KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 1 м/с, В
447.4 477.55 4.76

Кітап дүкеніндегі кезектің туындауына кімдер кінәлі?

12.08.2015, 18:00 218


Жыл сайын жаңа оқу жылы ерекше қарбаласпен басталады. Ата-аналар кітап дүкендерінің алдына ұзын-сонар кезекке тұрып, мектепке баратын баласының керегін түгендей бастайды. Ала жаздай алаңсыз жүрген ата-аналардың кейбірінің жүйкесі осы кезде сыр беріп, айқай-шу да шығарып жатады.

Жаңа оқу жылы жақын. Ата-аналар неге алаңсыз?

Әрине, баланы мектепке әзірлеу ата-ана үшін оңай шаруа емес. Тіпті отбасылық бюджетке де әжептәуір салмақ түсіреді. «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, кейбір ата-аналар жаңа оқу жылына ерте қамданса, ал кейбіреуі оны есінен мүлдем шығарып алады. Сөйтіп, қыркүйек басталғанда қырға да шауып, ойға да шауып, әбігерге түседі.

Осы орайда биылғы жаңа оқу жылына ата-аналардың әзірлігі қандай екен деген мақсатпен біз Өскемен қаласындағы Қасым Қайсенов атындағы кітап дүкеніне бас сұққанбыз. Барсақ, мұнда өлі тыныштық. Баласына оқулық сұрап, керек-жарағын түгендеп жатқан ешқандай ата-ананы көзіміз шалмады. Іштей таңданып қалдық. Жаңа оқу жылының басталуына небәрі бір айдан аз ғана уақыт қалды. Сонда қадірменді ата-аналарымыз мектепке әзірлікті әлі бастамаған ба? Неткен қамсыздық десеңізші. Мұның себебін біз аталған кітап дүкенінің сатушысы Айна Сүлейменовадан сұрадық.

- Жыл сайын бір көрініс қайталанады да отырады. Жаздай кітап дүкеніне жоламайтын ата-аналар оқу жылына бір¬-екі күн қалғанда ғана осындай кітап дүкені бар екенін, онда оқулықтар мен кітап-дәптер сататынын есіне түсіреді. Сөйтіп, кітап дүкенінің алдында ұзын-сонар кезек пайда болады, - дейді ол. - Әйтпесе, бізде мектеп оқушыларына қажетті оқулықтардың бәрі толып тұр. Кейбір сыныптың оқулықтары төрт жылда бір рет ауысып тұрады. Биыл ауысқан 4, 5, 6 сыныптың оқулықтары да шілдеден бастап сатылымға шығарылды. Ал бірінші, екінші сыныптың жазу дәптерлеріне мұқтаждық жоқ. Жыл бойы олардың ешқайсысы сатылымнан алынбайды. Оқу жылына ертерек қамданам деген ата-аналар үшін есігіміз қашан да ашық. Бірақ жаз бойы ата-аналардың ешқайсысы дүкенге бас сұқпайды. Ал 1-ші қыркүйектен бастап екі-үш аптаға дейін біздің дүкеннің алдында анау көшеге дейін ұзын сонар кезек пайда болады.

Айна Сүлейменова сондай келеңсіздіктің алдын алу үшін дүкенде оқулықтар мен дәптерлердің бар екенін айтып жар салып, жергілікті газеттерге жарнама беріп жатқандарын да жеткізді. Бірақ жұрт газет қарауды да қойған ба, кітап дүкеніне келушілер әлі де некен-саяқ. Тіпті, оқу жылының жақындағанына байланысты шілденің бірінен бастап Қасым Қайсенов атындағы кітап дүкені жұмыс күнін де кешкі сағат сегізге дейін ұзартыпты. Ал қыркүйектен бастап бұл кітап дүкенінің қызметкерлері демалыс күн дегенді де ұмытады екен.

- Жаңа оқу жылы басталғанда тұрғындар тіпті жоғары жақтағылардан кітап дүкендерінің түнгі сағат он екіге дейін ашық тұруын талап етіп жатады. Ол деген мүмкін емес қой. Мұндағылардың да отбасы бар, олардың да уақытымен демалғысы келеді, - дейді Қасым Қайсенов атындағы кітап дүкенінің сатушысы Айна Сүлейменова.

Жалпы, биылғы жылы тағы да оқулық тапшылығы мәселесі туындауы мүмкін бе? Облыстық білім беру басқармасындағылар өңірдегі барлық білім беру мекемелерінің тамыздың онына дейін жаңа оқу жылына арналған оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етілетінін айтқан болатын. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 602 миллион 283 мың теңге бөлінген. Қазірдің өзінде Риддер қаласы оқулықпен 96, Абай ауданы 78,2, Зайсан мен Абай аудандары 90 пайыз қамтылыпты. Десе де кейбір аудандар мен қалаларға оқулықтарды жеткізу мерзімі тамыздың 25-іне дейін созылып кеткен.

- Қызым биыл сегізінші сыныпқа көшті. Ол білім алатын Р.Мәрсеков атындағы орта мектепте оқулық мәселесі жоқ. Жыл сайын ешқандай оқулық сатып алмаймыз. Биыл да солай болады деп үміттенемін, - дейді Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінің тұрғыны И.Жанұзақов.

«Мектепке жол» акциясы басталды

Тамыздың 1-інен бастап республика бойынша «Мектепке жол» атты қайырымдылық акциясы басталды. Қыркүйектің 30-ына дейін созылатын акция биыл «Балаларға бірге көмек берейік» ұранымен өтіп отыр. Акцияның мақсаты - оқумен қамтылмаған оқушыларды анықтау, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларының оқушыларына, жетім балаларға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындалуына материалдық көмек көрсету және әлеуметтік жағдайы бойынша мектепке келмеудің алдын алу.

Жалпы, акция ұйымдастырылған жеті жылдың ішінде 2 миллионнан астам балаға 10 млрд. теңгенің материалдық көмегі көрсетіліпті. Оның ішінде демеушілер мен меценаттар жалпы сомасы 4,4 млрд. теңгенің қолдауын көрсеткен. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелер мен ұлттық компаниялар, акционерлік қоғамдар тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау қаншама. Мысалы, облыстық қазынашылық департаменті «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушісі Диана Биғалиеваны өз қамқорлығына алғанына бесінші жыл болды. Мұндағылар Диананың «Тұрғынүйжинақбанкіндегі» есепшотына ақша аударып қана қоймай, әр мереке сайын оны құттықтап, керек-жарағын да алып беріп отырады.

- Мұндағы балалар өз қамқоршыларын асыға күтеді, - дейді «Үміт» балалар үйінің қызметкері Назгүл Қуанышева.

Сондай-ақ, «Мектепке жол» акциясы аясында мектепке бармайтын балаларды анықтау мақсатында да бірқатар іс-шаралар жүргізіледі. Мектепке дайындау бойынша әлеуметтік қорғалмаған отбасыдан шыққан балаларға көмек көрсетіледі. Жалпы, облыстық білім басқармасындағылар биылғы жаңа оқу жылында өңірімізде 37 мыңнан астам баланың мектеп табалдырығын аттайтынын айтады.

Мейрамтай Иманғали
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив