KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 1 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Қар барысы Шығыс Қазақстанда суретке түсірілді

8.01.2015, 18:00 199



Осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстанда Алтай тауларын қар барысының мекендейтініне күмәнмен қарағанымыз рас. Барыстың өзін қойып, ізін көрдік дегендерге де сенер-сенбесімізді білмейтін едік. Сөйтсек аспанмен астасқан Алтайдың ұшар басында қар барысының мекен ететіні рас болып шықты. Жуықта фототұзақтардың бірінің алдынан өтіп бара жатқан қар барысының суретке түсіп қалғаны белгілі болды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Алтай тауларында барысты фотосуретке түсіру бұрын-соңды болмаған оқиға. Демеушілердің көмегімен Катонқарағай мемлекеттік ұлттық паркінің аумағына қойылған фототұзақтарға жаз айларында таутеке, елік, қасқыр, қоян сынды аңдар түскенімен барыстың қарасы да көрінбеген. Осыған дейін орманшылар мен аңшылар, басқа да арнайы мамандар барыстың ізін көп уақыт аңдыды. Аңның өзін алыстан көрді де.

Былтыр қарашаның аяқ шеніне қарай Аршаты орманшылығының орманшылары кезекті рейд кезінде 900 метрдей жерде кетіп бара жатқан барысты суретке түсіріп алған-ды. Бірақ ол фотосурет сапасыз шыққан көрінеді. Олар таудың биік жерлерінен бірнеше рет барыстың қар бетіне түскен іздерін де байқаған. Содан кейін барып бағалы аңды суретке түсіру мақсатында жұмысқа белсене кіріседі. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, биоәртүрлілікті сақтау ассоциациясы, зоология институты мамандары жұмыла жұмыс істеді. Барыс жүреді-ау деген соқпақтарға бірнеше заманауи фототұзақтар орнатады. Мамандардың көмегімен құрылғыны белгілі уақытта ұдайы тексеріп отырды. Көздегендері - барыстың суреті еді. Ақыры үміттері ақталды. Еңбектері еш кеткен жоқ. Алтай тауларында барыстың бар екенін дәлелдеді олар.

Қар барысы Катонқарағай ауданы, Аршаты ауылының маңайындағы Қоралы деген жерде құрылған фототұзақтың объективіне ілініпті. Құрылғы бағалы аңды суретке екі рет тартып үлгерген. Бұл - өткен жылдың 11 желтоқсанында түсірілген сурет. Фотодан барыстың таудың ұшар басына қарай жайлап басып шығып бара жатқаны көрінеді. Етек жақтан қорегін аулап, мекеніне қайтып бара жатыр ма дерсің (суретте).

Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жануарларды қорғау және өндіру бөлімінің бастығы Ерік Қасымовтың айтуынша, Қоралы жақты мөлшермен үш-төрт барыс мекендейтін сияқты. Тау ешкілердің де өріп жүретін жері - сол маң. Көктемгі санақ бойынша ұлттық парк аумағында 438 тауешкі, 1726 елік мекен етеді.

Барыс қорегін негізінен түнде немесе қызыл іңірде жалғыз жүріп аулайды. Шабуыл кезінде 14-15 метр жерде тұрған тұяқтыны бір қарғып оп-оңай қағып алады. Қар мысығының тырнағы тиген таутеке немесе еліктің құтылуы екі талай. Барыс көбінесе қысы-жазы қары ерімейтін тасты тік беткейлер мен қияларда жүреді. Қар түскенде таудың орманды белдеулеріне дейін түседі. Барыс тұяқты жануарларды, әсіресе арқарды, тау текені, тау ешкілерін, еліктерді, құстардан ұлар мен кекіліктерді ұстап жейді. Ғалымдардың дерегі бойынша қар барысы бір орыннан 12 метр биіктікке дейін секіре алады екен. Ұзындығы бір метрдей үлпілдеген құйрығының көмегімен тепе-теңдікті жақсы сақтайды. Қар мысығы суық жерлерде мекендейтіндіктен жаңа туған марғауларын боран-шашыннан құйрығының көмегімен аман сақтайды екен. Өзі өте сақ жануар. Бір жүрген соқпақпен екінші рет қайта жүрмеуге тырысады.

Бірақ әлемде барыс аулаушы броконьерлер де жоқ емес. Ертеректе қар барысының терісінен тігілген ішік Америкада 60 мың АҚШ долларына саудаланыпты. Қазіргі таңда Қытай дәрігерлері барыстың сүйегін емге пайдалы деп тауып, медицина қолданып жатқан көрінеді. Жалпы, жер бетін 2 мыңдай қар барысы мекен етсе, Қазақстанда жүздей ғана барыс бар көрінеді. Азайып бара жатқандықтан Қызыл кітапқа енгізіліп, ерекше қорғауға алынған. Биік тауларда мекендейтін жалғыз ғана мысық тұқымдас аң да осы - қар барысы.

Керек дерек
Қар барысы Орталық Азиядағы тауларда, Солтүстік Үндістан, Пәкістан, Байкал, Тибет өңірлерін мекендейтін үлкен мысық. Қазіргі таңда таралу аймағы тарылып, саны кеміп барады.
Денесінің ұзындығы - 125-135 см
Құйрығының ұзындығы - 90-100 см
Биіктігі - 60 см
Салмағы - 30-40 келі.

Мерей Қайнарұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив