KZ
Өскемен
+15°
облачно с прояснениями жел 10 м/с, С
446.49 475.38 4.79

Тұрақтандыру қорының өнімдері неге қымбатқа сатылып жатыр?

14.09.2015, 18:00 214



Шығыс Қазақстан облысында шеттен келетін түрлі тауарлардан қалыспай ішкі азық-түлік өнімдерінің де біразы қымбаттап, бағаның өсіп кеткенін жұрт көріп жатыр. Өзгені қойып, өзіміздің жерде өндіріліп жатқан жергілікті өнімдер бағасының көтеріліп кетуі неліктен?

ШҚО әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин облыстық тұрақтандыру қоры жұмыс тобының мүшелерімен, «Ертіс» ӘКК басшылығымен, бірқатар аудан әкімдерінің орынбасарларымен өңірлерде бағаны тұрақтандыру, алдағы жылға арналған облыстық тұрақтандыру қорын қажетті азық-түлік өнімдерімен қамтуға орай шұғыл кеңес өткізіп, бағаның бей-берекет өсуіне жол беріп отырғандарды анықтап, аймақ нарығында қалыптасып отырған қымбатшылық жағдайды жедел түрде қалыпқа келтіруге тапсырма берді.

Қыркүйектің 7-10 аралығында облыс орталығындағы тұрақтандыру қорының әлеуметтік маңызды өнімдері сатылып жатқан «Ертіс» ӘКК-нің 13 бірдей дүңгіршегін аралап шыққан аталған әлеуметтік корпорацияның өкілдері қарапайым халыққа жасалып жатқан көмек делініп жүрген олардың көпшілігінің аты бар да, заты жоқ дүниелер екенінің куәсі болыпты. Қаланың «Колос» базары жанындағы тұрақтандыру қорының сауда нүктесінің өнімдерінің сатылу бағалары көрсетілмей, күнбағыс майы белгіленген бағадан қымбатқа сатылып жатса, №45 дәріхана маңында орналасқан дүңгіршектегі қор өнімдері түгелдей қымбат бағамен саудаланып тұрғаны анықталған. Келісі 175 теңгеден сатылуы тиіс тұрақтандыру қорының қанты мұнда 195 теңгеден, 210 теңгенің күнбағыс майы 230 теңгеден, 185 теңгенің күріші 200 теңгеден сатылған. Защита ықшамауданындағы дүңгіршекте күнбағыс майы 250 теңгеден сатылып, қант пен күріш саудаға шығарылмаған. Ал Ивушка дүкені, ЖМК ықшамауданындағы «Kraus» дүкені жандарындағы дүңгіршектерде тіпті ешқандай өнім болмай шыққан. Комсомол көшесіндегі дүңгіршекте қара құлып тұр.

Өскемендегі тұрақтандыру қорының сауда нүктелері мен қала базарларында болып қайтқан облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин жұмыс тобы мүшелерінің ішінен іріктеп тек осы мәселемен айналысатын, көзбояушылықпен жұмыс істеп жатқан ол дүңгіршектердің кімнің қалтасын қыздырып, кімнің қамын жасап отырғанын анықтайтын арнайы комиссия құруды тапсырып, алдағы бір апта ішінде осы шарамен айналысуды өңірлік шаруалар қауымдастығының төрағасы Жомарт Манақовқа жүктеді.

- ЖМК ықшамауданындағы «Достық» базарында картоп 85 теңгеден сатылып жатыр, Павлодардың картобы. Өзіміздің жергілікті шаруашылықтардың картобын 40 теңгеден сатуға мүмкіндік әбден бола тұра, осыны ұйымдастыруы тиіс қала әкімдігі, кәсіпкерлік, ауылшаруашылық бөлімдері, «Ертіс» ӘКК басшылықтары оған мүлде мән бермей отыр. Бағаны тұрақтандырудың, жергілікті өнімдердің қымбаттауына жол бермеудің амалдарын жасап, жұмыс жүргізіп отырған жоқ. Көкөністер, картоп күз айының өзінде Өскеменде 80-100 теңгеден саудаланып отыр, қыста қайда барады? Тұрақтандыру қоры өнімдерінің қымбаттығы - «келісіп алу» фактісінің айғағы. Семейде жағдай керісінше. Семей қаласы бойынша тұрақтандыру қорының өнімдері көрсетілген сауда нүктелерінде белгіленген бағамен саудалануда. Қалаға жақын аудандардың шаруашылықтары өз өнімдерін тұрақтандыру қоры нүктелерінде, базарларда арзан бағамен сатып жатыр. Семейдегі азық-түліктің, көкөністер бағасы қалалық әкімдіктің, қала әкімі орынбасарының жіті бақылауында, - деген Дүйсенғазы Мусин Өскемен қалалық әкімдігінің, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің жүйесіз жұмысының салдарынан орын алған баға өсімін болдырмау, 2015-2016 жылдарға арналған облыстық тұрақтандыру қорының өнімдерін сатып алу жұмыстарын жүргізуге тапсырма берді.

Азық-түлік, оның ішінде көкөністер бағасы тек Өскеменде ғана емес, Көкпекті, Глубокое, Зайсан, Ұлан, Риддер, Күршім аудандарында да күрт өсіп кеткені тіркелініп отыр. Бұл халықтың емес, жергілікті жерлердегі әкімдіктердің ақпары екенін ескерсек, «өспеді» деп берген өзге аудандардың берген мәліметтері қаншалықты шынайы екендігі де күмәнді. Халыққа бірінші қажеттіліктегі 33 азық-түліктің арасында Өскемен қаласы бойынша 13 азық-түліктің бағасы теңгенің құнсыздануымен қатар шырқап шыға келген. Шеттен келетін қант сияқты өзімізде қат өнімдердің бағасымен бірге күріш, пияз, жұмыртқа, қызылша, тағы басқа көптеген өнімнің құны көтеріліп кеткен.

Қарапайым халыққа жәрдемі тиеді делініп, қызметі мемлекеттің қаржысына жүргізіліп отырған «Жәрдем» ШҚИ орталығының тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсеткені былай тұрсын, бюджеттен бөлінген қаражатты ақтамай отырғаны туралы сөз бұл жолғы кеңесте де айтылды.

- «Жәрдемде» де бей-берекеттік орын алып жатыр. «Жәрдемнің» жұмысы, бағаны ұстауы дұрыс жүргізіліп отырмағандығы ешкімге жасырын емес, оның ашығын айтуымыз керек. Бұл орталықтың да кімнің қалтасын қыздырып, кімге қызмет көрсетіп отырғанын анықтап, мемлекет есебінен жұмыс істеп жатқан мекемені былығынан арылтып, тазалығын қамтамасыз ететін күн жетті, - деді Дүйсенғазы Мусин жұмыс тобының кеңесінде.

Кеңесте «Ертіс» ӘКК басқармасының төрағасы Манарбек Сапарғалиев корпорацияның көрсетіп отырған қызметі турасында баяндады. 2010 жылы Абай, Тарбағатай аудандарының тұрғындарына қой сатып алуға бөлінген несиелік қаражаттың қайтарылмай отырғанын айтты. Содан бері мал төрт рет төлдеп, түлігін өргізгенімен, Тарбағатай, Абай аудандарының тұрғындары мемлекет қаржысын әлі қайтармай отырған жайы бар. Абай ауданының тұрғындары 74 млн. Тарбағатай ауданының тұрғындары 45 млн теңге берешек. Аталған аудандардың әкімдері сәуір айына дейін өткізілуі тиіс қаржыны күздің соңына дейін қайтаратындарын уәде етіп кетті.

Облыста әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасының маусымаралық кезеңдерде қымбаттап кетпесі үшін биыл да аймақтық тұрақтандыру қорының қоймаларына ірі көлемде, 9 700 ( былтыр 11 455 тонна) тонна картоп, қырыққабат, сәбіз, қызылша, пияз тәрізді көкөніс өнімдері сатылып алынып, сақталғалы отыр. 533403,0 теңгенің құнын құрайтын ол өнімдер жергілікті шаруашылықтардан сатылып алынған. Келісімшарт бойынша қаражаттың 60 пайызы алдын ала төленген.

Жанаргүл Мұқатай
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив