KZ
Өскемен
+5°
небольшая облачность жел 5 м/с, СБ
444.32 473.33 4.76

Қарақаба өзені бойынан тарихи жәдігерлер табылды

13.08.2014, 18:00 170




Катонқарағай өңірінен бірнеше шақырым жердегі Қарақаба өзенінің бойынан тарих ғылымдарының докторы, археолог Зейнолла Самашевтың зерттеуімен бұрын-соңды кездеспеген тарихи жәдігерлер табылды.

Қарақаба өзенінің жағасында осыдан екі жыл бұрын басталған қазба жұмыстарының нәтижесінде тарихқа тұнып тұрған құнды дүниелер шықты. Ол жаққа Шыңғыстай ауылының тұсындағы ирегі мен бұралаңы, өрі мен асуы көп Аустрия жолымен жетесіз. Жол
таңдамайтын «Уазик» сияқты көліктер болмаса, кез келгені жүре алмайды ол соқпақпен. Жергілікті жұрт Аустрия жолын «Ирек» десе, қазба жұмыстары жүріп жатқан маңды «Тарбағатай жайлауы» деседі. Белгілі археолог Зейнолла Самашев бұл маңға 2002 жылы
барлау жасап, зерттеп-зерделеп қайтқан екен.
Шежірелі жер екенін түсінген ол екі-үш жыл бұрын Қарақаба өзенінің аңғарында қазба жұмыстарын бастап кетеді. Қарақабадағы қазба жұмыстары барысында қандай дүниелер табылды? Осы және өзге де сұрақтарды алға тартып, Зейнолла Самашевпен әңгімелестік.

Адамның бас сүйектеріне ота жасалыпты


– Жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде қандай дүниелерге кенелдіңіздер?

– Екі жыл бұрын басталған қазба жұмыстарының нәтижесінде көне түркілердің бес ескерткіші табылды. Өкінішке қарай, табылған қобыз іспетті музыкалық аспаптың ағашы қатты шіріп кетіпті. Қайта қалпына келтіру үшін Астанадағы домбыра жасаушы шеберлермен келісіп қойдық. Көп дүниелерді тот басқан, бүлінген. Табылған үш-төрт адамның бас сүйектеріне ота жасалған екен.
Тесігі бар. Берел қорғанынан табылған адамдардың бас сүйектерінде де отаның ізі болған еді. Осыдан-ақ медицинаның сақ
заманында дамығанын аңғаруға болады. Ал қобызбен бірге жерленген адам бақсы болуы мүмкін деген болжам бар. Бәлкім, көк тәңірмен байланыста болды ма екен?! Әртүрлі нұсқаларды қарастырудамыз. Мұның бәрі әлі толық зерттелген жоқ. Енді ғылыми тұрғыда жан-жақты талдап, қорытындысын шығарамыз.

Қарақаба өзені бойынан тарихи жәдігерлер табылды


– Ғылыми сараптама жасайтын мамандардың негізгі міндеттері қандай?

– Олар әр саланы зерттейтіндіктен, міндеттері де әртүрлі. Бірі жылқының, адамның сүйектерін зерттесе, енді бірі табылған орынды, мәдениетін, әдет-ғұрыптарын, әшекейлерін сала саласымен зерттейді. Жалпы, барлығы бүге-шігесіне дейін талқыланады. Қазба жұмыстары жалғасын табады

– Қарақабадан табылған жәдігерлердің өзге қорғандардан қандай да бір ерекшеліктері бар ма?

– Әрине. Бұрындары бір де бір рет алақандай ғана кішкентай жерден осыншама дүние табылған жоқ. Демек, бұл жерде көне түркілердің үлкен тайпасы шоғырланған болуы тиіс. Және де барлығы атпен бірге жерленген. Қару-жарақтары, ат-әбзелдері жанда
рына қойылған. Жауынгерлердің аттарын мінуге ыңғайластырып жатқызған сияқты. Адамдары орта бойлы болған. Сонымен бірге, жауынгерлердің бастарына киген дулығалары табылды. Былтыр дулығамен бірге бетін жауып тұратын маска да шыққан болатын. Темір болғандықтан, біраз жері шіріңкірепті. Негізінен темір жақсы сақталмайды екен. Тағы бір ерекшелігі, түркілер барлық жерленген адамдардың қасына ағаш табақ қойып, үстіне жылқының құйрығын салған екен. Ал Берелден табылған адам сүйектерінің қасындағы ағаш табаққа қойдың құйрығын салыпты. Бұл жердің жерлеу рәсімі өте күрделі болып көрінді.

– Келер жылы Қарақаба өзенінің бойында тағы дақазба жұмыстары жүргізіле ме?

– Бұл жерде қазба жұмыстары әлі де жалғасын табады. Өзен бойында зерттеуді қажет ететін он шақты орын бар.

– Зерттейтін дүниелер көп дейсіз. Бірақ, Шығысымызда мамандар тапшы емес пе?

– Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы университеттің студенттері қазба жұмыстарына біркісідей қатысып, көп көмек көрсетті. Бір жағынан өздерінің тәжірибелерін шыңдады. Солардың ішінен бір-екі археолог шығып қалар деген үміттемін. Бірақ археолог –
өте қиын мамандық. Күннің ыстығына да, суығына да, жаңбырына да, дауылына да төзуің керек. Далалық жерде жүргендіктен, кез келген қиындыққа шыдау керек. Ең бастысы, сол мамандықты сүйсең, шыңына жетесің. Бұл салаға бір бас сұққан маман қайта кет
пейді. Археологиялық мамандықтың шыжығымен қатар өз қызығы да бар.

Болашақ археологтарға артылар сенім мол


Қарақаба өзені бойынан тарихи жәдігерлер табылды


Мінекей, Зейнолла Самашевтың жетекшілігімен жүргізілген қазба жұмыстары тағы бір мәрте Алтай түркі әлемінің алтын бесігі екенін дәлелдеп отыр. Табылған құнды жәдігерлер Түркі академиясына жіберіліп, арнайы сараптамалар жүргізеді. Содан кейін барып табылған дүниелердің қай дәуірге жататындығы нақтыланады. Нақты деректер жинақталғаннан кейін, Ұлттық мұражайға немесе мемлекеттік қорға тапсырылуы мүмкін. Археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатқан жерге Катонқарағайдан «Берел»
қорық-мұражайының ғылыми қызметкері Азат Мұхтарханов та барып, көріп қайтыпты. Оның айтуынша, келесі жылдары қазба жұмыстарына аталмыш қорық-мұражайдың қызметкерлері де қатысатын көрінеді.

Қарақаба өзені бойынан тарихи жәдігерлер табылды


Бұл экспедицияға сондайақ, тарих мамандығының 1-курс студенттерімен қатар, археология ғылымына деген қызығушылықтарын білдірген жоғарғы курс және басқа да мамандықтардың студенттері қатысып жүр. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан
мемлекеттік университеті тарих, халықаралық қатынас және құқық факультеті деканының орынбасары Құралай Жириндинованың айтуынша, экспедицияларға 2012 жылдан бастап қызыға қатысып жүрген Дастан Мусаипов пен Саят Шаяхметовтен болашақ археолог шығуы әбден мүмкін. Оларға Зейнолла Самашевтың өзі де сенім білдіріп отырғанын тағы – Катонқарағай ауданының Қарақаба обасында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, Зейнолла Самашев атап өткендей, археологиялық ескерткіштер тағы бір құнды тарихи жәдігерлермен толықтырылды. Осындай жұмыстарға болашақ тарихшылардың қатысып, өз қолдарымен археологиялық ескерткіштерді ұстап, көзбен көруі олардың тарих ғылымына деген қызығушылығын арттырады деп ойлаймын, – дейді Құралай Жириндинова. Осы жылғы археологиялық қазба жұмыстарының ең басты жаңалығы – адамның қасына қобызға ұқсас музыкалық аспаптың қойылуы. Ескерткіштер Түркі академиясының «Батыс Түрік қағанатының мемлекеттік құрылымы» атты ғылыми-зерттеу жобасы негізінде қазылғандығын да айта кетейік.атап кеткеніміз жөн.

Мерей Қайнаров

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив