KZ
Өскемен
+11°
ясно жел 8 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Мамандық таңдауға қашан мән береміз?

18.02.2016, 18:00 285



Қазақ халқы «ақыл жастан, асыл тастан» дейді. Сонау ғасырдан бері қаншама уақыт өтсе де, қаншама ұрпақ ауысса да халықтың жастарға деген сенімі өзгерген жоқ. Жастар әркез қоғамның алға бастар күші ретінде танылған. Десе де, жастарымыз қандай мамандықты таңдап жүр? Бүгін осы мәселе туралы сөз қозғап көрсек дейміз.

«Әйтеуір, дипломын алса болды» деген түсініктен арылу қажет

Мектеп бітіріп, үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жастың алдында жүз мыңдаған мамандықтан өзіне лайықты біреуін таңдау міндеті тұрады. Өйткені, мамандық таңдау - адам өміріндегі ең маңызды шешімдерінің бірі. Әрине, мамандықтың жаманы жоқ. Бірақ кез келген мамандыққа икемділік, білім мен біліктілік, зор шеберлік қажет екені сөзсіз. Былтыр елімізде қаншама жеткіншек білім ошағын тәмамдап, үлкен өмірге қанат қақты. Олардың басым көпшілігі ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай жинап, біразы «Алтын белгіге» лайық екендіктерін дәлелдеп шықты. Бірақ та, 11 жыл бойы жинаған білімдерін сын сағатта дәлелдей алмай, опық жегендері де баршылық. Десе де, мені көп таңғалдыратыны, мектеп бітіруші түлектердің «бүгінгі күнде қай мамандыққа сұраныс жоғары?», «қазаққа мына заманда қандай мамандық қажет?» деген сұрақтарға бас ауыртып жатпайтыны. Ал ата-ана болса «балам, әйтеуір оқып, қолына дипломын алса болды, ары қарай көре жатармыз» деп ойлайтыны тағы рас. Мамандық таңдау адам тағдырында көп нәрсені шешетіндіктен, оған атүсті қарауға болмайды. Бұл жөнінде студент Асыл Оспанғалиева былай дейді:

- Алдымен өз қызығушылығыңызға назар аударыңыз. Немен айналысқанды қалар едіңіз? Қандай пәндер ұнады мектепте? Бос уақытыңызда немен айналысқанды жақсы көресіз? Адамда еліме, Отаныма адал қызмет етсем, қоғамды өркендетсем деген ойлар болуы керек. Көп нәрсе адамның бейімділігіне байланысты. Біраз уақыттардан кейін бұл таңдаған мамандығым тиімді бола ма? Және көптеген ақпараттарды пайдалана отырып, болашақ мамандығыңыз туралы көп мәлімет жинақтауға тырысыңыз. Және таңдаған мамандығыңыздың иелерін жұмыс үстінде көріп, мәселен, зауыттар мен түрлі кәсіпорындардағы техникалық мамандықтар мен ертерек таныса берген жөн.

Ал бесқарағайлық жас Айнұр Бәкенова:

- Мен Семейдегі бизнес колледжін осыдан біраз бұрын бітіргенмін. Мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым. Қазір отбасылы, болғандықтан, дүкенде сатушы болып істеп жатырмын. Әйтеуір балаларымның қарны тоқ, осы күніме де разымын, - десе, Бородулиха ауданының тұрғыны Нарбек Әпсәметов: «Мен жастайымнан спортқа жақын едім. Бірақ ата-анам экономист бол деген соң, оларға қарсы келмей осы мамандықты таңдап оқып жатырмын. Қателестім бе, жоқ па, оны болашақ көрсетеді» деп пікірін білдірді.

Осы орайда Жүсіпбек Аймауытовтың мына бір сөзін келтіре кеткенді жөн көріп отырмын: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл - жай күнелту, тамақ асыраудың жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. Өз орнында істеген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ, әр өнер, әр қызмет мемлекетке, әлеуметке қажет».

Қазақстанда қандай кәсіп сұранысқа ие?

Болашақ мамандықтың еңбек нарығында қаншалықты бағаланатынын білу де пайдалы. Қарапайым жол: бос орындарға жарияланған байқауларда, интернеттің еңбекке орналастыру сайттарында қандай мамандарға сұраныс бар екендігін қарап алу маңызды. Арнайы агенттіктер жүргізген болжамдардың да маңызы зор. Осы мәліметтерді ескере отырып, таңдаған мамандығыңыз қай жоғары оқу орнында, қалай даярлайтынын анықтап алған да абзал. Білдей жоғары оқу орнын бітіріп алып, табақтай дипломмен жұмыссыз отыру жас адамға әсте жараспайды. Ал бүгінгі жастардың дені заңгер, экономист, қала берді кеденші болуды армандайды. Құрылысшы, сантехник, токарь боламын деп ешқайсысы ұмтылмайды. Шынында да, заңгерлер, экономистер басқаларға қарағанда жақсы табар ақшаны, бірақ барлығының осы салада жолы болып кетуі неғайбыл.

Бүгінде жастар болашақ мамандығын дұрыс таңдай біле ме екен? деген сауал әркімді де толғандыратыны сөзсіз. Бірақ жастарымыз «жақсы маман иесі болсам» деп ойлай бермейді. Көбінесе, диплом алып шықсам болды, дейді. Бұл ретте мамандыққа деген сүйіспеншілік пен ықылас айдалада қалып тұрғаны рас. Бүгінгі күні елімізде сұранысқа ие ең қажетті мамандықтардың қатарында энергетик, құрылысшы, геолог, радиотехник, инженер, мұнай мен газ, кен ісі сынды маман-дықтар аталып жүр. Маман иелері ғана емес, білікті мамандар керек. Олар жастарды оқытып-жетектеп әкетуі тиіс. Елімізде индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы қолға алынғалы техника мамандарына деген зәрулік байқалады.

- Қай кезде болса да, ауылшаруашылығының мамандары аса қажет,-дейді семейлік ғалым-профессор, «Радиоэкологиялық зерттеулердің ғылыми орталығының» жетекшісі Серғазы Дүй-сембаев. - Мал дәрігерлерін, агрономдарды көбірек даярлау керек. Мәселен, зоотехник, веттехник, сауыншы, жылқышы, бұлардың барлығы да қазаққа керек мамандық.

Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан,

- деп ұлы Абай айтқандай, адамның өмірден өз орнын тауып, қоғамға еңбек сіңіруі басты мәселе.

Құрылысшы Бекет Мәкетов өзіндік өмір тәжірибесін ортаға сала келе былай дейді: «Бұл күндері елімізде техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарға сұраныс жоғары. Әсіресе, сантехник, электрик, дәнекерлеуші, механик, ағаш ұстасы, слесарь, токарь мамандары тапшы. Мұның себебі мектеп бітірген оқушылардың көбі кәсіптік оқу орындарына барғылары келмейді, менсініңкіремейді. Себебі, құрылыста жұмыс ауыр, ақшасы көп емес. Құрылыс саласында жұмыс атқарып жүргеніме отыз жылдан асты. Бірге жұмыс істейтіндердің көбі, ең жас дегені 40-45 жас шамасында. Біздің де зейнетке шығатын уақытымыз келер, сонда біздің атқарған жұмысты атқарар білікті маман керек емес пе?».

Ал математика мұғалімі Еркен Әбдіразақов былай дейді: «Мен мектепте оқып жүргенде мұғалімдер көбіне ер адамдар еді, қазірде әйел адамдардың саны көп. Кейде келген жас ұстаздардың баламен жұмыс істеуге тәжірибесі жетпей жатады. Жұмыс істеуге икемдері жоқ, өз мамандықтарын толық игермеген. Сондықтан да мұғалім мамандығына ер балалар көбірек тартылса деген ойымыз бар. Және жастар өкінбес үшін, оқушыларға мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беретін іс-шаралар жиі өтіп тұрса екен. Мектеп қабырғасында болашақ мамандық таңдауға қатысты жүргізілетін кәсіби бағыт-бағдар беру іс-шаралары өткізілгені дұрыс».

Заман талабына сай өмір сүру керек, соған сай жаңа мамандықтар қажет. Қазіргі уақытта жастардан шетел тілін білу, компьютерді жоғары деңгейде қолданып, оның әртүрлі бағдарламаларын игеру талап етіліп отыр. Нанотехнология дамыса, онымен бірге химиялық биология, биотехнология өріс алады. Өйткені олар бір-бірімен тығыз байланысты. Әрбір мемлекеттің келешегі ең алдымен мектеп қабырғасында қаланып, шыңдалатыны рас. Сондықтан да еліміздегі мектептеріміз бен техникалық және кәсіби білім беру мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында білім беру қызметінің сапасын арттыру, жүйелі проблемаларды айқындау, оны шешудің тиімді жолдары секілді мәселелер әрқашан да өзекті. Отандық білім беру жүйесінің басты міндеті - адами капиталды дамыту арқылы Қазақстанның әлемдегі бәсекелестігін арттыру. Сонымен қатар, мамандықтарды даярлауда колледждер, жоғары оқу орындары нарықтың, жұмыс берушінің сұранысына қарап, бірлесе жұмыс істеуі қажеттігі де соңғы кездері қолға алына бастағаны көңіл қуантады.

Раушан Нұғманбекова
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив