KZ
Өскемен
+12°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОБ
448.15 483.46 4.86

Көктемгі сенбіліктер айлығы басталды

6.04.2014, 18:00 194



Шығыс Қазақстан облысында көктемгі сенбіліктер айлығы басталды. Екі айға созылатын тазалық акциясы барысында жылдағы дәстүр бойынша аймақтың барлық елді мекендерінде көркейту, санитарлық тазалау және көгалдандыру жұмыстары қолға алынып, мыңдаған ағаш көшеттері отырғызылмақ. Өткен сенбіде Өскемен мен Семей қалаларында жалпыаймақтық тазалық науқанының алғашқы сенбілігі болып өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бұл жолы облыс орталығында ұйымдастырылған тазалық іс-шарасына үш мыңға тарта адам қатысыпты. Оларға көмек ретінде тракторы, жүк көлігі бар, ұзын саны 35 техника жұмылдырылды. Жалпы, бұл күні күн райының қолайсыздығына қарамастан, тазалық акциясы аса нәтижелі болды деуге толық негіз бар. Оған шаһардан 530 текше метрге таяу тұрмыстық қалдықтардың шығарылуы, сегіз мың шаршы метрді құрайтын аумақтың қоқыстан арылуы дәлел.

Бұл жолғы сенбілік негізінен қала көшелерін тұрмыстық қалдықтардан арылтуға бағытталғанын айта кеткен жөн. Алдын ала жарияланған хабарландыруға құлақ асып, қолдарына сыпырғыш пен күрек алып шыққан жұртшылық үйлерінің айналасын, көше бойларын түрлі қоқыстан тазалауға бел шеше кірісіп кетті. Мысалы, жаңбырға қарамастан, қаланың Күленов кентіндегі Ә.Молдағұлова көшесінің тұрғындары сенбілікке ерекше белсенділікпен шықты. Жергілікті №12 өзін-өзі басқару комитетінің директоры Мәншүк Қайырбекованың айтуынша, бұл жолы тазалық акциясына 100-ге тарта адам қатысыпты. Олардың арасында түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, тіпті, студенттер де бар.

Сонымен қатар, бұл күнгі сенбіліктен Жібек маталар комбинаты ықшамауданындағы облыстық ана мен бала орталығының ұжымы да қалыс қалмады. Дәрігерлер қара жұмысқа да икемді екенін байқатып, аумағы атшаптырым мекеменің айналасын тап-тұйнақтай етіп жинапты.

Қаланың іргесіндегі Комсомол аралында жастар ұйымдары-ның өкілдері мен студенттер де ауқымды тазалық шарасын өткізді. Айта кету керек, болашақта мұнда «Ақылды қала» жастар кешені бой көтермек. Облыстық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Маржан Бақыттың айтуына қарағанда, осы жолғы сенбілікке негізінен С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенттері қатысыпты. Ал өзге оқу орындарының студенттері келесі жолғы тазалық акцияларына жұмылдырылмақ.

– Былтыр облыс Әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Комсомол аралында жастар қалашығының іргетасы қаланғанын білесіздер. Жалпы, облысымыз бен қаламыздың жастар ұйымдары, студенттері үшін мұндай кешеннің пайда болуы сөз жоқ, өте маңызды. Сол себепті болашақ қалашықтың орнын күтіп ұстауға мүдделіміз. Бұл жерге келіп, тазалық акциясына қатысу жас буын өкілдерінің парызы деп білеміз, – дейді ол.

Бұл күнгі сенбілік аясында «Таза жағалау» акциясы да ұйым-дастырылғанын айта кеткен жөн. Студент жастардың бастамасымен қолға алынып отырған акция Ертіс және Үлбі өзендерінің жағалауларын тұрмыстық қалдықтардан арылтуға бағытталған.

Тазалық айлығының алғашқы сенбілігіне Семей жұрты да белсенділікпен атсалысты.

Жалпы, қазір Семейдегі ең маңызды мәселелердің бірі – қала көшелерін көркейтіп, абаттандыру. Сондықтан да сенбілікке қатысу – қаланың барлық тұрғындарына ортақ мәселе.

Ал тұрғындардың ынталылығын арттыру және сенбілікті өз деңгейінде өткізу үшін тазалық айлығы кезінде арнайы байқаулар жарияланып, түрлі сыйлықтар табысталатындығы хабарлануда. Сенбілік барысында қала көшелері мен аулалары қоқыстан тазартылып, жиектастар мен тал-теректер түбі әктелмек, жас көшеттер отырғызылмақ. Бұл жұмыстарға шаһардың барлық мекемелері мен ұйымдары, тұрғындар өз үлестерін қосуда. Осы жолғы сенбілікте әсіресе, студенттер мен мектеп оқушылары белсенділік танытты.

– Тазалық жұмыстарына қолда бар техника түгелдей жұмылдырылды. Жұмыстарға қажетті қаражат та бөлінді. Бірақ бұл істі тұрғындардың көмегінсіз бітіру мүмкін емес. Сондықтан да тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі семейліктерге арнап үндеу жариялады. Өз кезегінде қала жұртшылығы үндеуге құлақ асып, өз үлестерін қосып жатыр. Студенттер мен мектеп оқушылары, түрлі мекемелер қызметкерлері газондар мен жолдарды тазалап, ағаш-талдарды әктеп, белсенді еңбек етуде. Қазір 40 жүк тиейтін және таситын техникамыз бар. Сонымен қатар, Семейдің ірі кәсіпорындары өз көліктерімен де қоқыстарды тасымалдап, шығарып жатыр, – деді қалалық әкімшілік қызметкері М.Рамазанов.

«Жұмыла көтерген жүк – жеңіл» демекші, қаладағы №16 мектеп оқушылары да тазалық акциясынан шет қалмады. «Тәртіп тазалықтан басталады» деді жұмыс барысында өз пікірлерімен бөліскен олар.

Сенбілік барысында аулаларда ағаш көшеттері отырғызылып, гүл өсіру алаңдарын ретке келтіру жұмыстары атқарылды. Жалпы, қаланы көріктендіру, көгалдандыруды мақсұт тұтқан сенбіліктің қорытындысы көңілден шығарлықтай болды деп айтуға толық негіз бар. Мұндай сенбіліктер алдағы уақытта да жалғасын табады.

Нұржан Кенжеұлы,
Раушан Нұғманбекова
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив