KZ
Өскемен
+20°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, З
447.4 477.55 4.76

Берік Уәли: Телеарнада жұмыс істеген тележурналист ретінде кейде көрермендерден ұяламын

5.05.2014, 18:00 155



Берік УӘЛИ, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Мемлекеттік қызмет баспалдағын алғаш оңтүстіктен бастап отырсыз. Ұсыныс түскенде басқалар бата бермейтін өңірден бас тартпай батыл қадам жасауыңызға не себеп?

– Әркім өзінің туған жерінде не болмаса Алматы мен Астанадан басқа жақта жұмыс істемесін деген қағида жоқ шығар. Бір қазақтың елі, бір қазақтың жері емес пе? Әу баста осындай ұсыныстың түсіп жатқанын айтқанымда туған-туыс, дос-жаран қарсы болғаны рас. Бірақ шешімді қабылдайтын өзім. Отбасыммен ақылдаса келе осында келуді құп көрдік. Оңтүстік қалың қазақтың ортасы, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аймақ. «Егер оңтүстікте қызмет істесе алсаң үлкен мектептен өтесің» дегендер де болды. Демек басқа жақта да жұмыс істей аласың деген сөз. «Құлаш ұрдым қиынға, жүзіп шықсаң қиын ба» деп ақын ағамыз жырлағандай тәуекел деп қызметке келдім. Құдайға шүкір, тәжірибе жинақтап, түрлі мәселенің қыр-сырын көріп, үйреніп жатырмын. Рас Астана, Алматы секілді бас қалаларда жұмыс істедім. Мен үшін бұл әлдекімдер айтқандай бір адым артқа шегіну болғанымен болашақтағы екі қадам алға яғни, шахматтағы аттың жүрісіндей. Өмірді, өңірді көру керек. Мемлекеттік қызметке бет бұрғаннан кейін Алматы мен Астанадағы офисте отырмай аймақтағы қайнаған тіршіліктің ортасында пісу керек. Өңірді таңдағанда да қайнап жатқан оңтүстіктен артық аймақты таба алмайтын шығармыз. Жыл жылжыған сайын емес, күннен күнге дамып келе жатқан аймақтан үйренеріміз көп. Елбасының өзі айтқандай ірі орталықтардан кейінгі үшінші мегаполис осы Шымкент болмақ. Маңдайыма үш бірдей мегаполисте жұмыс істеу бұйырған екен, демек бұл мен үшін үлкен көзір. Мен мұнымен мақтанамын да. Оның үстіне барлығын да төменнен бастаған дұрыс деп есептеймін. Өзім Шығыстың тумасы болсам да мектепті 16 жасымда бітіріп кеткен соң, ол жақтың өмірінен қол үзіп қалдым. Шығармашылық жолда жүргеніме де 20 жылдай болып қалыпты. Төрт бірдей («Таң», НТК, «31канал», «Хабар») телеарнада, екі радиода жұмыс істедім. Екі жоғарғы оқу орнында студенттерге дәріс оқыдым. Ұсыныс та дер кезінде айтылды. Оның үстіне «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей бәрі орайы келе кетті. Әріптестерім, жанашыр ағаларым осы қызметті атқаруыма үлкен мектептен өтуіме кеңес берді. Мен де еш өкінбеймін.

– Ұсынысты журналистер айтатыны, көтеретіні белгілі. Бірақ оның кей-кезде жетер жеріне жетпей айтылған жерінде қалып кететіні бар. Енді сол ұсыныстарды жүзеге асыруға ықпал етуге мүмкіндігіңіз артты ғой. Сол мүмкіндікті пайдалана алып жүрсіз бе? Жүзеге асқаны қайсы?

– Өте орынды сауал. «Жартасқа бардым, айғайды салдым, баяғы жартас сол жартас» деген сияқты жылда журналистер қауымы ұлттық, елдік мәселелерді ұдайы көтергенімен көп жерде қолдау таппай жататыны рас енді. Мемлекеттік қызметте жүріп, көтерілген мәселелердің жүзеге асуына тамшыдай болса да үлес қоссам ол мен үшін үлкен бақыт. Мемлекеттік қызметті қалап келгенім де сондықтан. Көздеген мақсатымыздың, көтерген мәселеміздің жүзеге асып жатқандары да бар. Мысалыға, Тәуелсіздік күні аталып өтпей тұрып жаңа жылдық шыршаларды безендірмеу керектігін «31 канал», «Хабар»-да жүргенімде де талай мәрте айттық. Ұсыныс тастадық. Бірақ қолдау таппағаны рас. Айтылған жерінде қалатын. Кімде идея жоқ, кімде ұтымды ұсыныс жоқ? Қолына қалам ұстаған журналист қауымының бәрінде де идея бар. Бірақ соны қолдай білу, жүзеге асыру бірінші басшының қолында. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бұ жағынан өзгелерге үлгі боларлық. Біздің айтқан ойларымыздың халыққа қажеттігін түсініп оның жүзеге асуына өзі бас болып отыратынын айтуға тиіспіз. Екі жыл болды, алдымен тәуелсіздік күні аталып өтіледі, баннерлер ілінеді. Еліміздің ең басты мерекесі тойланғаннан кейін ғана 20-шы желтоқсаннан бастап шыршалар безендіріледі ОҚО-да. Екіншісі, наурызды тоғыз күн тойлау идеясы да қолдау тапты. Тоғыз күн тойлау дегенде жұмыс істемей үйде шалқайып жатып демалу емес, тоғыз күнге тоғыз түрлі атау беріп, тоғыз түрлі іс-шаралар өткіземіз. Мақсатымыз – бұрыннан бар наурызнаманы жаңғырту. Ағаш егу, сенбілік ұйымдастыру, жетім жесірге көмектесу, шүлен тарату, қарияларға қол қайырын беру сынды игі істер. Өткенде Ұлыс күні 9 күндік шараны қорытындылағанда аудан басшыларының алдында Асқар Исабекұлы : «Осындай игі бастаманы көтерген Беріктей азаматтарға рахмет айтамыз» деп атап өтті. Мен кейіннен сөз алып: «Идея барлығымызда да бар, тек соны жүзеге асыру тікелей өзіңізге байланысты» дедім. Шындығында да идеяны кім айтпайды. Мәселе оның жүзеге асуында ғой. Сол сияқты Алашорда үкіметінің 95 жылдығын республикалық деңгейде атап өттік. Оған белгілі алаштанушы ғалымдар, тарихшылар түгелдей қатысты. Конференциямыз өте жоғары бағаланды. Тіпті, көршілес Өзбекстан мен Қырғыстаннан да ғалымдар келіп қатысты. Осы жиында сөз алған мүйізі қарағайдай, тарихшы ғылымдарымыздың баяндамалары кітап болып басылып шықты. Бұл да үлкен еңбек. Бұл да айтылған жерінде қалып кеткен бір жолғы шаруа емес, жүзеге асқан ілкімді істердің бірі. Қазақ елі үшін аса құнды бұл жинақты біз кітапханаларға таратып бердік. Бұл да тікелей облыс басшысының қолдауымен жүзеге асқан істің бірі әрі бірегейі.

– Әлеуметтік желі Facebook –те аймақтардың ішінде алғаш болып облыс әкімдігінің парақшасын аштыңыз. Ол да сіздің идеяңыз ғой...

– Иә, қызметке келген күні бірінші болып әлеуметтік желіде облыс әкімдігінің парақшасын ашу туралы тапсырма бердім. Ол өз нәтижесін беріп те жатыр. Әлеуметтік желі журналистердің, бүкіл қоғамның жиі пайдаланатын құралы болып тұр ғой бүгінде. Қандай да бір газеттің сайтынан бұрын әуелі әлеуметтік желі арқылы сол сайтқа кіреді. Түрлі пікірталастың ортасы десе де болады. Біз үшін ол құрал. Сол құралды өзімізге тиімді пайдалануымыз керек. Тиімді пайдаланудың жолы тіркеліп, өзіміздің жасап жатқан жұмыстарымызды насихаттау. Сол арқылы жұмысыңды елге таныту. Сол жағынан алғанда үмітіміздің үдесінен шықтық деп ойлаймын. Аймақтардағы көптеген әріптестеріміз де осындай жүйеге көшті. Тіпті кейбір партиялардың да бізден кейін бір жылдан соң әлеуметтік желіде парақшаларын ашқанын көріп жүрміз. Ілгеріде Голливудта жаңа фильм экранға шықса одан бұрын сайттары ашылатын, оны жарнамалау үшін. Қазір қарап отырсақ алдымен сайт ашпайды, әлеуметтік желіде жеке парақшасын ашады. Твиттер болсын, Фейсбук болсын сол арқылы насихатталады. Өйткені бұл осы күнгі қоғамның талабы, заманға сай жұмыс істеу тәсілі. Елдің бәрі осыны тиімді пайдаланып жатса, ол - оң жамбасымызға келіп тұрса неге пайдаланбасқа? Атқарылып жатқан жұмыстардың халыққа жетуіне әлеуметтік желілердің көрсетіп отырған көмегі ауқымды. Оны мойындаумыз керек.

– Әкімдерді сынап, жергілікті билікке сойыл сілтегендердің кесірі көбіне баспасөз жетекшісіне тиіп жатады. Әкімқаралар мен тілшілердің арасында «алтын көпір» бола алдыңыз ба?

– Сын әрине алдымен шын болуы керек. Шын сын мені ширатады. Айтылып жатқан сындардың дер кезінде түзетіліп, жақсы жағына аууын қамтамасыз етуге атсалысамыз. Жасырып жабу жағында емеспін. Облыс әкіміне күнделікті БАҚ тарапынан қандай сыни мақала, сюжет берілді, соны көрсетіп отырамыз. Әкім сын айтылған салаға кім жауапты соған белгі қойып тапсырма береді. Дер кезінде түзетілуі үшін. Бұл тікелей қоғаммен байланысу, қоғамның қажеттілігін дер кезінде орындау. Кейбіреулер айтылған мәселе әкімге жетпей жатыр ма дейді ғой. Керісінше біз айтылған сын болса дер кезінде жою жолдарын қарастырамыз. Ал егерде жаңсақ айтылған болса, қайтадын сол БАҚ-қа шығып шындығы мынадай деп нақты ақпарат беруге тырысамыз...

Ал енді атқарып жатқан қызметіме сай мәселелерді жазатыным рас әлеуметтік желілерде. Ал, кейбірін астарлап жеткізуге де болады деп ойлаймын. Мысалыға оны алаштың ардақтылары, ғұламалардың нақыл сөздері арқылы айтуға болады. «Жөн білетін өгізге.....» дегендей... Шынайы айтылып жатқан ойларға Фейсбук арқылы қолдау білдіретінім рас. Пікір қалдырамын астына. Шамам келгенше «алтын көпір» болуға тырысып жатырмыз. Ең бастысы мұның барлығы қоғамға пайдасын тйгізсе деймін. Облысымызда республикалық барлық БАҚ-тың меншікті тілшілер қосыны бар. Олардың барлығының көңілінен шығу мүмкін де емес деп ойлаймын. Бірақ олардың сұрақтарына дер кезінде жауап алып беруге барымызды салып жүрміз. Қолдау көрсетеміз, тілін табуға бірлесіп жұмыс жасауға тырысамыз. Егер де әріптестермен тіл табыса алмасам мен бұл жерде екі жылдай отырмаста едім.

– Оңтүстік еліміздегі Алматыдан кейінгі БАҚ-тың ең көп шоғырланған аймағы. Оңтүстіктің журналистикасын қалай бағалайсыз?

– Баға берсем оның жауабын көбейтіп жіберермін. Бір-екі рет осы тақылеттес сұраққа жауап берем деп пікірлер көбейіп кеткені бар еді. Оны несіне жасырайын. Шындықты айтсаңыз жақпайсыз. Бар жерде солай. Мен тек оңтүстікті ғана айтпай шығысты, батысты айтсам ол жақтан да жау көбейтетінім рас. Кім өзінің бетіне айтқан шындықты жақсы көрсін? Өкінішке қарай, қоғамымыз әлі бұған дайын емес. Осы айтқандарымның өзі баға... Кейінірек кітап қып ойларым мен түйгендерімді шығарып жатсам міндетті түрде бұл туралы жазатын боламын.

– Жалпы қазақ журналистикасында күн түсуі тиіс көлеңкелі тұсы қайсы сіздіңше?

– Міржақып Дулатов ағамыз айтпақшы «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты». Қазақ журналистикасы кемеліне келді деп айта алмаймын. Өйткені барлығы салыстырмалы түрде ғой. Ауызбірліктің жоқтығы рас. Қазақ еліне қажетті, қоғамға қажетті айтылуы тиіс нәрседе ауызбіршілік танытпайды. Бұл бұрыннан да айтылып келе жатқан дүние. Әлі де айтыла берер. Қазақ баспасөзі өзара дүрдараздықтарын жиып қойып ұлттық мәселеге келгенде бірігіп кетуі керек. Ұлттық, елдік мәселелерді көтеретін тек қазақ газеттері екені де рас. Арзан сенсация қуып кетпей осы жағына назар аударсақ. Журналист ұлт араздығын қоздыратын мәселелерден абай болуы қажет. Бұл мәселеде «жеті рет өлшеп, бір кескен жөн». Мысылы қылмыскерде ұлт болмайды. Соны ұлтын түстемей жазуы керек. Бұл өте жіңішке мәселелердің бірі. Сол мәселелерді ажырата білуі керек. Мұндайды журналист арқасымен сезініп, түйсінгені абзал. Сондай-ақ талайдан бері айтып келем, әлі де айта берем , Біздің тележурналистика арзан шоуға айналып бітті. Қазір әртістердің, әншілердің айы оңынан туып тұр. Кеше ғана бір жоба экранға шықты. Тағы да сол әншілерді насихаттау. «Жұлдызды дода» жобасын айтып отырмын. Адамның интеллектуалдық деңгейін көтеретін, ой өрісін дамытатын бағдарламалар жоқтың қасы. Сол себептен бүгінгі тележурналистиканың деңгейін көрермен көріп біліп отыр. Шынымды айтсам көп жылдар телеарнада жұмыс істеген тележурналист ретінде кейде көрермендерден ұяламын да. Қазір әншілердің енді жаңалықтар жүргізуі ғана қалды. Жалпы әріптестерімді аяймын да... Ащы да болса шындық осы. Әркім өзінің жақсы білетін нәрсесімен ғана айналысуы керек қой. Бүйте берсек енді сараптамалық бағдарламаларды да әншілер жүргізгенін көріп қалармыз, жасырып жабары жоқ. Батыстың, Ресейдің, Түркияның телехабарларын көріп отырсаң жасы ұлғайған, тәжірибесі мол, ақыл тоқтатқан көрерменге сенім ұялататын адамдар хабар жүргізеді. Ал біздекерісінше бәрі. Жастарды эфирге тартқан да дұрыс шығар. Дегенмен де көрерменді иландыру оларды сендіру үшін айтқан сөзі орнықты, айтып отырған сөзін тыңдата, өткізе алатын жүргізуші керек бізге. Ал бізде сараптамалық хабарлардың өзін көргенде тап бір жастардың телешоуын көріп отырғандай әсерде қаласың. Айтып тұрғанына қанша жерден тырыссаң да илана алмайсың. Ресми жаңалықтарды салмақтандыру керек сияқты. Мәселе жаңалықтың қаншалықты сенсациялығында емес, мәселе сол ақпарат кімнің аузынан шығып отыр, кім жеткізіп отыр, мәселе осында. Осы жағына назар аударса дегендік менікі. Күні кеше ғана Ақпарат агенттігіне жаңа басшысы тағайындалып орынбасарлары жаңарып жатыр. Солар енді осы мәселеге назар аударса деймін де. Әрине бұл менің жеке пікірім.

– Сіздіңше интернет форумда мәдениетті пікір қалдыру қашан қалыптасады? Әлде бұл мүмкін емес пе?

– Өкінішке қарай, әлі күнге дейін пікір қалдыру мәдениеті қалыптаспай отыр. Әлеуметтік желі болсын, түрлі сайттар өсек аяңның отын өршітіп отыр. Жеке адамның өміріне қол сұғып, оған әртүрлі өсек таңады. Мақаласымағын жазады да соңын ашық етіп қояды. Оған әркім кіріп пікір қалдырады. Біреу жақсы айтар, біреу тіпті шектен шыққан сөздерді жазып тастайды. Пікір қалдырғандардың 90 пайызы өз атынан емес, жасырын немесе өзгенің атынан шығып от көсейді. Негізі тіркеліп, нақты атымен шықса. Әншінің, футболшының суретін қойып пікір жазады. Әлеуметтік желіде менің атыма түрлі пікір жазғандар да болды. Мен оған көптің көзінше телефон нөмірімді қалдырып, кім екеніңді айт, хабарлас жолығайық дедім, жоқ болды. Демек тығылып жазып отырған өзгенің қолымен от көсеушілер. Онсыз да тәуелсіздігімізді кеше ғана алдық. Мемлекететіміздің тәуелсіздігін нығайту жолында жүрген кезде азаматтарымыздың бір-біріне жауласу жағында емес, қайта ұлт болып ұйысу жағына ойысса екен деймін. Сонда ғана нығаю, кемелдену кезеңіне өтеміз. Қазір біз бір-бірімізді нұқып, жауларымызға осал тұсымызды көрсетіп бергеннен гөрі өзімізді өзіміз жаттай сыйласақ. Елдің айрандай ұюын ойлауымыз қажет. Тек қана тілшілер емес, қолына қалам ұстап пікір жазатын азаматтардың барлығы да осы бір қағиданы ұстанса деймін.

– Әр сөздің астарына үңіліп, сынықтан сылтау іздеген кейыбір жазғыштардың сойылынан шаршамадыңыз ба? Алғаш қызметке кіріскен кезіңізде біраз сын садағына ілді ғой...

– Шыны керек алғашында мен үшін бұл да бір белес болды. Мұны да көру керек. Алдында Алматы, Астанада жүрген кезде ондағы журналистер мұндай жабайы сынды (мен мұны жабайы сын деп атаймын) көрмеген екенбіз. Дәлелсіз, дәйексіз сын айтқан азаматтарды «Отырар» телеарнасы арқылы тікелей эфирге дебатқа да шақырдым. Тасада тұрып тас атқанша, тисе терекке, тимесе бұтаққа деп ұрғанша одан да кел сұрағыңды қой, жауап берейін дедім. Демократиялық қоғамда солай болуы керек негізі. Басында түсінбей, қынжылып жүрдім. Бокстың тілімен айтқанда «кіндіктен төмен ұру» дейді ғой сондай секілді көрінді. Сын шын болса оны қабылдайсың ғой, кем-кетігіңді түзетуге тырысасың. Ал негізсіз болса әрине қапаланасың. Адам жалпы, жеміс беріп тұрған ағашқа тас лақтырады ғой, жемісі жоқ ағашта кімнің шаруасы бар? Яғни, менің жұмысым жүріп жатыр деген сөз...

– Департамент басшыларынан сұхбат алайық десек «Берік Уәлиден рұқсат алып келіңдер» дейді кейбірі. Бұл қайдан шыққан бұйрық?..

– Басында басқарма басшылары қайта сұхбат беруден қашатын. Облыс әкімінің ақпараттың халыққа жылдам жетуі үшін ұйымдастыру жағын мен арқылы шешсін деген тапсырмасы бар. Қандай да бір сұхбат берілуі керек болса орталықтандырылған жүйе болуы керек. Қандай басқарма болса да ол бәрібір Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің атынан берілген мәлімдеме болып есептеледі. Сол бағытта жасалған қадам. Егер кез-келген тілші маған хабарласса мен оның мәселесін тез арада шешіп, сұхбат ұйымдастырып беруге тырысамын. Ақпарат ертең, кешке дегенді күтпейді. Уақыт өтіп кетсе оның құндылығы жойылатыны белгілі. Сондықтан да кез-келген басқарма басшысына тапсырма береміз ол сұхбат беруге міндетті. Тілшілердің жағдайын жақсы түсінемін. Сол себептен де жылдам шешілуін қалаймын. Осы сөзімді әріптестерім қуаттайды деп ойлаймын. Өтірік десе айтсын.

– Өзге өңірдегі кейбіреулер Шымкент десе шекелері тырысып қалады. Күнгейліктердің «тілін» қалай тауып жүрсіз?

– Мен бір күнгейліктердің тілін табайын деп сол бағытта сол ұстанымды ұстанып жүргенім жоқ, менің барым осы. Әр уақытта ашық жарқын айтатын ойымды шынайы жеткіземін. Оны бір көңілін тапқандық деп ойламаймын. «Бетпе-бет» бағдарламасындағы айтатын сөзім бар еді білесіздер, «Әрқашан бетіміз жарық, жүзіміз жарқын болсын» деген. Сол секілді басқа жерде айтқан сөзің мен сол уақытта көзіне айтқан сөзің бірауызды болуы керек. Біреудің ала жібін аттаған кезім жоқ. Мендегі принцип: еңкейгенге еңкей, шалқайғанға шалқай.

Ал, Шымкент десе басқа өңірдегілердің кірпідей жиырыла қалатыны рас. Оны көріп те жүрміз. Бұл жерде БАҚ-ың ықпалы зор. Обыста БАҚ өте көп, кейбірі арзан сенсация қуалайды да айқайлап тұрғанымен, қауызында дәні жоқ дүниелерді көбірек береді. 2 грамм героинмен ұсталса соны жаһанға жар салады. Ол тек бізде ғана ұсталмайды ғой. Басқа облыстарда да бар. Содан келіп «Әне, не шықса да Шымкенттен шығады» деп айтады. Жол апаты тек Шымкентте ғана бола ма, жоқ әлде жол ережесін республика бойынша тек осында ғана бұза ма? 3 миллионға жуық халқы бар өңір болғаннан кейін әрине 300 мыңнан астам халқы бар облыстарға қарағанда 10 есе әр түрлі оқиғалар да болып тұратыны рас. Халықтың санына қарай қылмыс та өзге өңірлердегідей емес көбірек орын алып жатады. БАҚ көп болғаннан кейін соған сай орталыққа жаңалықтар жіберіп отырады. Біздің тұзымыз жеңіл. Көп ілініп кететіні де содан. Және Шымкентті әжуә қылатын әзіл-ысқақ театры да көп бізде. КВН-щиктер де тұзы жеңіл оңтүстікті әзілдеріне қосуға құмар. Олардың да Шымкентті елге жанманатты қылып көрсетуге ат салысып жүрген жайы бар. Әрине Шымкенттің жақсылығы да көп. Бірақ жақсылықты жар салып жария қылып жатқандар аз да, көбіне әлгіндей хабарлар тез тарап кетеді. Сондықтан жақсы жақтарын да көбірек насихаттасақ. Мысалы еліміздегі жылыжайлардың 87 пайызы біздің облыста орналасқан. Респубикадағы тамшылатып сурарудың 72 пайызы бізге тиесілі. Жылына ОҚО-да кемі жаңа 50 мектеп салынады. Денсаулық сақтау саласы бойынша 50-ден астам нысан салып пайдалануға беріп жатқан да біздің облыс. Күні кеше отандық кәстөм шалбарларды иығымызға ілдік. Бұл да шағын және орта бизнеске жасалып жатқан қолдаудың нәтижесі. Жылда жеміс-көкөніс және бақшадан рекордтық өнім жинап жатырмыз. Жақсы жағы мен жаман жақтарына келгенде таразы басын тең ұстаса дегендік біздікі. Кеше ғана Төлеби ауданында 6 000 мың түп ағаш отырғызылды. Ал сол күні Астана қаласында 6 000 түп отырғызылыпты. Біздің бір ғана ауданда осыншама көшет отырғызылып жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан жерлестеріміз «Менің ауданымда осындай игі шаралар атқарылып жатыр, қандай тамаша» деп хабарласып жатады. Егер менің туған жерімде бір түп көшет отырғызылса әрине мен де қуанамын. Жұмыс жасалып жатыр. Бәрін жоққа шығаруға болмайды. Соңғы 5 жылда 233 елдімекен яғни 854 мың тұрғын ауыз сумен қамтылды. Сондай-ақ, 123 елдімекен немесе 333 мың халық табиғы газбен қамтамасыз етілді. Бірақ соны көрерге көз керек. Жақсыны елемейміз, жаманға елең ете қаламыз. Кеше ғана ескі статистикамен 37 апатты мектеп бар деп көрсетіп жатыр. Ал шындығында Қарабұлақтағы мектептерде жақын орналасқан мектептерге оқушыларды бөлсе мәселе шешіледі екен. Олар өздерінде штат ашу үшін қитұрқы әрекеттерге барып отыр. Жалпы 5 жылда 256 мектеп салынды Асқар Мырзахметовтың кезінде. Оны неге айтпаймыз? Республикадағы салынып жатқан білім беру нысандарының үштен бірі біздің облысқа тиесілі. Әрине жақсы көрсеткіш қой. 5 жылда 246 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Мақтадан рекордтық өнім жинап жатырмыз. Мұның бәрі мақтануға тұрарлық-ақ дүние. Айтсаң мақтанғандай боласың, Айтпайын десең ішіңе симайды. (күледі).

Гүлжан Көшерова
Мәлімет көзі: Аlashainasy.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив