KZ
Өскемен
+11°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОБ
448.15 483.46 4.86

Қорым тонаушыларға қолданар шара бар ма?

11.02.2016, 18:00 167



Шығыс Қазақстандағы сақ-ғұн дәуірінің қорымдары бейіт тонаушылардың да көз құртына айналып отыр. «Қара археологтардың» тонаушылық әрекеті жайында бізге кәсіби археолог Зейнолла Самашев айтып берді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Қазақтың тарихын кім тонамады десеңізші?.. Бірі өнерін, бірі дәстүрін, бірі ауыз әдебиетін жинастырып жүрген болып, қаншама құндылықтарымызды қолды етті, өткенімізді өз саясатына икемдеді. Осыны мыңдаған жылдар бұрын сезді ме екен, Күлтегін, Тоныкөк сынды баһадүр бабаларымыз қабірін дұшпанына қорлатудан сақтанып, мәйітін жау аяғы жете бермейтін ұрымтал жерлерге көмгізген. Бұл сертті дәстүр кейін Шыңғысханның заманында дами түскенін білеміз.

Басқыншы жұрттың бүгініміз бен болашағымызға қоса өткеніміздің де есебінен баю әрекеті молаларымызды асты-үстіне шығарып, қорымдарымызды қопаруға дейін жеткізгені белгілі. Шілікті мен Үржардың, Берел мен Марқакөлдің арасындағы кез келген қорымды түртіп қалсаң, бейіт тонаушылардың ізін көресің. Сол тонаудың бәрі отаршыл биліктің тапсырмасымен жасалып отырғаны жайында да мәліметтер бар.

- Біздің мұражайда макеті тұрған алтын адамның қорымы да тоналғанға ұқсайды. Берел өркениеті адам мүрдесін бүлдірмей сақтау үшін «мәңгі тоң» технологиясын пайдаланғанын білесіздер. Қорымдағы малта тастар мен қиыршық тастар асқан есеппен қиюласа қаланған. Қорымды тонаушылар сол теңгерімді бұзып, кесірінен іштегі мәйіт пен заттар бүлінген. Кейбір ұрланған асыл бұйымдар орыс патшалығының теңіз флотын қалыптастыруға жұмсалғанын айтады. Яғни, қазақ даласының әр қиырына тонаушы топтар І Петрдің бұйрығымен аттанған. Одан кейінгі жаппай тонау толқыны патша билігі құлап, орнына большевиктер келгенде белең алған, - дейді Катонқарағай аудандық өлкетану мұражайының директоры Оралғазы Қажаев.

«Қара археология» біздің өңірде соңғы жылдары қайта белең алғанға ұқсайды. Аягөз өзенінің бойы мен Елеке сазында, Марқакөл маңы мен Катонқарағайдың елсіз қорымдарында заманауи тонаушылардың соны іздері сайрап жатыр. Бір өкініштісі, оған археологтар Зейнолла Самашев пен Ғани Омаровтан басқа ешкім бас ауыртар емес. Қос археологтың жанайқайы жуықта аймақ басшысына да жеткен. Археологтарды қабылдаған Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов бұл мәселені тиісті орындар бақылауға алу керек деген пікірін де білдірген. Катонқарағай ауылына жасаған іссапарында ШҚО басшысының өзі де Майемер ауылындағы тоналған қорымның үстінен түскен екен. Археологтардың ендігі үміті - облыс басшылығында. Өйткені, жергілікті тарихи мұраны қорғау ұйымдары да, ішкі істер мекемелері де нақты тұлғадан жазбаша шағым түспесе, бұл мәселемен айналыспайды. Катонқарағайдағы қорымдардың тағдырына алаңдап, тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Шығыс Қазақстан облыстық мекеме директоры Талғат Сүлейменовке сауал жолдағанымызда, дәл осындай жауап алдық.

Хатта барлық ескерткіштерді қорғау міндеттемелері ауылдық округ әкімдеріне берілгені, біз сауалға өзек еткен Катонқарағай ауданында жергілікті маңызға ие 22 нысан қорғауға алынғаны айтылған. Сондай-ақ, ресми орган жауабында Қылмыстық кодекстің 203-бабына сай тарихи, мәдени ескерткіштерді қасақана жою немесе бүлдіру үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру шарасымен жазаланатыны да көрсетілген.

«Бүгінгі күнде Катонқарағай ауданының жергілікті атқарушы органдарынан және археолог З.Самашев тарапынан қорғандардың тоналу фактілері орын алғаны жөнінде ресми ақпарат түспегендігін мәлімдеймін» делінген ресми жауапта.

Ал Зейнолла Самашев бұл белең алған үрдісті пышақ кескендей тыю үшін кешенді қадам керектігін айтады. Әуелі тарихи ескерткіштерді қорғауға тиіс ұйымның мамандары ахеологиялық және заңгерлік тұрғыда білікті болуы шарт. Екіншіден, штаттағы бірді-екілі адаммен бүкіл облысты бақылауда ұстау мүмкін емес. Үшіншіден, аталған мекемеге инспекциялық өкілет берілуі қажет. Өздігінен айыппұл жазып, әкімшілік шара қолдана алмағандықтан, олардың талап-тілектері ауылдық округ деңгейінде де аяқасты қалып жататын көрінеді. Белгілі ғалым бір ғана Катонқарағай ауданында екі бірдей тоналған қорымды көзімен көргенін айтады.

- Катонкарағай ауылына біраз жетпей бұрынғы Солонечные Белки деген елді мекеннен төмен, дәл тас жолға жақын жердегі ежелгі сақтар дәуірінің қорғанын осылай қазып кеткен. Заманауи мола тонаушылардың ізі айқын көрініп тұр. Дәл осындай әдіспен тоналған сақтар заманының обаларын археолог Ғани Омаров Марқакөл өңірінен көріп, мәселе көтеріп жүр. Жуырда археологтардың ШҚО әкімімен кездесуінде осы мәселе қаралды. Облыс басшысы да қорым тонаушыларға шара қолдану керектігін айтты, - дейді ол.

З.Самашев көбінесе таулы аймақтардағы, ауылдан шалғай жерлердегі қорымдардың тонауға көп түсетінін айтады.

- Барлық қорымдар түнде тоналғанын байқауға болады. Бір адам ғана түсетіндей тесік тігінен ойылған. Қорымның бағалы заттарымен қоса топырағы да ізім-қайым жойылған, - деген археолог тонаушылар өзге елден келмегенін айтады. Өйткені, ешбір шетелдік бөтен елдің аумағында мұндай қылмыстық әрекетке бармайтын көрінеді. Есесіне, көрші елдердің бағалы антикварларды қабылдайтын «қара базарына» жол ашылған болуы мүмкін. Қорымдардан ұрланған дүниені өткізудің үш жолы бар. Қара базарлардан бөлек, жеке коллекционерлер де антиквардың қандай жолмен алынғанына көз жұма қарауы мүмкін. Амалын тапқандар құнды жәдігерлерді ұлттық мұражайларға да сата алады. Осылайша, құлқынның құлына айналғандар ұлтының тарихын теңгеге айырбастап жүр.

Археолог З.Самашев тонаушылардың ізі ғаламторда жарияланып жүрген ғылыми еңбектердің географиясына сәйкес келетінін айтады. Ал қорымдарды бағалы металдарды іздейтін құралдардың көмегімен анықтайды. Бұдан олардың «кәсіби деңгейдегі» ұрылар екенін аңғаруға болады. Археолог Күршім ауданы, Ақбұлақ ауылының жанында сақтардың патша қорғандары 2011 жылы тоналғанын айтады. Ұрылар қорған үстінен 8-9 м тереңдікке дейін, көлемі 2х1м шұңқыр қазып тонаған. Одан басқа Қалжыр ауылы жанындағы Алқым дейтін жердегі қорғандар да тоналған. Ал Аягөзде қорымды трактормен қазып тұрып тонаған. Тонаушылар қорғандардан табылған қымбат жәдігерлерді балқытып, алтын мен күмісін металл құйындысы ретінде сатады деген болжам да бар. Көп асқанға бір тосқан болса, дәл бұлай ашық тонауға көшпес пе еді? Кейде біздің қоғам еш нәрсеге таңданбайтын, еш нәрсеге тіксінбейтін күйге жеткен бе дейсің. Әйтпесе, елдігіміздің бастауында тұрған бабалардың мүрдесіне сумақы қолдар тиіп, қор болып жатқан шақта ел болып тосқауыл болуымыз керек еді ғой.

PS Қазақта бейіттің жанынан өтіп бара жатып, «Сіздер де біздей болғансыздар, біздер де сіздей боламыз» деп бет сипайтын әдет бар. Бүгінгі бабамыздың бейітін қорлаушылар да, оны келер ұрпаққа бүлдірмей аманаттауға жауапты қорғаушылар да осы аталы сөздің бұлжымас шындық екенін ұмытпаса игі еді.

Есімжан Нақтыбайұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив