KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 6 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Қара шеге немесе ағзаға қандай темір керек?

14.10.2015, 18:00 219



Бәлкім сенбессіздер, сексенінші жылдардың соңында менің әпкеме жүктілік кезінде «алмаға бірнеше рет қара шегені тығып, соны жеу керек» деп кеңес бергендер болды. Сол кезде дәрігерлер жас келіншекте қаны аздықты анықтаған еді. Қаны аздық ауруы дегеніміз не, ол қайдан пайда болады? Емі бар ма? Болса, қандай? Дерттің алдын алу үшін қалай тамақтанған жөн? Біз Шығыс Қазақстан облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері Альмира Тұрғанбаеваның және Өскемен қаласындағы диагностикалық орталықтың терапевт-гематологы Ардана Мәкенованың көмегімен осы сұрақтардың жауабын іздеп көрдік.

- Темір - адам қанындағы қызыл түйіршіктердің құрамына енетін гемоглобиннің негізгі компоненттерінің бірі. Темірдің арқасында ағзаның жасушалары оттегімен қанығады, - дейді Альмира Тұрғанбаева. - Темір жетіспеушілігінен болатын анемияның ерекше бір симптомдары болмайды. Көбінде адамның өңі қашып, басы айналады, көзі қарауытады. Тез шаршағыш келеді, терісі құрғап, шашы түсе бастайды, тырнақтары тез сынады. Жалпы ағзаның әлсіреуі байқалады. Қаны аздық дерті жүрек қағысын өзгертіп, дем жетіспеушілігіне әкеліп соғуы мүмкін. Бұл дертпен тіпті, дамыған Еуропа елдерінің өзінде балалар мен бала тууға қауқарлы келіншектердің 7-14 пайызы ауырады.

Анемия - басқа аурулардың салдары

Үстіміздегі жылдың тоғыз айында Ардана Мәкенованың қабылдауында болған 4122 адамның 868-інде темір жетіспеушілігі анықталыпты. Гематолог- маманның айтуынша, қаны аздық дерті аяқ астынан пайда болмайды. Мұндай диагноз қойылғандардың 95 пайызы қандай да бір басқа аурулармен ауырады, анемия солардың салдары. Қаны аздық жан-жақты көп зерттелген ауру болғандықтан, оны табысты емдеуге болады. Ол үшін ең алдымен дерттің себебін анықтап алу қажет. Ағзасынан қан кетіп жатқан адамды ешқандай дәрілік препараттардың күшімен емдеп, жазу мүмкін емес. Сондықтан осы іспеттес симптом байқалған қыз-келіншектерді дереу гинеколог-маманға көрсетеді. Мұрнынан қан кетсе, лор дәрігердің кеңесі қажет, ал тік ішектен қан кеткенде хирург-проктолог маманның қабылдауына жазылу міндетті. Егер себебі анықталмаса, ондай науқастардың асқазан-ішек жолдары мұқият тексеріледі. Айта кету керек, елімізде «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында тұрғындардың іш құрылысын мемлекеттік скринингтік бағдарлама шеңберінде тегін тексертуіне мол мүмкіндік жасалған. Әр адам оның шарттары мен қандай жастағыларды қамтитынын тұрғылықты жеріндегі емханадан білуіне болады.

Ардана Абылайқызы сонымен қатар, қаны аздық дерті жасөспірімдер организмінің өсу кезінде, жүкті келіншектер мен сәбиін емізетін жас аналарда жиі кездесетінін айтады. Әсіресе, екіқабат әйелдердің 80-85 пайызында темір жетіспеушілігі кездеседі екен. Негізі болашақ аналардың ағзасындағы темірді толтыру үшін есепке тұрғаннан кейін, жүктіліктің он екінші аптасынан бастап, оларға арнайы дәрілік препараттар тегін беріле бастайды.

Үнемі устеп тұруды қажет етеді

Темір жетіспеушілігінен болған анемия кезінде әйел темірді алдымен қанынан алады, одан кейін аз-аздап басқа органдардан сора бастайды. Бұл ағзаның жалпы әлсіреуіне әкеліп соғады. Темірдің қоры шашта, тырнақта, бұлшық еттерде де жинақталған. Ал оны дәрімен толтырған кезде алдымен қандағы темірдің мөлшері көтеріледі, содан кейін ғана басқа органдарда қордаланады. Көп жағдайда гемоглобині көтерілген пациент «жазылдым» деп қуанғаннан емді аяқсыз қалдырады. Ал ағзадағы темірдің қорлары бос тұр. Қор жинау үшін кемінде тағы екі-үш ай дәрі-дәрмекті пайдалану керек. Бүгінде олардың сан алуан түрлері бар. Жалпы, бейнелеп айтқанда, организмдегі темірдің деңгейі, түбі тесік шелек сияқты, үнемі үстеп тұруды қажет етеді.

Бір жолы гематолог дәрігердің қабылдауына шалғай аудандардың бірінен жиырма бес жастағы келіншек келген көрінеді. Жетінші рет жүкті әйелдің шаштары түскен, тырнақтары сынған, тіпті сау тісі жоқ. Мұны темір жетіспеушілігінің ең соңғы сатысы десе де болады. Он жеті жасында тұрмысқа шыққан келіншек жыл сайын балалы болып отырған. Ол «ұялған тек тұрмас» демекші, жолдасының өзінен жиырма жастай үлкен екендігін және оның «шамам барда бала таба бересің» дегенін айтып, ақталғандай болыпты.

- Әйел адамның ағзасы келесі жүктілікке дайын болуы үшін кемінде 2-3 жыл керек. Оның үстіне көп босанған әйелдердің төртінші баласында туғаннан қаны аздық байқалады, яғни, ол ана өзін былай қойғанда сәбиін де тәуекелге байлайтынын ойламайды, - дейді гематолог-маман.

Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай - 20 қадам» атты тұжырымдамалық бағдарламасында «Әрбір қазақстандық үшін басты құндылық өзінің денсаулығы болуы тиіс. Сонымен қатар тұрғындарға денсаулығы үшін бірлескен жауапкершілік жүктелгенде ғана ұлт денсаулығы толығымен оңалады» деп көрсетілген. Жоғарыда сөз саптап отырған маман жас аналар осы қағиданы ұмытпаса екен дейді.

Оның көп жылғы тәжірибесінде отбасын алдын ала жоспарлаған жас жұбайлар да кездесіпті. «Жасөспірім кезімде ағзамда анемия болған. Бала көтерейін деп едім, менің денсаулығымды тексеріп беріңізші» деп келген бойжеткенді ризалықпен есіне алады дәрігер.

Тағы да еуропалықтардың тәжірибесіне сүйенсек, ол жақтың жастары заңды некеге тұрмас бұрын міндетті түрде дәрігерлік тексерулерден өтеді. Денсаулықтарында қандай да бір ауытқушылық анықталса, қыз бен жігіт өзара шешім қабылдайды. «Сенің науқасыңды білемін, соған қарамастан, қандай жағдайда да қасыңда болуға әзірмін» деген сөздер олардың болашақта бірін-бірі айыптамайтынына, дертпен бірлесе күресуге дайын екендеріне кепілдік бергендей.

Гематолог анемияның тағы бір себебі алиментарлық жетіспеушілік, яғни, құнарсыз тамақтану деп түсіндірді. Жасырып-жабары жоқ, қазіргі таңда әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтардың салдарынан зейнеткерлер, басқа да әлеуметтік нашар қорғалған топқа жататындар құнарлы тамақтана алмайды. Олардың күнделікті ас мәзірінде темірдің бай көзі болып саналатын ет пен балық өнімдері жеткілікті мөлшерде бола бермейді.

Барлық гәп темірдің әр валенттілігінде екен

Ардана Абылайқызы анемияның алдын алу үшін әсіресе, ет тағамдары аса қажет деп санайды және ешқандай жеміспен немесе көкөніспен қандағы темір қорын жеткілікті деңгейге жеткізу мүмкін емес деген пікірді ұстанады. Ол үшін адамға көкөністерді тонналап жеуге тура келер еді, соның өзінде олардағы темірдің жүзден бір бөлігі ғана ағзаға сіңуі мүмкін. Маманның сөзіне сенсек, көпшілік қаны аздықтың алдын алу үшін шөп-шаламнан жасалған тағамдарды, көкөніс салаттарын көптеп тұтыну қажет деп жаңсақ ойлайды екен. Оның түсіндіруінше, барлық гәп өсімдіктер мен жануарларда болатын темірдің әртүрлілігінде. Адамның ағзасы жануарлардан алынатын өнімдердегі еківалентті темірді оңай сіңіреді, өйткені, адамның ішектеріндегі арнайы каналдар тек еківалентті темірді ғана қабылдай алатын көрінеді. Ал өсімдіктердегі темір үшвалентті екен. Сонда адамның бойына сіңу үшін олар алдымен еківалентті темірге айналулары қажет. Дәрігердің айтуынша, организмнің темірді сіңіріп қабылдауы үшін негізгі тағамға қоса көкөніс пен жеміс-жидек жеген дұрыс сияқты.

Соның өзінде тағам арқылы берілетін темірдің 10 пайызы ғана ағзаға толығымен сіңеді. Темірдің күндік мөлшері әрбір адам үшін оның жасы мен өмір сүру салтына қарай әртүрлі. Мысалы, балалар үшін тәулігіне 5-15 миллиграмм жеткілікті. Баланың жасына жас қосылған сайын қажетті минералдың мөлшері де артады. Ал салауатты тамақтанатын қыз-келіншектердің қажеттілігі күніне 20 миллиграмды құраса керек. Жүктілік кезінде немесе босанғаннан кейін бұл көрсеткіш 30-45 мг-ға дейін өседі. Ер адамдардың ағзасына 10-15 мг жеткілікті, алайда, көп күш-қуат жұмсаған кезде, сондай-ақ, олар шылым шегіп, ішімдік ішкен болса, қажеттілік әлдеқайда артады.

Ең бастысы - дұрыс тамақтану

Аскорбин қышқылы, сорбит, фруктоза және янтарлы қышқыл темірдің бойға сіңуіне жақсы әсер етеді деп саналады. Тағам рацио¬нына құрамы темірге бай заттарды, сонымен қатар, темірдің сіңірілуін жоғарылататын компо¬ненттері бар тағам өнімдерін жүйелі түрде енгізу қажет. Ет, балық және тауық еті құрамында, теңіз өнімдерінде, жұмыртқада темір мөлшері көп. Көкбұршақ пен асбұршақта, қызыл бұршақ пен жасымықта (чечевица) және қанық жасыл жапырақты көкөністерде де темір мөлшері жоғары. Кепкен сары өрік, қара өрік, мейіз, алма мен алмұрттың қағы сияқты кепкен жеміс-жидектерде, қарақұмық пен жүгері ұлпағында темірдің бай қоры кездесетіні белгілі. Сояның ақуызы, керісінше, минералдың ағзаға таралуын тежейтіндіктен, анемиямен ауыратындар мұндай тағамдарды тұтынбағандары жөн. Тәжірибелі диетологтар шәй мен кофеде де микроэлементтің ағзаға жұғуына кедергі келтіретін бөлшектер бар деген пікірде. Сол себепті олар тамақтан кейін жарты сағаттан соң шырын ішуге кеңес береді.

Қаны аздықты емдеуде фитотерапияның да маңызы зор. Шөптермен емдеу дәрілік препараттарды алмастырмайды, дегенмен қосымша қолдануға болады дейді мамандар. Мысалы, қалақайдың қайнатпасы қанның қоюлануын тездетеді де, қан кетуді тежейді. Итмұрынның құрамындағы С витамині темірдің бойға тез сіңуіне ықпал етеді. Қарақат пен анар жемісі де осындай әсер береді. Ал қой бүлдірген қан жасушаларын түзейтін микроэлементтерге өте бай.

Түйін. Енді тоқсан ауыз сөзімізді түйіндеп, мақаланың басындағы қара шегеге келетін болсақ, гематолог біздің ағзамызға ионды темір қажет екенін, ал оған шегенің ешқандай қатысы жоқтығын айтты.

Айна Ескенқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив