KZ
Өскемен
+3°
дождь жел 2,5 м/с, ОШ
448.15 483.46 4.86

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев студенттермен кездесті

27.03.2014, 18:00 186


Қасым-Жомарт Тоқаев

Бүгін Семей қаласына ресми іс-сапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауын насихаттау мақсатында Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетіне ат басын бұрып, студенттермен кездесті.

Кездесуге ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің ректоры Әмірбеков Шәріпбек Ағабайұлы, Семей қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Исабаева, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғалия Жақыпқызы, сонымен қатар университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, БАҚ өкілдері қатысты.

Алқалы жиында сөз алған Жоғарғы Палатаның төрағасы ең алдымен бұл кездесудің Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс келгенін айта келе, жиналған қауымды Наурыз мейрамымен құттықтап өтті.

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев студенттермен кездесті

Елбасының Қазақстан халқына жолдауының негізгі басым бағыттарына тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы « «2050 стартегиясы» – ең алдымен, халықтың әл-ауқатын арттыратын кешенді бағдарлама. Елбасы жолдауын жүзеге асыратын да, оның жемісін көретін де жігерлі жастар. Сондықтан, мемлекет көшбасшысының бұл бағдарламасын іске асыруға ел жастары белсенді түрде атсалысады деп сенемін», - деді.

Еліміздің ертеңі – бүгінгі білімді жастар. Бұл ретте жастарға қолдау, әлеуметтік көмек көрсету, оларды жұмыспен қамту мақсатында «Жастар саясаты жөніндегі заңнама» қарастырылып жатқанын атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Біз ел дамуының жаңа белесінде тұрмыз. Қазақстанның әр азаматы жақсы өмір сүруге құқылы. Тек өз Отанын шын сүйетін адам ғана елбасының алға қойған мақсат-мүдделері мен міндеттерін іс жүзіне асырып, орындауға талпынады. Қазақстан – 2050 стратегиясы – ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Қазақстанды әлемдегі қуатты, дамыған елге айналдыру өз қолымызда» дей келе, Қасым-Жомарт Тоқаев студенттердің оқуына сәттілік, ұстаздардың еңбектеріне жеміс тілеп, өз сөзін түйіндеп, еңселі еліміздің өркендеуіне тамшыдай үлес қосып жүрген бір топ студенттерді Алғыс хаттармен марапаттап, сый-сияпат табыстады. Олардың қатарында инженерлік технологиялық факультеттің 4 курс студенттері Гордиенко Наталья, Ермек Мұсатаев, 3 курс студенті Ботакөз Тұрғазина, Аграрлық факультеттің 2 курс студенті Ақерке Досмағанбетова және Физика-математика факультетінің 3 курс студенті Ержан Жұмаділов бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев студенттермен кездестіҚасым-Жомарт Тоқаев студенттермен кездесті

«Машина жасау технологиясы» мамандығы бойынша білім нәрімен сусындап жүрген Ботакөз Тұрғазина кездесуде сөз алып, 2 жыл бойы Германияның техникалық университетінде оқып, мол тәжірибе жинақтағанын айтты. Енді алдағы уақытта ол ел экономикасын дамыту жолында машина жасау саласына сүбелі үлесін қосып, ел алдындағы абыройлы міндетін атқармақ ниетте.

Астанадан ат арытып келген спикер Қасым-Жомарт Кемелұлымен кездесуге келген ұстаздар қауымы атынан ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Арап Еспенбетов сөз сөйледі. Сөз барысында профессор «Мәңгілік ел – елдің барлық азаматтарын біріктіретін идея, тарихы ерек құжат. Оны жүзеге асыру – парыз. Осы орайда Шәкәрім университетінің ұстаздары бір кісідей жұмылып, елбасы жолдауында көрсетілген айқын міндеттерді орындау жолында еңбек етуде. Университет шетел профессорларымен бірлесіп, білікті кадрларды даярлауда күш салып жатыр»,-деді.

Жиынды қорытындылай келе, университет ректоры Шәріпбек Ағабайұлы тағылымы мол бүгінгі кездесу студенттерді жақсы істерге бастайтынын айтып, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға зор алғысын білдірді.

Жібек Серғазы
суреттер автордікі
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив