KZ
Өскемен
+12°
пасмурно жел 6 м/с, Ю
448.15 483.46 4.86

Үкіметтік емес ұйымдар бірлесе жұмыс істемек

12.10.2015, 18:00 229



Өскемендегі «Алтай» технопаркінде Шығыс Қазақстан облысы қоғамдық көшбасшыларының форумы болып өтті. Өңірімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын осы басқосуға қоғамдық ұйымдардың 100-ден астам өкілі қатысып, азаматтық сектордың беделін арттыру, тұжырымдамалық құжаттарды әзірлеу, атқарушы биліктің жекелеген міндеттерін қоғамдық ұйымдарға тапсыру сынды қадау-қадау мәселелерді талқыға салды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Форум барысында әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді азаматтық қоғам институттарына тапсыру аясында қоғамдық ұйымдардың рөлін күшейту және азаматтық қоғамның ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы рөлі атты сұхбат алаңдары өткізілді.

Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысын ашқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Сембинов билік органдары мен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылы турасында баяндама жасады.

- Біздің өңірімізде әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған жобалар баршылық. Үкіметтік емес ұйымдармен өзара тиімді ынтымақтастық аталмыш жоба-жоспарларды жүзеге асыруға септігін тигізуі керек, - деді басқарма басшысы.

Дөңгелек үстел форматындағы жиынды жүргізген облыстық Азаматтық Альянсының төрағасы Олег Чернышов «100 нақты қадам» бес институционалдық реформасын іске асырудағы азаматтық қоғамның мүмкіндіктеріне тоқталды.

- Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан жергілікті өзін-өзі басқару саласын дамыту бойынша елімізде көш бастап тұр. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өз бюджеттері жасақталмақ. Келер жылдың басынан облыста, аудан-қалаларда құрылып, жұмыс істеп жатқан қоғамдық кеңестердің мәртебесі биіктеп, оларға бірқатар өкілдіктер беріледі. Бұл өз кезегінде осы кеңестердің жұмыс тиімділігін арттырары сөзсіз.

Олег Чернышов отырыс барысында үкіметтік емес ұйымдарға бөлініп отырған мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс көлемінің келер жылы төмендегелі отырғанына деген өз қынжылысын да жасырмады. Оның ойынша, дәл қазіргідей әлемді қаржылық-экономикалық дағдарыс жайлаған кезде қоғамдық қарым-қатынастарды зерттеп, зерделеп, қажет жағдайда реттеп отыратын үкіметтік емес ұйымдарға бөлінетін қаражат мөлшерін керісінше ұлғайтқан жөн. Себебі, экономикалық дағдарыс саяси-әлеуметтік сипаттағы тоқырауға ұласып кетпеуі тиіс. Сондықтан бұрын да көп болмаған тапсырыс көлемін арттыру қажет.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Қайрат Сапарғалиев мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту жағдайларында азаматтық қоғам институттарының мән-маңызын күшейту қажеттігін алға тартты. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде агенттік түрлі үкіметтік емес ұйымдармен барынша тығыз жұмыс атқарып келеді және ол істерді алдағы уақытта ширатуды мақсат тұтқан. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 15-і мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруді көздейді. 5 институционалдық реформаның соңғысы - кәсіби мемлекет қалыптастыру.

Облыстық кәсіподақ кеңесінің төрайымы Нұржан Түсіпова қоғамдық ұйымдардың еңбек, әлеуметтік қақтығыстар мен даулардың алдын алуға қатысуы жайынды әңгіме өрбітті. Елбасының «Жалпыға бірдей еңбек қоғамына қарай - 20 қадам» бағдарламасында еңбек қарым-қатынастарын жетілдіруді мақсат етіп қойған-ды. Бұрындары кәсіподақ ұйымдарына еңбеккерлер тарапынан тек бір ғана өтініш білдірілетін - ол жалақы мөлшерін арттыру, ал қазір жұмысшылар еңбекақыларының шартта көрсетілген уақытында төленуін, әлеуметтік жеңілдіктердің көрсетілуін, кадр таңдау барысында меритократия қағидатының сақталуын талап етеді. Және бұл талаптар заңды. Ендеше бүгінде кәсіподақ ұйымдарының міндеті де арта түскен. Әлемдік қаржы дағдарысына байланысты еңбек қарым-қатынасы саласында түрлі проблемалар туындап отыр. Әсіресе, жұмыстан заңсыз қысқару фактілері жиілеп кеткен. Облыстық кәсіподақтың заңгерлері жыл басынан бері 815 адамға еңбек заңнамасына қатысты кеңес беріпті. Бірқатар жұмысшылар сот арқылы өз орындарына қайта оралды.

- Біздің облыс жуырда ғана қолданысқа енген жаңа Еңбек кодексін әзірлеуге белсене атсалысты. Нәтижесінде заман ағымына сай заң актісі жасалып, іске кірісіп отыр. Кодекс жұмысшы мүддесін жан-жақты қорғап отыр, оның шарапаты ең алдымен қарапайым еңбек адамдарына түсуі тиіс. Кәсіподақ ұйымы бүгінде үкіметтік емес ұйымдармен тығыз жұмыс істеп отыр, - деді облыстық кәсіподақ кеңесінің төрайымы.

«Отбасы орталығы» қоғамдық қорының директоры Людмила Асташкина Семей қаласындағы азаматтық қоғам институттарының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асырудағы жұмыстары жөнінде айтты. Ол еліміздегі ең алғашқы қоғамдық қозғалыс - «Невада-Семей» Семей жерінен бастау алғанына тоқталып, бүгінде қалада 100-ден астам үкіметтік емес ұйым барын тілге тиек етті. Десек те, оның көбі тек есепте тұрған көрінеді. Нақты жұмыс істеп жатқандары шамалы. Солардың қатарында «Исток», «Жас мұғалімдер одағы» бірлестіктері, «Жас кәсіпкерлерді дамыту» қоғамдық қоры бар. Ауылдардағы үкіметтік емес ұйымдарды да дамыту керек. Мәселен, Шүлбі кентіндегі «Мой дом» бірлестігі БҰҰ Даму бағдарламасы аясындағы жобаны іске асыруда.

Баяндамашы өз жұмыстарындағы мәселелерге де тоқталды, айталық, олар өз орынжайларын жалдағандары үшін қомақты ақы төлейтін көрінеді. Мемлекеттік тапсырыс алу конкурстарына қатысу үшін барлық құжаттарды нотариустарда куәландыру қажет. Бұл да қосымша қаржыны талап етеді.

- Бүгінде үкіметтік емес сектор мен биліктің өзара іс-әрекетіне қатысты жаңа заң жобалары қабылдануда. Үкіметтік емес ұйымдар туралы, қоғамдық кеңестер туралы заң жобалары, жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң қарастырылып жатыр. Осы заңдар бір-бірімен байланысты және біз сол заңдардың әзірленуіне атсалысып, күшіне енген сәтте солардың үдесінен шыға жұмыс істеуге дайын болуымыз керек, - деді Олег Чернышов.

Отырыс соңында «Қазақстан халқы Ассамблеясына - 20 жыл» мерейтойлық медальдармен облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Владимир Лопаткин, облыстық кәсіподақ кеңесінің төрайымы Нұржан Түсіпова және Курчатов қалалық украин этномәдени бірлестігінің төрайымы Нина Дмитропавленко марапатталды. Облыс әкімінің алғыс хаты экологиялық қауіпсіздік орталығының төрағасы Геннадий Корешковқа, «Экосогласие» бірлестігінің жетекшісі Татьяна Чернышоваға және облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Владимир Лопаткинне берілді, сонымен қатар, Азаматтық Альянс Бородулиха, Көкпекті, Жарма, Катонқарағай, Шемонайха аудандары мен Курчатов қаласының ішкі саясат бөлімдеріне мадақтама қағаздары тапсырылды.

Атап өтерлік жайт, Шығыс Қазақстанда ресми түрде 800-ден астам үкіметтік емес ұйым тіркелген, олардың 200-ге жуығы белсенді жұмыс істеуде.

«Невада-Семей» антиядролық қозғалысы президентінің орынбасары Сұлтан Картоев, «Өскемен қаласы жергілікті өзін-өзі басқару кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Оразбайұлы, «Кругозор» мәдениет және туризм жастар орталығының төрайымы Ирина Нетунаева өз ойларын ортаға салып, биліктің жұмысын пәрменді етудегі қоғамдық ұйымдардың қосатын үлесін арттыру қажеттігін атап өтті. Айтылған ұсыныстардың бәрі де тіркеліп, алдағы уақытта ескерілетін болады.

Сондай-ақ, қалалар мен аудандардағы қоғамдық кеңестердің өкілдеріне, сонымен қатар, ішкі саясат бөлімдері басшыларына және қоғамдық ұйымдарға арналған жеке бағдарлама бойынша үш оқыту семинар-тренингі өткізілді.

Ержан Әбіш
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив