KZ
Өскемен
+12°
пасмурно жел 2,9 м/с, ОШ
447.4 477.55 4.76

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы басталды

8.02.2015, 18:00 194



2015 жылдың 6-ақпанында сағат 11.00-де кең байтақ еліміздің барлық өңірлерінде бір мезетте Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналған салтанатты синхрон-акция басталды. Өскеменде өткен салтанатты шараға ШҚО әкімі Даниал Ахметов қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Тек біздің облысымызда ғана бұл шара ашық аспан астында - Өскемендегі Комсомол аралында, Ертістің жағалауында тойланды. Алыстан естілген жыр мен күй, әр ұлттардың тілінде шырқалған әндер осы жақта шаттыққа толы бір мейрамның өтерінен хабар бергендей. Ұлттар мен ұлыстардың достығы мен бірлігінің жаршысындай болған мерекеге күннің суықтығына қарамастан жеті мыңнан астам халық жиналды. Олардың арасында соғыс және еңбек ардагерлерi, тыл еңбеккерлерi, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ғалымдар, бiлiм, мәдениет және спорт саласының қызметкерлерi, оқу орындарының студенттерi мен оқушылар болды.

Елбасының Жарлығымен биылғы жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып жарияланғаны белгілі. Бүгінде 100-ден астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрып жатқан құтты өңіріміздің өңін кіргізіп отырған басты құндылықтар да осы береке мен бірлік екені даусыз. Аздаған уақыт ішінде тәуелсіз Қазақстан талай асулардан сүрінбей өтіп, Еуразия кеңістігіндегі дамыған мемлекеттердің қатарына қосылды. Ең бастысы, Қазақстан - достықтың киелі шаңырағына айналып отыр. Ал осында тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерін осы шаңырақтың уықтары десек те болады.

Еліміз үшін айтулы жылдың басталғанын паш еткен Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының туы салтанатты түрде көтерілді. Оны көтеру құрметіне Ұлы Отан соғысының ардагерлері Әбілмәжін Байжүменов пен Дмитрий Москальцев, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова және әртүрлі этномәдени бірлестіктердің жас өкілдері ие болды.

- Ассамблея жылының туын көтеруге лайық болу мен үшін үлкен құрмет. Менің бойымды осы сәтте Отанымызға деген шексіз сүйіспеншілік билегенін жасырмаймын, сонымен қатар, мен үнемі Елбасымыздың қолдауын сезініп келемін. Ассамблея осыдан жиырма жыл бұрын Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылғанын баршамыз білеміз. Менің ойымша, бұл қадам қатар өмір сүріп жатқан барлық ұлт өкілдері арасында өзара келісім мен татулықты сақтап қалу үшін жасалған болатын. Сонда ғана еліміз гүлденіп, Елбасымыз белгілеп берген асуларды еркін ала алмақпыз, - деген ойымен бөлісті Ольга Рыпакова.

Бұдан кейін шығысқазақстандықтарды осынау тарихи мерекемен құттықтау үшін сахна төріне облыс әкімі Даниал Ахметов көтерілді.

- Биыл елімізде бес бірдей көлемді мерейтой аталып өтпек. Бүгін, міне, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы салтанатты түрде бастау алды. Осыдан жиырма жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Ассамблея этностарды біріктіріп, ынтымақтастыратын қоғамдық институт болып табылады. Біздің ортақ міндетіміз -көпұлтты ортақ үйімізде бейбітшілік, бірлік пен тұрақтылықты сақтау жолындағы жұмыстарды жалғастыру, - деп барша қауымды құттықтаған облыс әкiмi Даниал Ахметов жиналғандарға Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының басталуына орай құттықтау сөзiн оқып бердi.

«Бүгін елімізде менің Жарлығыммен жарияланған Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы ресми ашылып, басталады. Жыл ең басты ортақ құндылықтарымыз - Тәуелсіздігімізді, егемендігімізді, бірлігімізді, Қазақстан халқының бейбітшілігі мен келісімін сақтауға арналады. Осыдан 20 жыл бұрын, 1995 жылдың 1-наурызында біздің қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтауға арналған бірегей инс-титут - Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Осы уақыт аралығында Ассамблея шынайы түрде жалпыхалықтық, азаматтық, саяси мүдделерден жоғары тұрған ұйым ретінде танылды, конституциялық мәртебеге ие болды. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын маңызды құрылымға айналды. Сондықтан Ассамблея жылы - 17 миллион қазақстандықтардың ортақ мерекесі. Еліміздің әрбір азаматы атамекеніміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға жауапты екенін айқын сезінуі керек. Бұл - Қазақстан болашағының негізі. Ассамблея жылы «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарына жетудің нақты істері мен жаңа жетістіктері жылы болады. Біз «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» деп аталатын Жаңа Экономикалық Саясаттың негізгі міндеттерін іске асыруға кірістік. Ассамблея жылы Конституцияның 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы және Ұлы Жеңістің 70 жылдығы сияқты маңызды оқиғаларға толы. Бұл жыл - ортақ тарих пен тағдыр мәңгілікке біріктірген халқымыздың бірлігін паш ететін жыл. Қазақстан - бұл біртұтас жер, біртұтас халық, ортақ болашақ! Сондықтан, Ассамблея жылының басты идеясы - «Менің Елім - Мәңгілік Ел!». Мен барлық қазақстандықтарды Ассамблея жылының басталуы¬мен құттықтаймын! Егемендік, бірлік және келісім рухы болашаққа деген сенімімізді арттырып, күш-қуатымызды еселесін! Біз - тағдыры ортақ, бірлігі жарасқан біртұтас елміз! Біздің қазақстандық жол - бейбітшілік, келісім және даму жолы!» делінген Елбасының құттықтауында.

Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы басталдыҚазақстан халқы Ассамблеясының жылы басталды

Ата-бабаларымыз аңсаған «Мәңгілік Ел» болуға ұмтылған халықтарды бір шаңырақ астына жинап, өзара келісім мен достықты алтын арқау еткен салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасты. Жиналғандар алдында облысқа белгілі өнер шеберлері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері бар өнерлерін ортаға салды. Ал «Достық дастарқаны» шатырында облыстағы он үш ұлттық бірлестіктердің мүшелері қонақтарға өздерінің ұлттық тағамдарын ұсынды. Қыстың ызғарлы күнінде буы бұрқыраған самаурыннан ыстық шай ішіп, бауырсақ пен қазы-қартадан, басқа халықтардың ұлттық тағамдарынан да дәм татқанға не жетсін! Шатырдың тағы бір жағында қолөнер шеберлері өздерінің қолөнер бұйымдарын көпшіліктің назарына ұсынды.

«Арарат» армян этномәдени бірлестігінің жетекшісі, кәсіпкер Дживан Манучарян 1988 жылы Арменияда болған жер сілкінісінен кейін өз елінде өмір сүру қиындап кеткесін, 25 жасында жұмыс іздеп Қазақстанға келіпті. Осы жерде еңбек етіп, баспаналы болған соң отбасын көшіріп алады. Міне, қазақ жерінде тұрып жатқанына 27 жыл болған кәсіпкер туыстарының көпшілігін өзінің қасына шақырып алыпты. Оның айтуынша, екі ұлттың тағамдарында да етті молынан пайдаланатындықтан, армяндар қазақтардың барлық ұлттық тағамдарын әзірлеп, сүйсіне жейді. Ал әлемдегі ең бірінші халваны армяндар дайындапты, бұл тәтті өнім пахлава деп аталады екен.

- Барлық қазақстандықтарды достық пен бірліктің айнасы іспеттес осы жарқын мерекемен құттықтап, баршамызға бейбітшілік пен түсіністік тілегім келеді. Қолымыз жеткен ынтымақтастықты аялап, ортақ шаңырағымыздың шайқалуына ешқашан жол бермейік, - дейді армян азаматы.

«Лад» шығысқазақстандық славяндар қозғалысының төрағасы Олег Навозов Қазақстанда елу жылдан астам уақыт тұрады. «Ассамблея - көпұлтты Қазақстанда ғана бар, басқалар үлгі алуға лайық қоғамдық институт. Жүздеген ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруін қамтамасыз етіп отырған Ассамблея алдағы уақытта да өз жұмысын жалғастырып, ұлт араздығына жол бермейді деп сенгіміз келеді» деген пікірін жеткізді Олег Навозов.

Еліміздегі тұрақтылықтың шын бағасын украиндық бауырлар жақсы түсінеді. Олар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ұстанып отырған сындарлы саясаты үшін шексіз риза екендерін жасырмайды. Украина этномәдени бірлестігінің жетекшісі Н.Волкович былай дейді:

- Біз украиндықтар Украинада болып жатқан жағдайларға қатты алаңдаулымыз. Бізге өте ауыр, туыстарымыз бар сол жақта. Жастар Отандарын тастап, бас сауғалап, Еуропа елдеріне қашып кетіп жатыр. Осындай келеңсіздіктерді естіп-көрген сайын көпұлтты халқы айрандай ұйып отырған еліміз - Қазақстан аман болса екен деп тілейміз.

Мереке бұдан кейін өскемендіктер мен қала қонақтарының сүйікті демалыс түріне айналған шаңғы жарыстарымен жалғасты. Салауатты өмір салтын ұстанған жастар мұз айдынында флешмоб ұйымдастырды.

Айна Ескенқызы
Суретті түсірген Есімхан Орынбаев
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив