 100,6 пайызды құрады.

Есесіне өнеркәсіп өнімінің өндірісі сәл бәсеңсіп, тоғыз пайызға төмендеді. Өндірістің төмендеуінің негізгі себебі машина жасау саласындағы өндіріс көлемінің 52% төмендеуі себеп болды. Оның 74 пайызын «Азия Авто» АҚ өнімдерінің көлемі құрайды.

- Өндіріс көлемінің бұлайша құлдырауы 2014 жылдың соңында ресейлік рубльдің құнсыздануына байланысты болды. Мұның соңы Ресей мен Қазақстандағы автокөліктердің бағаларында айтарлықтай айырмашылық туындатты. Екінші себеп - әлемдік нарықтағы түсті металл (мыс, мырыш, алтын, күміс, т.б.) бағасының арзандауы. Бұл тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің төмендеуіне ықпал етті, - деп түсіндірді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, инфляциялық үрдістерді тежеу мақсатында жұмыс ұдайы жүргізіліп келеді. Былтырдан бері 650 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, тұрақтандыру қорының өнімдері сатылуда.

Алда тұрған баста мақсаттардың бірі - ел экономикасын алға сүйрейтін іргелі жобаларға басымдық беру екенін тілге тиек еткен облыс әкімі Даниал Ахметов: - Ең бірінші кезекте автомобиль кластерін құрамыз, - деп нақтылады. - Бұл бағытта біз әйгілі «Pricewater house Coopers (PwC)» халықаралық консалтингтік компаниясымен бірлесіп жұмыс істейміз. Аталған компания шағын және орта бизнес үшін өндіріс ұйымдастыру бойынша ұсыныстары бар шеберлік жоспарын ұсынды. Бүгінгі күні Өскеменде толық циклді автозауыт және автобөлшектер шығаратын технопарктің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл төрт мың жаңа жұмыс орнын ашуға және қазынаға қосымша 15 млрд. теңге көлемінде салық түсімдерін жинауға мүмкіндік береді. Жаңа өндірістің жылдық көлемі шамамен 1 млрд. АҚШ долларын құрайды.

Атап өтерлік екінші ірі жоба - құны 364 млрд. теңгені құрайтын «Ақтоғай тау-кен байыту кешенінің құрылысы». KAZ Minerals компаниялар тобына тиесілі бұл жоба іске асырылғанда Аягөз ауданында 1,5 мың жұмыс орны құрылып, жылына 65 млн. тоннаға дейін кен өндіруге мүмкіндік болады.

Жалпы, ресми деректерге жүгінсек, өңірімізде ҮИИДБ-ның алғашқы бесжылдығында 226 млрд. теңгеге 48 жоба іске асырылып, жеті мыңнан астам жұмыс орны ашылыпты. Сондай-ақ, жеті млрд. теңгеден астам салық түсімдері аударылған. Биыл аймақтың алпауыт кәсіпорындарымен бірлесіп тағы тоғыз жоба іске асып, мыңға тарта жұмыс орны ашылмақ.

Сонымен қатар, маңызды бағыттардың бірі ретінде ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастыру болмақ. Қазіргі күні облыстың ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары отандық және шетелдік ғылыми, жобалық ұйымдарымен, академиялық жоғары оқу орындарымен, зерттеу институттармен және конструкторлық бюролармен бірлесіп, 5,4 млрд. теңгеге технологиялық процестерді оңтайландыруға, жаңа экономикалық тиімді қызмет бағыттарын дамытуға мүмкіндік туғазатын маңызды ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар әзірленуде.

Облыс экономикасында маңыздылығы жағынан екінші орында тұрған агроөнеркәсіп кешенінің өткен жылғы көрсеткіштері көңіл көншітерлік. Былтыр бұл салаға барлық қаржыландыру көздерінен 42 млрд. теңге тартылды. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 117 пайызға жоғары. Соның ішінде мемлекеттік қолдау барлық инвестициялардың үштен бірін немесе 14 млрд. теңгені құрады.

Өткен жылы табысты дамыған сала - мал шаруашылығы. Ет, сүт өндірісі, ірі қара мал, жылқы мен құс санының өсіміне қол жеткізілді.

Облыста сүт өндіру және қайта өндеу өндірісін ұлғайту бойынша негізгі бағыт сүтті мал шаруашылығын дамыту жобасы болып табылады. Осы орайда былтыр 37 тауарлы-сүт фермасының құрылысы және қайта жаңартылуы, 33 сүт қабылдау пунктін құру қолға алынды. Оған тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылықтары тартылды және осы негізде сүт өңдеу кәсіпорындарының қуаты 34-тен 50 пайызға ұлғайтылды. 200 басқа арналған екі жаңа тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталды, жұмыс істеп тұрған 3,5 мың басқа арналған 11 ферма қайта жаңартылды, тұрғындардан сүт сатып алу үшін 24 сүт қабылдау пункті ашылды.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов халық алдындағы есептік кездесуін өткізді

Жалпы, өткен жылы агроөнеркәсіп кешенінде 5 млрд. теңгеге 94 жоба іске асырылды.

- Біздің облыстың әлеуеті өте жоғары. Білікті мамандарымыз жеткілікті. Сондықтан біздің өнімдер Ресейдің нарығында, әсіресе, Сібір бөлігінде жоғары сұранысқа ие болуы қажет. Сондай-ақ, әлемде бар өндірістерді дамытуымыз керек. Жаңадан бірдеңе ойлап табудың керегі жоқ. Қолда барды ұқсатсақ жеткілікті, - деген облыс әкімі Даниал Ахметов ауыл шаруашылығы саласын алға жетелейтін өзге жобаларға тоқталды.

Ағымдағы жылы аграрлық секторда экономикалық өсімге қол жеткізетін жобалар: Үржар ауданындағы жылына 30 тонна құс етін өндіретін фабрика мен Аягөз ауданындағы жылына 10 мың тонна қой және 12 мың тонна ірі қара малының етін өндіретін кәсіпорын. Сол сияқты Көкпекті ауданында жылына 6 мың тонна сиыр етін өндіруге әлеуетті «Елім-ай Көкпекті» ЖШС. Бұл алдағы үш жылда өңірімізде ет өндірісін 31,5 мың тоннаға дейін жеткізетін мықты ет қорын құруға жол ашады.

ШҚО әкімі баяндамасында суармалы жерлерді игеру мәселесіне де кеңінен тоқталды. Бұл бағытта былтыр біраз шаруа атқарылған сыңайлы. Суарылатын жерлерді түгендеу мақсатында қолданылмайтын және тиімді қолданылмай жатқан телімдер анықталып, оларды нарықтық ортадағы қаржылай тұрақты шаруашылықтарға өткізу шаралары басталды. Бұл жерлердің иелері меншікті қаражаты есебінен суарылатын телімдерді қалпына келтіру немесе қайта жаңартуды жүргізеді. Былтыр шамамен 10 мың га жер қайтарылып алынды, 35 мың га суармалы арқапқа қатысты жалдау шарттарын бұзу бойынша жұмыс жүргізілуде. Биылғы басты міндет - инвестициялық бағдарламалар үшін 40 мың гектар суармалы жер беру. Нәтижесінде, ондаған инвесторлар пайдаға жаратылмай бос жатқан алқаптарды игеру үшін өңірімізге тартылатыны сөзсіз.

Сонымен қатар, өткен жылы бюджет қаражатына Зайсан және Тарбағатай аудандарында жалпы аумағы 6,5 мың гектарды құрайтын екі бірдей сумен қамтамасыз ету нысаны қалпына келтірілді. Биыл 12,5 мың га аумақты құрайтын төрт нысанды қалпына келтіру көзделген.

Есептік кездесуде ерекше назар аударылған проблеманың бірі - балық шаруашылығы. Қазіргі уақытта балық саласын дамыту және бірінші кезекте балық аулау тәртібін өзгерту, қорларды толықтыру және қайта өңдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде балық аулауға лицензияны бір адам алады, ал өмір бойы балық аулаумен айналысып келген балықшылар «көлеңкеде» қалуда.

- Мен бұған түбегейлі қарсымын. Біздің міндетіміз - балық аулауды ежелден кәсіп еткен ауылдардың тұрғындарына заңдастырып беру. Балық аулауға рұқсат қағазы бұрынғыдай екі-үш кәсіпкерге ғана беріліп, қалған адамдар табыссыз қалмауы керек. Бұл - дұрыс емес. Сондықтан лицензия өзен-көлдердің жағалауында тұратын адамдарға берілетін болады. Ал инвесторлар олардың өнімдерін сатып алсын, өңдесін, сатсын. Қазір бұл мәселемен Күршім, Тарбағатай, Зайсан және Ұлан аудандарының әкімдері айналысып жатыр. Ұлан ауданында қомақты қаражатқа заманауи балық шаруашылығы құрылуда, - дейді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Дағдарысқа қарамастан аймақтың шағын және орта бизнес субъектілерінде белсенді жұмыс істейтін адамдардың саны арта түскені қуантты бізді. Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 600 шағын несие беріліп, 18 мың жұмыс орыны құрылды. Ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге 34 млн. теңге көлемінде гранттар бөлінді.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында облыста 113 млрд. теңгенің 21 концессиялық жобасы аяқталуға жақын. Олардың ішінде былтыр Өскеменде құны 4,2 млрд. теңгеге алты балабақша, Семейде 2,6 млрд. теңгеге бес балабақша салуға концессиялық келісімдер жасалды. Биылғы мамырда Өскеменде бес концессиялық балабақша құрылысына конкурс жарияланады.

Сондай-ақ, Өскеменде 300 орындық көпсалалы аурухана мен Семейде 200 орындық қалалық балалар ауруханасы құрылыстарына конкурс жарияланды. Бұл жобаларға қазақстандық, түркиялық, қытайлық және корейлік инвесторлар қызығушылық танытуда.

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында Күршім ауданындағы құны 23,7 млрд. теңгені құрайтын Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысына байқау жарияланады. Өскемендегі Ертіс өзені арқылы өтетін көпір құрылысын ағымдағы жылдың соңына дейін конкурсқа шығару жоспарланып отыр.

Жиын барысында аймақ басшысы аудандар мен қалалардың әкімдеріне әлемдік қаржылық институттармен, Еуропалық қайта құру және даму банкімен (ЕҚҚД) жұмыс жүргізуді тапсырды. Былтыр «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Еуропалық қайта құру және даму банкімен инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бес маңызды жоба қолға алынды. Жалпы Еуропалық даму және қайта құру банкіне 154 млрд. теңгені құрайтын 124 жоба қарастырылуға жіберілді. Олардың ішіндегі 101 жобаның техникалық құжаттары толығымен дайын.

Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов жол инфрақұрылымын жаңғырту мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Бұл орайда күрделі жөндеу жұмыстарын оңтайландыра отырып, ағымдағы жөндеуге басымдық берудің тиімділігі анық байқалды. Соның нәтижесінде ондаған жылдар бойы жөндеу көрмеген көлік жолдары жақсарды. Мәселен, Өскемен-Риддер бағытындағы 120 шақырым тас жол қалпына келтірілді. Биыл тағы 700 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Оның ішінде Өскемен-Семей бағытындағы трассаның екі учаскесіне, Аягөз-Ақсуат, Өскемен-Сібе көлдері, Өскемен-Зырян бағытындағы трассадан Серебрянка қаласына дейінгі аралық жолдарын жөндеу, Осинов асуын қалпына келтіру жүргізіледі.

2016 жылы облыстың автокөлік жолдарында жалпы сомасы 19,9 млрд. теңгеге 288 шақырымда қайта жөндеу жұмыстары және 336 шақырымда орташа жөндеу атқарылады.

Бұған қоса ШҚО әкімі тұрғын үй құрылысына халықтың банктерде жинаған меншікті қаражатын тартудың маңыздылығын еске салды.

- Тұрғын үй құрылысында былтыр біз 2014 жылға қарағанда артық жұмыс атқардық. Ал биылғы көрсеткіш өткен жылғыдан жоғары болуы керек. Бұл әрине, жаңадан жұмыс орындары мен экономиканың дамуы. Алайда, біз бұрын үй салуға бюджет қаражатын пайдаланып келсек, ендігі жерде тұрғындардың өз ақшасын іске жаратамыз. Бүгінгі күні «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» адамдардың салымдары 21 млрд. теңгеден асып жығылады. Бұл аз сома емес. Дәл қазір Өскеменде 3,5 мың адам баспана сатып алуға дайын, Семейде олардың саны мың жарым. Сол себепті биылға жоспарланған 322,5 мың шаршы метр тұрғын үйдің үштен бірі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы өтуі керек. Оған қоса Өскеменде инфрақұрылым бойынша ешқандай проблема жоқ, - деп нақтылады облыс әкімі Даниал Ахметов.

Жиында Шығыс Қазақстанның елді мекендерін, оның ішінде әсіресе, Өскемен мен Семейді әлемдік талаптар мен трендтерге сай үлгіде абаттандыру қажеттігі айтылды. Аймақ басшысы баяндамасында қалада демалыс орындарын, саябақтар мен субұрқақтар, балалар ойнайтын алаңқайлар, спорттық алаңдар, автокөлік тұрақтарын және басқа да қажетті орындарды салумен қатар, қаланың ішінде тегін интернет желісін тарататын Wi-Fi аймағы құрылатынын айтты.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов халық алдындағы есептік кездесуін өткізді

Бюджет қаражатын үнемдеу басты назарда ұсталатынын қадап тұрып ескерткен облыс басшысы тиімсіз шығындарды қысқарту бойынша бірқатар міндеттер тұрғанын айтты. Мәселен, аймақта бүгінгі таңда бірнеше әлеуметтік мекеме (мектептер мен денсаулық сақтау мекемелері) электр қуатымен жылынады. Оларға кететін шығын көлемі - 2,4 млрд. теңге. Осы нысандарды қатты отынға ауыстырса (қондырғыларды орнатуға кететін шығынды есепке алмағанда) қазына қаражатын 50 пайызға дейін үнемдеуге қол жеткізілмек.

Білім беру саласында да біраз шаруа тындырылыпты былтыр. Жүргізілген тексерулер нәтижесінде лицейлер мен гимназиялардың бірсыпырасы өзінің мәртебесіне лайықты емес болып шыққан. Алайда, атына заты сай емес білім ошақтары құжатта көрсетілген мәртебелеріне лайықты екендіктерін дәлелдеуге уақыт алды. Осы уақыт аралығында білім сапасын арттырмаса, «лицей» немесе «гимназия» деген атауынан айырылады. Алдағы уақытта мұндай тексерулер әр үш жыл сайын өткізіліп тұрмақ.

Ұлт Көшбасшысының үштілділік жөнінде айтқан сөзін негізге ала отырып, облысымызда тілді оқытудың тың тәсілі қолға алынды. Былтырдан бастап үш тілде білім беруді енгізу тәжірибелік алаңын құру жұмысы басталды. Аталмыш бағдарлама тілдерді оқытудағы проблемаларды жоюды көздейді. Үштілділікті дамыту аймақтық бағдарламасын тиімді іске асыру мақсатында еліміздегі британдық білім беру бағдарламалары кеңесімен және Назарбаев университетімен байланыс орнатылған.

Ауызша сөйлеу тәжірибесі мен сабақ беру әдістемесін дамыту үшін 79 ағылшын тілінде сөйлейтін оқытушыны тарта отырып ағылшын тілінің мұғалімдері үшін Өскемен, Семей және Зайсанда үш оқыту орталығы құрылады. Жоғары көрсеткіштер көрсетіп жүрген ағылшын, қазақ тілі (орыс сыныптарында) орыс тілі (қазақ сыныптарында) мұғалімдері үшін материалдық ынталандыру жүйесі енгізіледі. Үш мыңға жуық мұғалім (1200 ағылшын тілінің мұғалімі, 900 қазақ тілі мұғалімі және 800 орыс тілінің мұғалімі) қайтадан білім алатын болады.

- Ағылшын тілін оқытудың жаңа әдістемесі «Кембридж юниверсити» бағдарламасына негізделген. Онда грамматикадан гөрі ауызша сөйлеп үйренуге басымдық берілген. Ауқымды реформа қазақ тілін оқытуға да қатысты болмақ. Біз қазір қазақ тілін оқытудың бағдарламасын толық жасап шықтық, ол құжат тиісті министрліктермен және институттармен келісілді. Алдымен ұстаздарды оқытамыз, ал олар балаларға үйретеді, - деп түсіндірді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Алдағы екі-үш жылда облыста балабақша мәселесін түбегейлі шешуге барлық мүмкіндіктер бар. Бұл орайда Риддер қаласының әкімдігі жақсы жұмыс істеуде. Балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамтамасыз ету үшін қосымша 40 мектепке дейінгі білім беру нысаны ашылды: барлығы 980 орынды құрайтын бес балабақша салынды, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде 28 балабақша іске қосылды, жеті білім ошағы мектеп-балабақша болып қайта құрылды.

Биылғы қыркүйекте Өскеменде (тірек-қимыл аппараты, көру, есту және сөйлеу қабілеті бұзылған), бірақ ойлау қабілеті сақталған мүмкіндігі шектеулі 100 балаға арналған пансионат пайдалануға беріледі. Мекеме негізінде кәсіби білім беру ұйымдастырылады, яғни балалар пансионатты бітіріп шыққанда, кәсіп иесі болып шығады.

Аймақтың денсаулық сақтау саласындағы маңызды жобаның бірі - өңірлік онкологиялық диспансердің ядролық медицина ғимаратының құрылысы. Ол жерде радиоизотопты диагностика бөлімі және Қазақстанда алғаш рет радиойодтерапия бөлімі жұмыс істейді.

Сол секілді аудандарда отбасылық-дәрігерлік амбулаториямен және медицина мамандарымен қамтамасыз ету мәселесі де өзінің шешімін табады биыл. Ең бастысы, денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштер жақсы. Нақты деректерге сүйенсек, өлім-жітім және онкологиялық аурулардан болған өлім-жітімді бес пайызға, сәби өлімін сегіз пайызға, дәрігер мамандар жетіспеушілігін 25 пайызға азайтуға бағытталған іс-шаралар жалғасуда. Бүгінде облыстың денсаулық сақтау мекемелері 210 жас маманмен толықты, оның ішінде 38-і ауыл квотасымен және 32-сі грант бойынша.

2016 жылы 1300-ге жуық адамға облыстан шықпай жоғары мамандандырылған көмек көрсетіліп, соның ішінде 340 адамға ашық түрде жүрекке ота жасалды. Былтыр он нысан пайдалануға берілді. Олар: облыстық қан орталығы, Өскемендегі оңалту орталығы, Семейдегі жедел медициналық көмек станциясы, жеті ауылдық дәрігерлік амбулатория.

Қазіргі уақытта медициналық мекемелерді біріктіретін медициналық кластер құрылуда. Нұрсұлтан Назарбаев атындағы білім беруді дамыту және әлеуметтік бағдарламалар қоры Катар мемлекетінің даму қорымен бірлесіп, Семей полигонынан зардап шеккендерді емдейтін оңалту орталығын салу көзделіп отыр.

Ағымдағы жылы «Жаңару» бастамасының шеңберінде, аудандардағы 50 отбасы-дәрігерлік амбулаторияларды жөндеу үшін қаржы бөлу шешімі қабылданды. Басты бағыт медицина қызметкерлерін оқыту болып табылады, мысалы, өткен жылы онкологиялық ауруларды ерте бастан анықтау бойынша 500 маман, туберкулезді анықтаудан 1500-ға жуық маман оқытылды. 2016 жылы Еуропалық медициналық орталықтар негізінде медициналық қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеру жоспарлануда. Оқыту Германия, Австрия, Испания елдерінде тәжірибелік білім берумен қатар 6-12 айға дейін созылады. Бұл мақсатта ағымдағы жылы 340 млн. теңге бөлінеді.

Сонымен қатар облыс әкімі есептік кездесуде тұрғындарды жұмыспен қамту, экология, мәдениет, спорт, туризм сияқты салаларда атқарылған жұмыстарға тоқталып, алда тұрған міндеттерді атады.

- Ағымдағы жыл оңайға түспейді. Әлемдік дағдарыс еліміздің экономикасының, оның ішінде біздің индустриялық облысымызға өз ықпалын тигізіп отыр. Алайда біз осыған дейінгі ширек ғасырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен талай қиындықтарды бірлесе жеңе білдік. Біздің ендігі мақсатымыз «Ұлт жоспары: бес институционалдық реформаны іске асырудың 100 нақты қадамын» орындауда ауызбіршілік танытып, жұдырықтай жұмыла әрекет етуіміз керек. Сонда ғана жарқын жетістіктерге жетеміз. Өңірдің дамуы өзіміздің қолымызда, - деп сөзін түйіндеді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив