KZ
Өскемен
+16°
облачно с прояснениями жел 10 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Үйі өртеніп, мәшінде түнеп жүр

26.11.2015, 18:00 144



«Үйім өртеніп кетті. Күйік шалған әйелім мен екі балам аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Ал өзім баратын жерім болмаған соң мәшинеде түнеп жүрмін...» - деп мұңын шақты Ермек Әубәкіров.

Естеріңізде болса, қарашаның 18-і күні таңғы сағат төрт шамасында Өскеменнің Согра кентіндегі Подхоз көшесінде орналасқан төрт пәтерлі жер үйде (барак) өрт шыққан. Қас қағым сәтте ағаш үй қызыл жалынға шарпылып, шырт ұйқыда жатқан үй иелерінің өміріне қауіп төндіреді. Айтпай келген апаттан шошып оянған іштегі адамдар дереу сыртқа жүгіреді. Шатырлап жанған от пен қолқаны қапқан қою түтіннің арасында қалып бара жатқан балаларына қарай жанұшыра ұмтылған байғұс ана әуелі сегіз жасар ұлын, сосын 12 жасар қызын далаға алып шығады. Көршілері де бұл кезде тілсіз жаудың құрсауынан құтылып үлгерген екен. Көп кешікпей оқиға орнына өрт сөндірушілер мен медициналық жедел жәрдем мамандары да жетеді. Желмен бірге өршелене жанған отты ауыздықтауға облыстық ТЖД-нің өрт сөндіру қызметі және апаттық-құтқару жұмыстары мекемесінің 20 қызметкері мен алты техникасы жұмылдырылған.

- От 96 шаршы метр аумақты қамтыды. Оны толық өшіруге төрт жарым сағаттай уақыт кетті. Өрттің салдарынан төрт адам ауруханаға түсті. Екі бала облыстық ана мен бала орталығына, 38 және 67 жастағы екі әйел бірінші, екінші қалалық ауруханаларға жеткізілді. Алдын ала анықтаулар бойынша өрт отты дұрыс қолданбау салдарынан шыққан. Тексеру жұмыстары жалғасуда, - дейді Өскемен қалалық ТЖБ-ның баспасөз қызметкері Марина Лискова.

Дәрігерлердің айтуынша, ана мен бала орталығына дереу жеткізілген екі баланың денесін 25 пайыздай термиялық күйік шалған. Олардың анасы Әсем қос құлыншағын оттың ортасынан алып шығам деп жанталасып жүргенде, денесінің 45 пайызын күйікке шалдырып алған. Егде тартқан әйелдің денесіне от тимеген, ол тек түтінге уланыпты.

Бір түннің ішінде екі баласы мен әйелі аурухана төсегіне таңылып, тұрып жатқан баспанасы күлге айналған Ермектің қазір жағдай қиын. Бұрын мешітте имамдық қызмет атқарған, қазір емшілік жолында елдің алғысына бөленіп жүрген азаматтың қалада туған-туыстары да жоқ көрінеді.

Үйі өртеніп, мәшінде түнеп жүр

- Үй өртенгенде мен Зайсанда жұмыс бабымен жүргенмін, жылдам кері қайттым. Келсем балаларым мен әйелім ауруханаға түсіпті. Екі бөлмелі үй дүние-мүлкімен бірге түгі қалмай жанып кеткен екен. Қойшы әйтеуір отбасымның ажалдан аман қалғанына шүкіршілік еттім. Баратын жерім болмаған соң алғашқыда достарым мен таныстардың үйлерінде қондым. Рақмет, басымдағы қиыншылықты түсініп, қолдау білдірді. Бірақ біреудің шаңырағында қашанғы қонақ боласың? Жетісіп жүрген ешкім жоқ. Содан қазір несиеге алған мәшинемде түнеп жүрмін, - деп мұңын шаққан Ермек есімді емші жігіт өзі бұрын бірге істеген мешіт қызметкерлеріне көрсеткен қолдау-көмектері үшін ризашылығын білдірді.

Күні бойы қаладағы екі аурухананың арасында шапқылап, түнде көлігінде түнейтін Ермектің әзірге жұмысқа мұршасы жоқ. Бар ойы балалары мен әйелінің жағдайы. Жұмыс істелмеген соң табыс қайда? Қалтасындағы азын-аулық ақшасын дәрі-дәрмекке, тамаққа, басқа да қажетті заттарды алуға жұмсапты. Бір бүйірден банктен көлік сатып алу үшін алған несиесі қысып барады. Шарасы таусылған Ермек қол ұшын берер жомарт жандардан қолдау-көмек күтеді.

Тілсіз жау өрт шалған төрт пәтерлі үйдің өзге иелерін де біраз шығынға батырғанға ұқсайды.

- Екі пәтер толықтай өртеніп, үшіншісі - менің үйімнің төбесі опырылып түсті. Төртінші пәтердің шатыры ғана жанды. Тексеру барысында мамандар өрт ортаңғы пәтерден (Ермектің үйі) шыққанын анықтады. Бүкіл дүние-мүлкіміз жарамсыз болды. Оларды енді кім қайтарады? Бұл жағдайға байланысты жұмыс орнымыздан көмек көрсетілді. Согра кентінің әкімі келіп халімізді білді, қолдау көрсетілетінін айтты. Әзірге ешқандай қолдау жоқ, - дейді теміржолшы Нұрлан Тасболатов.

Зардап шеккендердің ішінде Нұрланмен бірге теміржолда істейтін Шаймардан Бейсенбаев та бар. Оның үй-мүлкі жүз пайыз күлге айналған.

Бет қатталып жатқанда «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Майраш Екібасова Согра кенті, Подхоз көшесіндегі өрттен зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету бойынша тиісті жұмыстар ұйымдастырылып жатқанын мәлім етті.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив