KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 11 м/с, С
444.22 476.38 4.82

Ы. Досханаұлы атындағы халықаралық гран-приде тарбағатайлық Қуаныш Мұратов «өгіз балуан» атанды

17.05.2015, 18:00 258


Жылдағы дәстүрге сай Барқытбелдің баурайына балуандар жиналды әлемнің әр түкпірінен. Атан жілік, апайтөс алыптар әулие бабамыз Ырғызбай Досханаұлы атындағы халықаралық жүлдені сарапқа салды. Бұл жолғы доданың басты ерекшелігі сол, халықаралық күрес федерациясының күнтізбесі бойынша қазақ күресінің тарихында тұңғыш рет халықаралық гран-при өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Төл күресіміздің осындай жоғары мәртебеге ие болуы, 2017 жылы жалауы желбірейтін Азия ойындарының бағдарламасына енгізілуі, әрине, осынау ұлттық мұрамызды ұлықтап, дамытуға атсалысып жүрген азаматтардың арқасы. Солардың қатарында Ырғызбай Досханаұлы атындағы халықаралық гран-при турнирі идеясының авторы, бастамашысы, дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті Бәделхан Камалханұлының еңбегін атап өткен абзал. Идея авторының айтуынша, мұндай жоғары деңгейлі жарысты елдің шетіндегі Тарбағатай өңірінде өткізудің маңызды тұстары көп.
Ы. Досханаұлы атындағы халықаралық гран-приде    тарбағатайлық Қуаныш Мұратов «өгіз балуан» атанды

– Халықаралық турнирдің шалғайдағы ауылда өтуі тегін емес. Бұл біріншіден, әр қазақтың алтын қазығы болған ауылдарымызда қаймағы бұзылмай сақталған ұлтымыздың асыл құндылықтарын насихаттауға, кеңінен таныстыруға септігін тигізсе, екіншіден, ауыл жастары арасында қазақ күресінің кеңінен танылуына, мәртебесінің жоғарылай түсуіне ықпал етіп отыр. Оған қоса бұл турнир елдің береке-бірлігін нығайтуға, болашақ ұрпаққа тағылым-тәрбие беруге үлкен септігін тигізеді, – дейді Бәделхан Камалханұлы.

Кешенді аралап, керемет әсер алды

Ы. Досханаұлы атындағы халықаралық гран-приде    тарбағатайлық Қуаныш Мұратов «өгіз балуан» атанды

Иә, айтулы турнирдің басты мұраты орындалды. Оған біз Ырғызбай бабаның басында берілген аста көз жеткіздік. Алыс-жақыннан ат шалдықтырып жеткен қонақтар, олардың ішінде 15 елдің балуандары мен олардың бапкерлері, төрешілер қауымы, спорт мамандары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және басқа да мәртебелі меймандар гран-приден бір күн бұрын әулие мазарына зиярат етті. Құранға қол жайып, арнайы берілген астан дәм татты. Ырғызбай әулие кешенін аралап, ондағы жәдігерлерді тамашалады. Табиғи қызыл тастан қайтадан көтерілген VII ғасырдың сәулеттік стиліндегі әулие мазарын, оның қасындағы Хиуаның қыш кірпішінен қаланған әдемі мешітті, «Дала даналары кітапханасын» көздерімен көрді. Үш мыңға жуық кітап қоры бар кітапханада сақталған ескі қисса-дастандарды, араб қарпімен, қадымша жазылған Құран Кәрімді, медицина, халық емшілігі, әулиелік туралы жазылған басқа да көптеген кітаптарды қолдарына ұстап көрді.
Ы. Досханаұлы атындағы халықаралық гран-приде    тарбағатайлық Қуаныш Мұратов «өгіз балуан» атанды

Кешендегі шетелдік қонақтардың ерекше ықыласын аударған нысанның бірі «Аманат» мұражайы болды. Тастан қалап салған екі қабатты мұражайдың бір қабаты әр заманнан белгі беретін жәдігерге сықап тұр екен. Көпшіліктің көңілін тауып, әрбір мейманға жәдігерлерді жалықпай түсіндіріп жүрген Ырғызбай әулие кешенінің директоры Болат Тағабай мұражайдағы бүкіл заттарды жер-жерден өзі жинастырған. Қазір мұндағы көздің жауын аларлық жәдігерлердің саны екі мыңнан асып жығылады. Олардың ішінде жез самауыр мен келі-келісаптан бастап қол диірмендер сынды халқымыздың тұрмыста қолданған дүниелері, ат әбзелдері, қазақтың қара домбырасы, киім-кешек, басқа да көптеген заттар кездеседі. Әсіресе, Нұғыман болыстың алтын жіппен тоқылған парсы кілемі, Базар болыстың 1870 жылы Қытайдан алдырған қазаны қонақтардың қызығушылығын туғызды.
Ы. Досханаұлы атындағы халықаралық гран-приде    тарбағатайлық Қуаныш Мұратов «өгіз балуан» атанды

– Дүбірлі доданың алдында алдымен қасиетті жерге келіп, зиярат еткеніміз дұрыс болды. Мұнда біз қазақ халқының мәдениетімен, тұрмыс-салтымен таныстық, тарихынан біраз мағлұмат алдық. Мұражайға қойылған жәдігерлер мені қатты қызықтырды. Бұрын білмеген тың дүниелерді көрдім. Қазақ мәдениетін тереңірек тани түстім. Бұл турнир мен үшін спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар туристік саяхат болды десем артық айтқандық емес, – дейді Тәжікстаннан келген балуан, халықаралық гран-придің қола жүлдегері Жамшат Шониязов.

Кешенді аралап, керемет әсер алған меймандар Ырғызбай бабаның рухына бағышталған құран-хатымға қол жайып, қазақтың ұлттық тағамдары молынан ұсынылған ақ дастарқаннан дәм татты. Астан кейін екі автобусқа тиеліп келген балуандар ертеңгі сынның жауапкершілігін ескеріп, Ырғызбай әулие кешеніндегі жаңадан салынған үлкен қонақүйде демалуға беттеді. Бұл кезде ақшам жамырап, мешіт мұнарасынан қасиетті азанның үні естілген еді...

Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды

Ы. Досханаұлы атындағы халықаралық гран-приде    тарбағатайлық Қуаныш Мұратов «өгіз балуан» атанды

Әулиенің басына түнеп шыққан бір қауым ел таңертең аудан орталығына жетті. Ақсуат жұрты қонақтарды әдеттегідей кеңқолтық, қонақжай пейілмен құшақ жая қарсы алды. Орталық алаңның қақ төріне бозкілем төселіпті, екі жағына екі бірдей ақ шаңқан қазақ үй тігіліпті. Алаңды айнала жайғасқан қарақұрым халық аламанның басталар сәтін күтіп тағатсыздануда. Халықаралық бәсекені жалпақ жұртпен бірге облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, FILA халықаралық күрес түрлері қауымдастығының комитет төрағасы Гинтаутас Вилейта, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Түкеев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын, жерлесіміз Ұлықбек Есдәулет және басқалар тамашалады.
Жарыстың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың атынан арнайы келген үкіметтік жеделхатты оқып берді.

Ы. Досханаұлы атындағы халықаралық гран-приде    тарбағатайлық Қуаныш Мұратов «өгіз балуан» атанды

«Құрметті жарысқа қатысушылар, қадірлі қонақтар мен жанкүйерлер! Атақты әулие Ырғызбай Досханаұлының рухына арналып ұйымдастырылған халықаралық гран-при құтты болсын. Дәстүрлі түрде үшінші рет өткізіліп жатқан осы халықаралық жарыс еліміздің спорт өмірінде есте қаларлықтай ғажайып құбылысқа айналып отыр» деп басталатын жеделхатта аталмыш спорт мерекесінің Тарбағатай өңірінде өткізілуінде үлкен мән жатқаны, сондай-ақ, мұндай спорт саласындағы тың дүниелер Елбасының сарабдал саясатын одан ары дамытуға септігін тигізетіндігі баса айтылған.

– Бүгін біз маңызды спорт сайысының куәсі болып отырмыз. Небәрі үшінші мәрте өткізіліп отырған сайысқа әлемнің 15 мемлекетінен 38 балуан қатысуда. Сондықтан да бұл сайыстың өңір спорты үшін алатын орны ерекше. Әлемде ит пен итті, құс пен құсты таластырып қызықтайтын әртүрлі халық бар. Ал біздің халқымыздың тектілігі сол, ақындарды айтыстырады, сәйгүліктерді сайыстырады, балуандарды белдестіреді. Сол себепті халқымыздың тектілігін жоймау үшін мұндай шараларға әрдайым қолдау білдіріп, өткізу - қасиетті міндеттеріміздің бірі. Олай болса, осы жарысты ұйымдастыруға атсалысқан барлық адамдарға, демеушілік білдірген «Қазцинк», «ТМК» сияқты ірі кәсіпорындарға елдің атынан, облыс басшысының атынан ерекше рақмет айтуға рұқсат етіңіздер. Барлық балуандарға сәтілік, төрешілерге әділдік тілейміз. Ең мықты балуан жеңіске жетсін! – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Ы. Досханаұлы атындағы халықаралық гран-приде    тарбағатайлық Қуаныш Мұратов «өгіз балуан» атанды

Сонымен қатар, айтулы спорт мерекесімен тарбағатайлық ағайындарды құттықтап, балуандарға сәттілік тілеу үшін Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев, FILA халықаралық күрес түрлері қауымдастығының комитет төрағасы Гинтаутас Вилейта, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Түкеев және басқалары сөз кезегін алып, ақжарма тілектерін жеткізді. Еліміздегі ұлттық спорт түрлерінің негізін қалаушы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушысы, еліміздің спорт қайраткері, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы Тоқан Базарханов ағамыз спортшыларға ақ жол тілеп, ақ батасын берді.

– Мұндай үлкен турнир жайдан-жай келмейді. Оның өзіндік талап-шарттары болады. Жерге төселетін бозкілемнен бастап күзеттің тұруы сияқты қойылатын барлық халықаралық талаптардың үдесінен шыға білген осы шараның ұйымдастыру комитетіне үлкен ризашылығымды білдіремін. Соның ішінде облыс және аудан басшылығына, спорт саласында жүрген азаматтарға алғысым зор, – деді Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Түкеев.

Салтанатты шара барысында қазақ күресін дамыту, насихаттау жолында жанын салып еңбек етіп жүрген Ырғызбай Досханаұлы атындағы халықаралық гран-придің идея авторы Бәделхан Камалханұлына қазақ күресін өркендетуге зор үлес қосқаны үшін Моңғолия ұлттық спорт комитетінің бюро мүшесі, белгілі балуан Бақыт Одынайұлы Моңғолия ұлттық Олимпиада комитетінің алтын медалін табыс етті.

Моңғол балуанының бағы жанды

Құттықтау тілектерден соң кезек көпшілік тағатсыздана күткен белдесулерге де жетті. Алдымен 80 келі салмаққа дейінгі балуандар арасында жеребе тартылды. Содан кейін 100 келіден жоғары түйе балуандардың арасындағы жұптар жеребе арқылы анықталды. Әр балуан қоржыннан өз қолымен нөмірленген асықты алу арқылы қарсыласын анықтады.

80 келіге дейінгі салмақта күрескен саңлақтар арасында қарсыластарын қоғадай жапырған тарбағатайлық Қуаныш Мұратов, грузиялық Бессарион Перулава, тәжікстандық Жамшат Шониязов, оңтүстіккореялық Джеки есімді балуандардың өнері жанкүйерлер делебесін қоздырып, қошеметке бөленді. Әсіресе, 19 жаста болса да, дзюдо мен самбодан талай халықаралық сайыстарда топ жарып үлгерген кәріс балуанының бозкілемдегі атой салуы Оңтүстік Корея елінде болашағынан үміт күттіретін жарық жұлдыздың шығып келе жатқанын аңғартты. Әттең, қазақ күресінің қыр-сырын енді ғана меңгере бастаған жас қабылан жиі-жиі дзюдо әдісіне салып, төрешілерден ескерту алмаса, бәлкім, ақтық сынға дейін жетер ме еді, кім білсін. Қарсыласын айқын басымдықпен ұтып жатқан ол белдесудің соңына санаулы секундтар қалғанда қазақ күресінің ережесін жетік білмеуінен есе жіберіп қойды. Мұндай жағдайлар басқа балуандарда көп кездесе қойған жоқ. Өйткені, олардың дені қазақ күресінің ережелерімен бұрыннан таныс болып шықты. Әуелі қайсыбіреулері бірнеше мәрте осы спорт түрінен сынға түсіп, жүлделі орындарды да еншілепті.

Содан тартысты өткен белдесулер нәтижесінде ақтық сынға жергілікті жанкүйерлердің сүйіктісі Қуаныш Мұратов пен Грузин елінің мақтанышы Бессарион Перулава шықты. Екеуі де осал емес, екеуі де - талай топты жарған «сен тұр, мен атайындар». Дегенмен, финалдық бәсекеде Ырғызбай бабасының рухы қолдап-қорғап, ауылдастарының қолпашы дем бергендіктен, Қуаныштың жеңілуге құқығы жоқ еді. Айтқандай-ақ, тарбағатайлық тау асып келген қарсыласын алып ұрып, бірінші орынды иеленді. Екінші орын Бессарион Перулаваға тисе, үшінші жүлде тәжікстандық Жамшат Шониязовқа бұйырды.
Салмағы жүз келіден асып түсетін түйе балуандар арасындағы белдесулер де қызыққа толы болды. Кілең ығайлар мен сығайлар жиналған бұл сында біздің елдің намысын Бейбіт Ыстыбаев, Руслан Әбдіразақов, Айбек Нұғымаров және Талғат Әміренов қорғады. Өкінішке қарай, алғашқы екеуі іріктеу кезеңдерінен сүрініп, ақтық сынға жолдама ала алмай қалды. Есесіне, қалың жанкүйер Айбек пен Талғаттың өнеріне қолдау көрсетті. Бір қызығы, жартылай финалда Шығыстың қос балуаны өзара күш сынасты. Бір-бірінің айла-тәсілдерін жақсы білетіндіктен, екі балуан жеңімпазды белдесудің негізгі уақытында анықтай алмады. Тек қосымша белдестіру нәтижесінде Айбек бойшаңдығы мен салмағының ауырлығы арқасында қарсыласын көтеріп алып, кілем шетіне шығарып жіберді. Сөйтіп, жеңіске жетті. Бірақ бұл басты жеңіске жетудің бір сатысы ғана еді. Шешуші белдесуде жерлесімізді моңғол балуаны Алтангэрэл Даваанян күтіп тұрған. Бұған дейін біздің жігіттерден бірнеше рет ұтылып, жүлдеден қағыла берген Даваанян тісін әбден қайрап жүрсе кере,к қарап тұрмай, бірден іске кірісті. Қос алыптың «айқасын» тамашалаған қалың жұртта дегбір қалмады. Тұс-тұстан «Айбек, алып ұр!», «Жамбасқа сал!», «Іштен шал!», «Жұлқи тарт!» деген сынды жанашырлық айқайлар естіліп жатты. Ағайынның қолдауынан рухтанған Айбек те аянап қалған жоқ. Дүлей күш иесін бозкілемге алып ұрудың амал-айласын жасап-ақ тырысты. Самайдан сорғалаған ащы тер екеуінің бет-жүзін жуып барады. Қасарысқан қарулы қолдар сәл де болса босаңсыр түрі жоқ. Бір-бірімен алысқан арыстандардай, тәсілге тәсілмен жауап қатып, берісер емес. Дегенмен, бес минуттық белдесудің соңғы секундтары қалғанда, моңғолдың дүлей күш иесі Алтангэрэл Даваанян қарсыласының осал тұсын тауып, Ырғызбай Досханаұлы атындағы халықаралық гран-придің жеңімпазы атанды. Ал Айбек Нұғымаров күміс жүлдені иеленді. Үшінші орынды тағы бір жерлесіміз Талғат Әміренов алды. Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне «Қазцинк» ЖШС, «Өскемен ТМК» АҚ, «Май» АҚ және басқа да кәсіпорындардың демеушілігі арқасында тігілген қомақты ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

... Ақсуаттағы аламан аяқталды. Орталық алаңдағы иін тірескен жұрт біртіндеп үйлеріне тарасты. Немересін жетектеп қария кетіп бара жатыр. Кенет кішкентай ұл: «Ата, Айбек ағам неге жеңіліп қалды? Моңғолдан жақсы күресті ғой» деді аузын бұртитып. Көпті көрген көнекөз қария немересіне қарап: «Балам, Айбек ағаң жеңілген жоқ. Алыстан келген қонақты құрметтеп, жүлдені бере салды. Жарыс біздің елде өтіп жатқандықтан, қонақжайлық танытты. Есіңде болсын, балам, қазақ күресінен қазақты ешкім жеңіп көрмеген, жеңе де алмайды...» - деді.

Ы. Досханаұлы атындағы халықаралық гран-приде    тарбағатайлық Қуаныш Мұратов «өгіз балуан» атанды

Бәделхан Камалханұлы, Ырғызбай Досханаұлы атындағы қазақ күресінен халықаралық гран-при турнирінің идея авторы, дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті:
– Шығыстың рухани байлығы Ырғызбай Досханаұлы атындағы халықаралық гран-приді өткізудің мәні мен мақсаты, ең басты идеясы, ол – Шығыстың, оның ішінде Тарбағатай өңірінің, жалпы ауылдың мәдениетін, ата-бабалардың асыл мұрасын берісі елімізге, арысы әлемге таныту еді. Сол мақсатқа бүгін міне, қолымыз жетті деп ойлаймын. Дүниежүзінің 15 мемлекетінен балуандар келіп, Ақсуат ауылында гран-при турнирінде күресіп жатыр. Бұл - өте үлкен жетістік. Ендігі біздің арманымыз - Ырғызбай атамыздың атында қазақ күресінен Әлем кубогын өткізу. Ұлтымыздың баға жетпес құндылықтарын әлемдік деңгейге көтеру, таныту. Бұйыртса, ол күн де алыс емес.
Ы. Досханаұлы атындағы халықаралық гран-приде    тарбағатайлық Қуаныш Мұратов «өгіз балуан» атанды

Нұрқан Осмоналиев, Қырғыз Республикасы «Қазақ күресі» федерациясының президенті, халықаралық дәрежедегі төреші:
– Көптеген халықаралық жарыстарда төрелік етіп жүргендіктен, біраз жайттан хабарымыз бар. Ақсуат ауылындағы осынау гран-придің ұйымдастырылуы, өткізілу деңгейі жоғары. Гран-при деген атына заты сай деуге болады. Қазақ күресінің тарихындағы тұңғыш гран-придің ауылда, яғни, Ақсуатта өтуі де маңызды. Біздің қырғыз-қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымас» деген сөз бар. Осы орайда дүбірлі жарыстың Ырғызбай Досханаұлының атында өткізілуі кейінгі жастарға үлкен тағылым, тәрбие бермек. Ата-бабалар мұрасын сақтауға, құрметтеуге және ары қарай дамытуға септігін тигізбек. Ең бастысы, ел ішінде бірліктің, тірліктің бар екенін көрсетіп отыр. Бүгінгі күні қазақ күресі гран-при деңгейіне жетті. Осы қалпынан танбай жалғаса берсе, ертеңгі күні олимпиада ойындары бағдарламасына енуі де ғажап емес. Соған тілектеспін.
Ы. Досханаұлы атындағы халықаралық гран-приде    тарбағатайлық Қуаныш Мұратов «өгіз балуан» атанды

Алтангэрэл Даваанян, моңғол балуаны, Ырғызбай Досханаұлы атындағы халықаралық гран-при жеңімпазы:
– Мен бұл турнирге былтыр да қатысқанмын. Өткен жылы жүлделі орынға іліне алмаған едім. Биыл міне, ақтық сынға қазақтың мықты балуандарының біреуі Айбек Нұғымаровты жеңіп, Ырғызбай Досханаұлы атындағы халықаралық гран-придің түйе балуаны атағын иелендім. Қуаныштымын. Осындай жоғары дәрежелі, жүлдесі қомақты жарыс өткізген ұйымдастырушыларға рақмет. Ұлттық спортты дамытуға үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс айтамын.
Бұл турнирдің дәрежесі өсіп келе жатқанын оған қатысатын балуандардың саны мен сапасының жылдан-жылға арта түсуінен байқауға болады. Биыл да кіл мықтылар бақ сынады. Бағы жанып, бабы келіскендер жеңіп шықты. Жарыс әділ өтті. Төрешілер тарапынан бұра тартушылық болмады.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив