KZ
Өскемен
+11°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, Ю
448.15 483.46 4.86

Қазы-қарта мен жал-жаяның семіздікке әкелетіні рас па?

28.10.2015, 18:00 172



Қазақстандық эндокринологтар елімізде артық салмақ қосқандардың саны бес миллионнан асып кетті деп дабыл қағуда. Шетелдік ғалымдардың арасында қазақстандықтардың мұндай дертке шалдығуына ұлттық тағамдары өз әсерін тигізбей қойған жоқ деген пікір айтқандары да болды. Олардың сөзіне сенсек, майлы ет, қазы-қарта мен жал-жая семіздікке әкеліп соғады екен. Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эндокринологы Бибинұр Сафиуллина біздің ұлттық тағамдарымызға араша түсіп, өз ойын былайша сабақтады.

Ұлы дала елінің халқы сауатты тамақтанған

- Бұл жерде қазақтардың ұлттық тағамдарының еш қатысы жоқ деп ойлаймын. Біздің ата-бабаларымыз ертеректе етті қыста ғана жеген, өйткені ыстық күнде оны сақтау қиындық туғызды. Жазда негізінен сүт, айран, ірімшік сияқты өнімдерге көбірек мән берді. Ал қазір ше? Заманауи ағымға сай ет өнімдерін сақтайтын тоңазытқыштарымыз бар, қазір адамдардың жыл он екі ай бойы ет пен қазы-қарта жеуге мүмкіндіктері бар. Бұрындары майлы тамақтан кейін бабаларымыз атқа қонып, басқа шаруаларына кеткен, яғни тағамның энергетикалық құндылығын осылайша жойған. Етке қамыр мен картоп салу үрдісі де кейін пайда болды. Ұлы дала елінің халқы етті жусаймен жеген. Ет - ақуыз, жусай - өсімдік, яғни клетчатка. Ғылыми тұрғыдан алып қарасақ, бұл - ең дұрыс диета, бабаларымыз тағамдардың сауатты үйлесімдігін білген. Осылайша ауқаттанғанда салмақ қосылмайды. Артық салмаққа әкелетін етпен онша үйлесе қоймайтын жәйма мен картоп. Егер етті көкөністермен бірге тұтынса, ешкім де семірмес еді, - дейді бас эндокринолог.

Біздің қысымыз қатты әрі суық болғандықтан, шығысқазақстандықтарға ет өнімдерінсіз өмір сүру мүмкін емес. Аязды күндері адамның энергиясы да көп жұмсалады екен. Бибинұр Сафиуллина 2015 жылдың тоғыз айында облыс көлемінде артық салмақ бойынша 715 ересек адам диспансерлік есепте тұрғанын айтады. Бас эндокринолог шын мәнінде семіздіктен зардап шегетіндердің саны әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін жасырмайды. Өйткені есепке үшінші және төртінші дәрежелі семіздікке шалдыққан науқастар (салмақ индексі 40-тан асқан) ғана алынады. Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының мәліметтері бойынша, 2014 жылы өңірде 3599 ересек адамда семіздік анықталса, тең жартысында ауру белгісі тұңғыш рет байқалған. Олардың ішінде 1621 адам былтыр диспансерлік есепке алыныпты. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында дәрігерлерге артық салмаққа шағымданған 1657 ересек келген.

Мәселе - генетикада емес, өмір сүру салтында

Жасөспірімдердің фаст-фуд өнімдерін тұтынуы, олардың тәтті тоқаш, басқа да кондитерлік тағамдарға деген ықыласы, спрайт, пепси-кола, кока-кола сынды газдалған сусындарды ішуі олардың артық салмақ қосуына бірден бір себепкер. Таңертең сабаққа асыққан оқушылардың жол-жөнекей кепкен нан (кириешки) немесе чипсы жеп бара жатқанын жиі көруге болады. Бас эндокринолог ата-аналардың балаларының не жеп, не қойып жүргеніне мән бермейтініне қынжылысын білдірді.

Өскемен қаласындағы амбулаториялық орталықтың балаларды қабылдайтын эндокринолог-дәрігері Лариса Шепотьконың қабылдауына артық салмақ проблемасымен келетіндердің ішінде бес жастағы бүлдіршіндер де бар екен.

- Менің қабылдауыма жасөспірімдердің басым бөлігі мектептегі дәрігерлік тексерудің қорытындысынан кейін келеді. Баласында артық салмақ барын әке-шешесі сонда ғана естиді. Ал толық, балпиған баланы көргенде үлкен-кішіміз «не деген сүйкімді, тойған қозыдай топ-томпақ» деп сүйсініп жататынымыз өтірік емес. Бүлдіршін ешнәрсені ұғып жатқан жоқ. Ал оқушылар 10-12 жастарында ес кіріп қалғандықтан, құрбыларының алдында дене бітімдерінен ұяла бастайды. Қыздар ұлдардан қысылады. Жасөспірім ұлдар қыздарға көз тастай бастайды. Сондай сәттерде ғана проблемаларын әке-шешелеріне жеткізіп, маманға жолығады. Осы орайда үлкендерге балаларыңыздың салмағына зер сала жүріңіздер деп ескерткім келеді, - дейді дәрігер.

Эндокринолог маман қазір көптеген жеткіншектердің дене шынықтыру пәнінен босатылған деген анықтама алып алатындарын айтады. Мысалы, бір кезде жүрегі шаншығанда пролапс деген диагноз қойылуы мүмкін, содан ата-аналары оны аяп, «секірме, жүгірме» деп, көп қимыл жасатпайды. Осының бәрі баланың артық салмақ қосуына, одан келе-келе жүрек-қан тамырлары, қант диабеті сияқты дерттерге шалдығуына себепкер болатынын үлкендер түсінбейді. Семіздікті тұқым қуалайды деуге келмес. Дегенмен толық адамдардың балалары да өздері сияқты тығыршықтай болып келеді. Олар «тұқымымыз осындай» деп өздерін алдаусыратады. Шындығында, мәселе генетикада емес, өмір сүру салтында екен. Етжеңділер құнарлы тамақ ішкенді ұнатады, артық қимыл жасауды қаламайды. Борсық балалар еріншек. Нәтижесі - семіздік, одан кейін инсульт, инфаркт сияқты жүрек-қан тамырлары дерттерінің ауылы да алыс емес.

Тағы да республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы облыстық филиалының мәліметтеріне сүйенсек, 2014 жылы облыс көлемінде 1272 бала мен 565 жасөспірімге семіздік диагнозы қойылыпты. Олардың тең жартысында диагноз алғаш рет анықталған. Жыл аяғына дейін 509 бала мен 187 жеткіншектің салмағы үшінші және төртінші дәрежелі семіздікке дейін жетіп, диспансерлік есепке алынды. Ал үстіміздегі жылдың тоғыз айында мұндай диагноз қойылған балалардың саны 1395-ке жетсе, етжеңді жеткіншектердің саны - 345.

Шамадан тыс толық науқастар Өскемен мен Семей қалаларында ең көп тіркелген, Үржар, Катонқарағай, Тарбағатай, Глубокое аудандарында да дәрігерге осындай проблемамен келген үлкен адамдардың саны екі жүзден асады. Бүгінгі таңда Семей шаһарында 203 ересек адам есепте тұр. Толық балалардың саны Ұлан, Уржар аудандары мен Өскемен, Семей қаласының үлесіне көп тиеді. Бұл елді мекендерде биыл диспансерлік есепте тұрған бүлдіршіндердің саны 18-дің айналасында.

СеміздікСеміздік

Артық салмақ пен қант диабеті қатар жүреді

Мамандар салмағы артық жандардың қант диабетіне бейім келетінін баса айтады. Аймағымызда бұл дертке қатысты статистикалық деректер де онша көңіл көншітпейді. 2014 жылы қант диабетінің алғашқы белгілері 224 бала мен 136 жеткіншекте, 37169 ересекте тіркелген. 124 балғын, жасөспірімдердің 62-сі мен үлкендердің 27672-сі есепке алыныпты. Биылғы жылдың тоғыз айында диспансерлік бақылауға алынғандардың жалпы саны 3522 болса, оның ішінде балабақша мен мектеп жасындағылар тиісінше 32 және 12.

Эндокринолог саласының облыстағы бас маманы семіздік проблемасының негізгі факторларының бірі ретінде тұрғындардың рафинадталған, басқаша айтқанда, тазартылған өнімдерді көп тұтынатынын атады. Өсімдік майының иісі жоғын, жармалардың тез пісетінін, қанттың тез еритінін іздейміз. Мұндай өнімдердің гликемиялық индекстері жоғары. Қарапайым сөзбен айтқанда, олар қорытылған кезде қандағы глюкозаның деңгейі көп көтеріліп кетеді. Салыстырмалы түрде алсақ, қуырылған картоптың гликемиялық индексі 95, ал чечевица жармасынікі 25. Тағы бір мысал, жеген 100 грамм тәтті халваның калориясын жою үшін кемінде бір жарым сағат шаңғымен жүгіру керек екен.

Шамадан тыс салмақтың болуы өмір салтымен де тығыз байланысты. Бүгінгі техника дамыған заманда тұрғындардың жаяу жүріп-тұруы, қимылдауы азайды. Балалардың өздері далаға көп шықпайды, белсенділіктері азайған, уақыттарының басым бөлігін әртүрлі гаджеттерге телмірумен өткізеді. Компьютерде жұмыс істеп отырып, теледидар алдында тамақ ішу де зиянды әдет. Ондай кезде адам өзінің не және қанша жеп отырғанына есеп бермейді.

Толықтықтан құтылудың үш ережесі

Дәрігерлер семіздіктен арылудың бірнеше жолын айтып берді. Бұл ең алдымен дұрыс тамақтану мен белсенді іс-қимылдарды арттыру. Қабылданған тағамның энергетикалық құнарлығы мен жұмсалған энергия шығынының тепе-теңдігін сақтау. Бибинұр Сафиуллина біздің адамдардың сана-сезімін, менталитетін де өзгерту керек деп санайды.

- Көптеген адамдар «тамақ ішіп, диванда жата берсең де арисың, тек біздің тауарды тұтынуды ұмытпа» деген сияқты арзан жарнамаларға имандай сенеді. Бір диетаны, одан кейін екіншісін, үшіншісін ұстайды, нәтиже жоқ! Демек, ағзаның зат алмасуында бір өзгерістер бар, яғни өмір салтын өзгерту қажет. Салауатты тамақтану, уақтылы ас қабылдау және белсенді іс-қимыл, осы үш алтын ережені сақтағанда ғана семіздіктен құтылуға болады. Егер балада артық салмақ анықталса, оның жалғыз өзін шөміштен қағып, үлкендер бұрынғысынша қазан-қазан тамақ жей беру әбестік. Мұндай жағдайда бүкіл отбасының өмір салтын өзгерткенде ғана нәтиже шығады,- деп кеңес береді бас эндокринолог.

Ал дәрілік препараттармен емделуге келсек, оларды тек мамандар тағайындау керек. Әртүрлі биологиялық белсенді қоспаларды, жарнамаланған дәрілерді өз бетімен қабылдау асқынуларға әкелетінін ұмытпаған абзал.

Өңірде салмағы 400 келіден асатын науқастар да бар

Бибинұр Сафиуллина өз тәжірибесінде салмағы үш жүз келідей асқан жас келіншектің болғанын айтады. Маманның айтуынша, дәрігерлер ағзаның зат алмасуында ауытқушылық барын дер кезінде анықтамаған. Соның салдарынан семіздіктің ауыр түріне шалдығып, ақыры келіншектің жүрегі шыдамай, қайтыс болыпты.

Бүгінгі таңда өңірде салмақ индексі 60-тан асатын (шамамен 400 келінің айналасы) науқастар да бар. Олар үйден шықпайды, әлеуметтік қызметкерлердің көмегіне жүгінеді.

Соңғы кезде елімізде семіздіктен емдеудің тағы бір түрі - операция жасау қолға алынып жүр. Отандық хирургтер науқастың асқазанын кішірейту арқылы ағзаға түсетін калориялардың мөлшерін төмендетуге қол жеткізді. Жоғары категориялы хирург-дәрігер Орал Оспанов бір сұхбатында мұндай ота пациенттің қантының қалыпты мөлшерге келуіне көмектесетінін, арыған кезде қаны дұрысталатынын айтқан еді. Нәтижесінде кардиологиялық,эндокриндік және басқа да дерттермен ауыру тәуекелі азаяды екен.

Шығыс Қазақстан облысында осындай операция жасатам деушілер табылғанымен, оларды тексерген кезде қосымша дерттері анықталып, ота жасауға мүмкін болмапты. Тек бір келіншек Ресейге барып жасатып келген. Мұндай операциялар косметикалық ота болып саналғандықтан, тек ақылы түрде жасалады.

Айна Ескенқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив