KZ
Өскемен
+4°
ясно жел 7 м/с, С
444.22 476.38 4.82

«Абайды танып, біл!»

17.08.2014, 18:00 186



Алдағы жылы құрылғанына ширек ғасыр толғалы отырған Шығыс Қазақстан өнер мұражайы қызметінің басты бағыттары – өңірдің мәдени мұрасын – сурет, әдебиет, музыка салалары бойынша жинақтау, сақтау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және тұрақты, жылжымалы көрмелер арқылы оларды халыққа көрсету, экспедицияларға шығу, түрлі кездесу шараларын ұйымдастыру арқылы солардың барлығын жұртшылыққа кеңінен насихаттау.



2010 жылдан бастап мұражайда «Менің Қазақстаным» атты тұрақты көрме-конкурс өткізіліп келеді. Сол дәстүр биыл да жалғасын тауып, ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойы қарсаңында өнер мұражайы «Нұр Отан» облыстық филиалымен бірлесе отырып, қылқалам шеберлері арасында «Абайды танып, біл!» атты облыстық байқау өткізуді жоспарлап отыр. Бұл байқауға әзірлікті облыстың танымал суретшілері қасиетті Абай елімен, киелі жерімен танысуды жөн көріп, 10 тамыз күні Абай ауданына ат басын тіреді. Алдымен қылқалам шеберлері Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесіне барып, ұлылар рухына тағзым етіп, оларға құран бағыштады. Осында Өскеменнен, Семейден келген және Қарауылдан қосылған он бір суретші бір апта жұмыс істеп, Жидебайдағы қорық-мұражай, Кеңгірбай би мазары, Шыңғыстау-Қарашоқы, Еңлік-Кебек үйтасы, Кіші Орда және Үлкен Орда таулары, Оспан көлі, Әйгерім бұлағы сияқты Абайға қатысты тарихи орындарда болып, алпысқа жуық этюдтер салды.

«Абайды танып, біл!»


Олардың арасында ҚР Суретшілер одағының мүшелері, әуесқой суретшілер мен жас дарындар болды. Қылқалам шеберлерінің жергілікті жердегі барлық жұмыстарын суретші, ҚР Мәдениет қайраткері, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Елдар Кәменұлы Оразалы мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Қайырғазы Нұрлыбекұлы Дүрмекбай үйлестіріп отырды.

«Абайды танып, біл!»


Апта соңында суретшілердің бір апталық жұмысының нәтижесі ретінде Қарауыл ауылындағы аудандық кітапхана ғимаратында этюдтер көрмесі ашылды. Көрменің ашылу салтанатында аудандық мәслихат хатшысы Төлеубек Аманғазы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Әсет Мырзақасым, Қарауыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Несіпбаев, Абайдың інісі Ысқақтың шөбересі – Төлеген Шағатайұлы сөз сөйлеп, суретшілердің өнеріне, жұмыстарына өздерінің ризалықтарын білдірді.

Аудандық өлкетану мұражайының директоры Малғаждар Жүнісжанов суретшілерді бастап келген облыстық өнер мұражайының қызметкері Лариса Мартыноваға Алғыс хат тапсырды. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Қайырғазы Дүрмекбай осы маңызды шараны ұйымдастыруға мұрындық болып отырған Шығыс Қазақстан өнер мұражайына (директоры – Нұржази Қалиева) партия төрағасы, Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтың Алғыс хатын табыс етті.

Аудан жұртшылығының жылы қабылдауларына ризалық білдірген қылқалам шеберлері өздерінің он екі суретін ауданға сыйлап, бұл көрме қыркүйек айына дейін осы Қарауылда қалдырылатынын айтты. Ал облыстық «Абайды танып, біл!» көрме-байқауы ұлы ақынның мерейтойы қарсаңында облыс орталығында, Шығыс Қазақстан өнер мұражайында өткізілмек.


Айтмұхамбет Қасымов, журналист,
Шығыс Қазақстан өнер мұражайының қызметкері


Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив